Қоғам • Бүгін, 08:52

Өмірді сақтандыру: қамданған қапы қалмайды

30 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Сақтықта қорлық жоқ». Бұл тәмсіл тұрмыстық қауіпсіздікке ғана емес, қаржылық тұрақтылыққа да тікелей қатысты. Соның ішінде өмірді сақтандыру мәселесі – бүгінде жиі көтеріліп жүрген, алайда әлі де көпшілікке түсініксіздеу тақырыптардың бірі. Өмірді сақтандыру кімге қажет? Оның пайдасы қандай? Қаржылық қауіпсіздік пен жеке қорғаныс тұрғысынан бұл қызметтің маңызы неде?

Өмірді сақтандыру: қамданған қапы қалмайды

Қаржылық қауіпсіздікті ойласаңыз...

Әр нәрсеге ықтият, сергек қарайтын адамдар болады. Осы тұрғыдан алсақ, біздің елде де өмірін сақтандырған жандар жоқ емес. Мәселен, зейнеткер Халима Оралбаева «Халық Life» ком­паниясының «Бәйтерек» бағ­дарламасына жыл сайын 200 мың теңге салып отырады. Жалпы, келісімшарт 10 жылға жасалған.

 – Биыл ақпан айында күтпе­ген жағдайда қолымды сынды­рып алдым. Сол кезде компания маған 529 мың теңге көлемінде сақтандыру төлемін аударды. Барлық құжатты онлайн режімде жібердім. Агентім құжаттарды реттеп, компанияға уақтылы тапсырды. Бар болғаны екі апта ішінде төлем толықтай шотыма түсті. Шыны керек, мұндай жеделдікті күтпеген едім. Ол кезде дәл осы ақша маған ауадай қажет еді. Алған қаражатым­ды емделуге, балаларымның қажетіне жұмсадым. Ақша деген тиыннан құралады ғой. Сол себепті әркім өз өмірі мен отбасын сақтандыруды ойлағаны жөн. Сақтықта қорлық жоқ. Ертеңгі күнге сенім артып, осындай бағдарламаларға қатысқан дұрыс, – дейді зейнеткер. 

Экономист Бауыржан Ысқаққа өмірді сақтандыру не үшін қажет деген сұрақ қойдық. Ол ойланбастан «бұл отбасының қаржылық қауіпсіздігі» деп жауап берді.

– Адам баласы кез келген уақытта түрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Бір күні ауы­рып қалса, бір күні жазатайым оқиғаға ұшырауы ықтимал. Тіпті еңбекке жарамсыз болып қалуы, яки аяқ астынан өмірден өтіп кетуі де кәдік. Қазақ мұны «жазмыш» дейді. Осындай сәтте отбасы мен бала-шаға қаржысыз қалмауы үшін алдын ала қамдану – ең дұрыс шешім. Мұның бәрі жауапкершіліктің белгісі, – дейді экономист Б. Ысқақ.

Экономист халық арасында кең тарал­ған, қисынға келмейтін түсінікті өзгер­тетін уақыт келгенін айтады. Ол – өмірд­і сақтандыру дәулеттілерге арналған деген ұғым. Осы түсініктен арылмаса, сақтандыру мәдениеті жуық арада қалыптасуы қиын.

– Дәулетті жандар қандай жағдайда да отбасының қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Ал қарапайым отбасы үшін бұл өте маңызды. Олардың қаржылық соққыға төтеп беру мүмкіндігі төмен. Сондықтан өмірді сақтандыру әлсіздерге күш, отбасына сенім әрі ертеңге кепілдік беретін құрал. Жалпы, еш қорқу­дың қажеті жоқ. Бүгінде сақтандыру ком­панияларының барлық төлемі заң аясында реттелген. Егер полистегі жағдай расталса, төлем міндетті түрде жасалады, – дейді сарапшы.

Демек негізгі қағида өте қарапайым. Өміріңізді сақтандырған болсаңыз, қажет кезде ақша міндетті түрде қолға тиеді. Бауыржан Ысқақтың түсіндіруінше, төлем алу үшін ең алдымен компанияға хабарласу қажет. Азамат ауруханадан анықтама, органнан акті немесе еңбекке жарамсыздық парағын тапсырады. Кейін тәуелсіз сараптама жүргізіледі. Осыдан кейін төлем тағайындалады. Көп компания жазата­йым оқиға немесе ауыр диаг­ноз кезінде 15 жұмыс күнінің ішінде ақша аударады.

