Футбол • Бүгін, 07:45

Тегеурінді командаға төтеп берді

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматының «Қайрат» клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші матчын өткізді. Сырт алаңда «Интер» (Милан, Италия) командасына қарсы ойында тағы да жеңіліс тапты.

Тегеурінді командаға төтеп берді

Милан қаласының «Джу­зеппе Меацца» стадионында өткен ойын 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. 45-минутта «Интердің» футболшысы Лаутаро Мартинес есеп ашты. Екінші таймда да миландықтар әбден қыспаққа алды. Қақпашы Темірлан Анарбеков бірнеше соққыны сәтті қайтарды. Қорғаныстағы ойыншылар да абдыраған жоқ, қарсыластың шабуылынан барынша қорғана білді. 55-минутта команда капитаны Офри Арад таразы басын теңестірді. Израильдік легионер Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде өткізген матчтарында гол соқтырмай келе жатқан «Интердің» қақ­пасынан саңылау тапты. Дегенмен көп ұзамай, 67-минутта Карлос Аугусто командасына жеңіс голын тарту етті.

«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин «Ин­терге» қарсы ойыннан кейін пікірін білдірді.

– Біз әлемнің үздік клуб­тарының біріне лайықты қарсылық таныттық. Олар өткен маусымда Чемпиондар лигасының финалында сү­рінді. Өте тегеурінді ұжым­ның шабуылына төтеп бердік. Келесі матчты да сырт алаңда өткіземіз. Оған дейін үш аптадай уақыт бар. Жігіттер тынығып, жарақатынан айы­ғып командаға күш қосады, – деді бас бапкер. 

«Қайрат» бұған дейін Португалияның «Спортинг» командасынан, Испанияның «Реал Мадрид» клубынан ірі есеппен жеңілді. Кипр­дің «Пафос» клубымен тең түсті. Алда әлі төрт матч бар. 26 қарашада Данияда «Ко­пенгаген» клубына қарсы ойнайды, 9 желтоқсанда өз ала­ңында Грекияның «Олим­пиакос» ойыншыларымен
тар­тысқа түседі. Келесі жылдың 20 қаңтарында Бель­гияның «Брюгге» клубын қабылдайды да, 28 қаңтарда сырт алаңда Англияның «Ар­сенал» клубына қарсы ойнайды.