Тұлға • Бүгін, 08:35

Біртуар ғалым биігі

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толғаны Қызылжардағы С.Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапхана мен «Абылай ханның резиденциясы» музей-кешенінде аталып өтті.

Біртуар ғалым биігі

Кітапханадағы кездесуде Шоқанның өз шығармалары және ол туралы жазылған ғылы­ми, әдеби еңбектер көрмеге қойылды. Отызға толмаған жа­сында әлемдік ғылымға үлес қос­қан Шоқанның академик Әлкей Марғұлан құрастыр­ған алты томдық толық шы­ғармалар жинағы кімге болса да әсерлі екені даусыз. Соның ішінде бұрын Еуропа елдері мен Ресейге құпия болып келген Қашқар сапарынан жазған «Алты шаһар елі туралы» еңбегі өзінің маңызын әлі күнге жоймаған. М.Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Қазақстан тарихы және құ­қық кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Злиха Бимақанова ғалымның осы еңбегіне тоқ­талып, оның маңызын жи­нал­ған жастарға тереңнен қаузап жеткізуге тырысты. Ал осы универси­тет­тің жанынан ашылған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Петропавл филиалының директоры Нұрболат Әбуов Шоқан тағылымын зерттеу барысындағы ғылымның бү­гінгі қол жеткізген табыс­тары­на тоқталды. Сондай-ақ ­Ұлт­тық Ұлан академиясы­ның жал­пы білім беретін пән­дер кафед­расының оқыту­шысы, магистр Марат Мәлі­баев та Шоқанның Қаш­қария мен Қоқандағы миссия­лары тақырыбында баяндама жасады.

Кеш соңында Шоқан Уәлиханов туралы әңгіме­лер­ден жас ғалымның атақты Саққұлақ бимен болған диа­логінен Ұлттық Ұланның ­курсанттары тамаша қойылым көрсетті.  

Ал «Абылай ханның резиденциясы» музей-кешеніндегі кешке тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық Ғылым ака­демиясының академигі, атақты абылайтанушы Болатбек Нәсе­нов қатысып, Шоқан, Абылай өмірлерінен жұртқа белгісіз қызықты деректер айтты. Ол Шоқан өлімінің құпиясы әлі ашылмағанын жеткізді. «Аға сұлтанның баласы, тұрмыстық жағдайы өте жақсы адам құрт ауруынан қаза болған дегенге сену қиын. Талай адамдар қазақ емінің, қымыздың құді­ретімен жазылып кеткенде Шоқан да жазылуы керек еді ғой» дей келіп, өзіне бір орыс ғалымының  құпия жағдайда шындықты айтқанын жеткізді. «Бірақ әлгі деректі дәлелдеу қиын, ешқандай құжат біздің қолымызда жоқ» деді ғалым. Ал белгісіз ғалымның айтуына қарағанда, Шоқан оқтан қаза тапқан. Жанындағы үш офицермен келе жатқанда айдалада бір қазақ кездеседі. Соны желөкпе орыстың бірі сөзін түсінбегеніне бола атып тастайды. Бұған қатты намыстанған Шоқан әлгі офицерді атып өлтіреді. Ал үшінші офицер Шоқанды атады. Сөйтіп, қайдағы бір ұсақ жанжалдың кесірінен ұлы ғалым қапияда қаза болған екен-мыс...

Шоқанға байланысты осын­дай қызық әңгімелер айт­қан атақты ғалымды кешке жи­нал­ғандар ықыласпен тыңдады.   

 

ПЕТРОПАВЛ