– Өмірді сақтандыру мен депозиттің айырмашылығы да айқын. Депозит – жай ғана жинақ. Ал өмірді сақтандыру – қорғаныс әрі жинақ. Депозитте адам салған ақшасын қайта алады. Ал өмірді сақтандыру кезінде қиын жағдай болса, қомақты өтемақы беріледі. Егер адам ай сайын 20 мың теңгені депозитке салса, бір жылда 240 мың теңге жинайды. Ал дәл сол соманы өмірді сақтандыруға бөлсе, ауыр жағдай болса, отбасы 20 немесе 30 миллион теңгеге дейін төлем ала алады, – деді экономист.

Ол бұл жүйенің психологиялық жағын да атап өтті. Депозитке адамдар ақшасы бар кезде ғана қаржы салады. Ал өмірді сақтандыруда адам міндетті түрде жинаймын деген ұстаныммен әрекет етеді. Бұл да үлкен айырмашылық. Расында, сақ­тандыруды неғұрлым ертерек бастаса, соғұр­лым тиімді. Себебі жарна мөлшері адамның жасы мен денсаулығына байланысты.

 

Бағдарламаның пайдасы көп

– Өмірді сақтандырудың отбасына қаншалықты маңызды екеніне көбі мән бермейді, – дейді «Halyk Life» компаниясының Астана қаласындағы филиал директоры Жұлдыз Сұңғатқызы. – Мысалы, көп отбасында жалғыз адам табыс табады. Сол адам бүкіл үйдің қамын жасайды. Егер ол адам алда-жалда өмірден ерте кетсе, отбасы бірден қиындыққа тап болады. Жақын адамынан айырылу – адам баласына ең ауыр сынақтың бірі. Ондай сәтте өмір тоқтап қалғандай көрінеді. Бірақ өмір жалғасады, ал артында қалған отбасы көптеген ұйымдастыру мен қаржы жағынан қиындық көреді. Құжат жинау, жерлеу рәсімін ұйымдастыру, несиелер мен қарыздарды төлеу, мүлік мәселесін шешу – мұның бәрі қайғы үстіндегі отбасының мойнына түседі. Тіпті коммуналдық қызмет ақысын, балалардың оқуына немесе пәтерақы төлеуге ақша жетпей қалуы мүмкін. Осындай жағдайда өмірді сақтандыру отба­сына үлкен демеу бола алады. Егер адам тірісінде сақтандыру полисін рәсімдесе, оның отбасы қаржылық жағынан қорған­сыз қалмайды. Сақтандыру төлемі уақы­тын­да төленіп, туыстарына тыныс алуға мүмкіндік береді.

ап

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Естуімізше, осы компаниядан өмірін сақтандырған екі баланың әкесі өмірден өткен соң, компания төлем жасап, оның 3 млн несиесін толық жапқан. Отбасы бас­панасынан айырылмаған. Қалған ақша күнделікті қажетке жұмсалған. Осы­лай­ша, отбасы қиын кезеңде де тірші­лігін қиын­дықсыз жалғастыра алған. Демек өмірді сақ­тандыру дегеніміз – адам мен сақ­­тан­ды­ру компаниясы арасындағы келісім.

Осы филиалдың бас менеджері Динара Қайроллақызы өмірді сақтандыруға көп­ші­ліктің әлі де сенімсіздікпен қарай­ты­нын айтады.

– Өмірді сақтандыруға көптеген отан­дасымыз сенімсіздікпен қарайды. Себебі сақтандыру мәдениеті қалыптаса қойған жоқ. Көп адам бұл жүйеден бей­хабар әрі артық шығын деп ойлайды. Кейбіреулер компания ақша төле­мей­ді деп күдіктенеді. Алайда бұл дұрыс көзқарас емес. Қазір елімізде ірі сақ­тан­ды­ру ұйымдары мың­да­ған адамға көмек беріп, тұрақты түр­де төлем жасап келеді, – дейді ол.

Өмірді сақтандыруды рәсімдеу жеңіл. Клиент сақтандыру компаниясының сайтына кіріп, барлық бағдарламамен таныса алады. Онда жинақтаушы, отбасылық және несиелік сақтандыру түрлері бар. Онлайн калькулятор арқылы полистің бағасын есептеп, өтініш беруге болады. Мәліметтер автоматты түрде енгізіледі. Клиент бағдарлама таңдап, онлайн төлем жасап, полисті электронды түрде алады. Кімге кеңес алып, бетпе-бет сөйлесу ыңғайлы болса, «Halyk Life» кеңсесіне немесе сақтандыру кеңесшілеріне баруы­на болады. Мамандар егжей-тегжей түсін­діріп, жеке бағдарлама таңдауға көмек­теседі.

