Жетісудың басты артықшылығы – инфрақұрылымдық әлеуеті мен экономикалық тұрақтылығы. Облыста өндіріс, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларында ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау мен жеңілдіктердің нәтижесінде өңірге шетелдік, отандық компаниялардың қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелі (KGIR-2025) аясында Жетісу облысының делегациясы өңірдің экономикалық әлеуетін таныстырып, шетелдік инвесторлармен маңызды келісімдерге қол жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов бастаған топтың нәтижелі кездесулері барысында жалпы құны 34 млрд теңгеден асатын төрт меморандумға қол қойылды. Бұл келісімдер алдағы уақытта 800-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, олар – Бельгия, ҚХР, Пәкістан инвесторларымен бірлескен «Envision KKS» ЖШС-нің «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында жел генераторларын (WTG), энергия сақтау жүйелерін (BESS) өндіретін зауытының құрылысы, «Каусар-Карго» ЖШС-нің Панфилов ауданында халықаралық автовокзал салу жобасы, «STS Jetisu» ЖШС-нің «Талдықорған» индустриялық аймағында SPC үлгісіндегі еден жабынын шығаратын зауыттың құрылысы, «Saron Kazakhstan» ЖШС-нің «Нұр жолы – Қорғас» өткізу пунктінде айналма жол мен көлік-логистикалық орталықтың құрылысы жөніндегі жобалар.
– Компанияның жобасы Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан Қорғас аумағында іске асырылады. Біз Қытайдан Қазақстанға, Әзербайжан мен Өзбекстанға жел генераторларын тасымалдаумен айналысамыз. Көлік өткізу бекетіндегі кептелістерді азайту, жалпы автомобиль өткізу пунктінің жұмысын жеңілдету мақсатында жергілікті атқарушы органдарға айналма жол мен «Нұр жолы – Қорғас» өткізу пунктінде көлік-логистикалық орталық салу жөнінде ұсыныс жасадық. Бұл айналма жол учаскенің өткізу қабілетін 2-3 есеге арттырып, қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, – деді бельгиялық «Saron Kazakhstan» ЖШС компаниясының президенті Людо Саренс.
Жобалары туралы пәкістандық «STS Jetisu» ЖШС компаниясының директоры Афтаб Танвир де қысқаша айтып берді.
– ТМД аумағында жұмыс істеп келе жатқанымызға 20 жылдай уақыт болды. Соның ішінде Қазақстандағы алғашқы жобамызды Жетісу облысының аумағында бастағалы отырмыз. Яғни қабырға мен еденге арналған SPC панельдерін шығару жобасын қолға алдық. Бізге көрсетілген қолдауларға ризашылығымызды білдіреміз, – деді ол.
Қытайлық инвесторлар облыс аумағында екі жобаны іске асырмақшы. «Каусар-Карго» ЖШС-нің өкілі Лун Шуньциннің айтуынша, компания Панфилов ауданында көлік-логистикалық хаб жобасын жүзеге асыра бастайды. Яғни халықаралық автовокзал, уақытша сақтау қоймасы, газ-турбиналық станса, сауда-ойын-сауық орталығы сияқты бірқатар нысандарын салады. Сол сияқты «Envision KKS» ЖШС «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында жел генераторларын өндіретін зауыт жобасын қолға алып жатыр. Жаңа зауыт ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, жаңартылатын энергия көздеріне арналған жабдықтарды импорттау тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жобалау мен өндіруден бастап, жаңартылатын электр стансалары мен энергия сақтау жүйелерін пайдалануға дейінгі кешенді техникалық қолдауды қамтамасыз етеді.
– Жетісу облысы халықаралық әріптестіктің аясын белсенді түрде кеңейтіп келеді. Облыс құрылғаннан бері өңір экономикасына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылып, бұл 135 жобаны іске асыруға, 3,8 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Мәселен, қазірде Германия компаниясымен бірлесіп халықаралық жүк-жолаушы әуежайының құрылысы басталса, Чили компаниясымен бірге тау-кен өнеркәсібіне арналған диірмендік шар өндіретін зауыттың құрылысы қолға алынған. Сондай-ақ Бельгия, ҚХР, Пәкістан инвесторларымен жаңа келісімдер жасалды. Аталған бастамалар өңірдің өнеркәсіптік, экспорттық әлеуетін арттыруға, өндіріске халықаралық деңгейдегі озық технологияларды енгізуге, жалпы алғанда, әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов.
Бұл келісімдер Жетісу өңірінің шетелдік инвесторларға қолайлы, тұрақты, сенімді серіктес екенін дәлелдейді. Өңір басшылығының басты мақсаты – инвестициялық климатты жақсартып, өндіріс пен инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Жетісу бүгінде тек табиғи ресурстарымен емес, экономикалық әлеуетімен де еліміздің инвестициялық картасында ерекше орынға ие.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен тоғыз айда облысқа тартылған инвестиция көлемі 330,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға артты.