Банк • Бүгін, 17:56

Halyk Bank акциясының бір бөлігі сатылатын болды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің жетекші қаржы институты – Halyk Bank-тің мажоритарлық акционері «АЛМЭКС» холдингі өз үлесінің бір бөлігін сату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім банк өтімділігін арттырып қана қоймай, отандық капитал нарығын жандандыруға да әсер етуі мүмкін, деп жазады Egemen.kz.

Halyk Bank акциясының бір бөлігі сатылатын болды

Бүгінде «АЛМЭКС» холдингі банктің 69,48 пайыз жай акциясына және 56,39 пайыз жалпы үлесіне иелік етеді. Ал The Bank of New York номиналды түрде 22,66 пайыз акцияны ұстап отыр. Бұл шешім халықаралық тәжірибеде жиі қолданылатын тәсіл – екінші реттік акция сату арқылы өтімділікті арттыруға бағытталған. Сарапшылардың айтуынша, мұндай қадам жаңа инвесторларды тартуға, банктің капитал нарығындағы айналымын кеңейтуге және қаржы институтының беделін күшейтуге жол ашады.

2025 жылдың маусым айындағы дерекке сүйенсек, Halyk Bank активтері 19,6 триллион теңгеге жетіп, елдегі ең ірі кредитор мәртебесін сақтап отыр. Банк 543 филиал мен бөлімшеден тұратын кең желіге ие және өз қызметін Грузия мен Өзбекстанда да жүзеге асырып келеді. Базалық капиталдың жеткіліктілік коэффициенті 18,1 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Бұл банкке тұрақты несие саясатын жүргізуге және акционерлерге тұрақты дивиденд төлеуге мүмкіндік береді.

Қаржы сарапшыларының пікірінше, Halyk Bank акциялары бүгінде Қазақстан нарығындағы ең өтімді бағалы қағаздардың бірі саналады. Банктің ашық қаржылық есептілігі, тұрақты табыстылығы және нарықтағы беделі инвесторлар сенімін арттыра түседі. Сарапшы Нұрлан Айдосовтың айтуынша, «мұндай шешім банк үшін стратегиялық тұрғыдан тиімді. Ол тек Halyk Bank-тің өзіне емес, жалпы отандық қор нарығына серпін береді».

Экономистер «АЛМЭКС» холдингінің бұл бастамасы қысқа мерзімді табысқа емес, ұзақмерзімді инвестициялық тұрақтылыққа бағытталғанын айтады. Акциялардың өтімділігін арттыру арқылы банк капитал нарығында ашық әрі икемді ойыншы ретінде өзінің халықаралық имиджін күшейте түседі. Сарапшылар бұл қадам Қазақстанның қаржы секторындағы инвестициялық ахуалды жақсартуға және елдің экономикалық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді.