Кеш қонақтары сахна саңлақтарының шығармашылығына арналған көрмені аралады. Онда сахналық киімдері, спектакльдердегі рөлдерінен фотосуреттер, жалпы өнерлеріне қатысты басқа да бұйымдар қойылды.
Сахнада құттықтау сөз сөйлеген Бейбіт Исабаев қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қос саңлақтың еңбегін ерекше атап өтті.
«Сіздердің өмір жолдарыңызды Бикен Римова атындағы театрдан бөліп қарау мүмкін емес. Ең алғаш осы театрдың іргетасын қаласып, сахна шымылдығын ашқан, табан аудармай жарты ғасыр бойы өнерге қызмет етіп келе жатқан сіздерге жетісулықтардың атынан ерекше ризашылығымды білдіремін», деді Бейбіт Исабаев.
Абай атындағы опера және балет театрының өнерпаздары, «Иль-Канто» квартеті, «Қоңыр» тобы әннен шашу шашты. Жетісулық өнер ұжымдары әртістерінің орындауында Алмахан Нұрпейісқызының өлеңдері оқылып, «Дәнеш аға», «Фариза», «Қызыма» секілді бірқатар әні орындалды. Қос актер түскен «Көшпенділер», «Бір уыс бидай», басқа да фильмдерден, телехабарлардан үзінділер берілді.
Еске салсақ, қос актер Шолпан Жандарбекованың сыныбын бітіріп, алғашқы еңбек жолын жаңа құрылған Талдықорған театрында бастап, елу жыл сахнаға адал қызмет етіп келеді. Театр ұжымы өткізген бұл мерейтойлық іс-шара ұлттық сахна өнерінің дамуына зор үлес қосқан майталман тұлғаларды дәріптеу, олардың бай шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау және жас актерлерге өнеге етуді мақсат етті.