«Бәйтерек» бағдарламасы алты қосым­ша қорғаныс түрін ұсынады. Олар: жазатайым жағдайда қайтыс болу, уақыт­ша еңбекке жарамсыздық, жарақат алу, бірінші және екінші топтағы мүге­дек­тік­ке ұшырау, сондай-ақ ауыр науқас жағдайында төлем алу мүмкіндігі. Қо­сым­ша сақтандырудың бірнеше түрі бар. Егер адам жазатайым оқиға салдарынан қайтыс болса, оның туыс­тары 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін төлем алады. Клиент қосымша сақтандыруды таңдаса, бұл сома негізгі төлемге қосылып беріледі. Адам жазатайым жағдайда бірінші немесе екінші топтағы мүгедектікке ұшыраса, оған да келісімшарттағы сома төленеді. Бұл төлем барлық құжат тапсырылғаннан кейін 30 күн ішінде аударылады. Егер адам сырқаттанып, уақытша жұмысқа жарамсыз болса, оған күн сайын сақтандыру сомасының 0,2% мөлшерінде төленеді. Төлем жетінші күннен бастап есептеледі және ең көбі 60 күнге дейін жалғасады. Ауыр дерт анықталған жағдайда компания толық сақтандыру сомасын төлейді. Бұл төлем диагноз қойылғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде беріледі.

– Бағдарламаға қатысушылар бірнеше артықшылыққа ие болады. Жинақ мерзімі ішінде сақтандыру қорғауы үздіксіз жүреді. Сақтандыру жарналарын төлеген адам жеке табыс салығын есептеу кезінде салықтық жеңілдіктер алады. Полис тәу­лігіне 24 сағат, жылына 365 күн бойы және әлемнің кез келген жерінде жарамды. Клиент өз қалауы бойынша қосымша сақтандыру түрлерін таңдап, оларды түрлі комбинацияда біріктіре алады. Сондай-ақ полис бойынша кепіл ретінде несие алуға мүмкіндік бар. Компанияның пайдасына қатысу арқылы қосымша табыс табуға жол ашылады, – дейді Д.Қайроллақызы.

 

Сақтандыруға мемлекет кепілдік береді

2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін сақтандыру компанияларының таза пай­дасы 188,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41%-ға көп. Былтыр бұл көрсеткіш 133,4 млрд теңге болған. Биылғы жылдың өзінде 17,2 млн сақтандыру шарты жасалған. Өткен жылмен салыстырғанда 16,2%-ға жоғары. Нарықтағы ең белсенді бағыт өмірді сақтандыру болып отыр. Бәсі биік бағыттағы келісімшарттар саны бір жылда 107,9%-ға артқан. Тіпті 8 айдың қорытындысы бойынша жиналған сақтандыру сыйақыларының жалпы көлемі 1,1 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде ерікті жеке сақтандыру 542,2 млрд теңгеге жетіп, 15,2%-ға артқан. Ал өмірді сақтандыру көлемі 19,3%-ға өсіп, 160,3 млрд теңгені құраған.

Айта кетерлік жайт, биылғы 30 мау­сымнан бастап өмірді сақтандыру мем­ле­­кеттік кепілдік жүйесіне енгізілді. Енді өмір­ді сақтандыру түрлері де мемлекет қор­ғауында болады. Бұған дейін ке­піл­дік тек міндетті сақтандыру мен зей­нетақы аннуитеттеріне ғана берілетін. Өмірді сақтандыру адамның өмірін қор­ғап қана қоймай, болашаққа ақша жи­науға мүмкіндік береді. Бұл зейнетке, бала­ның оқуына, үлкен сатып алуға неме­се күтпеген жағдайға дайын болуға жол ашады.

Томас Гарман мен Рэймонд Форгтың «Жеке қаражат» кітабына сүйенсек, дамы­ған елдерде, мысалы, G7 елдерінде, бұл – халықты қорғаудың негізгі бөлігі. Онда адамдар табысының бір бөлігін өз өмірін сақтандыруға салады. Германия, Англия және Францияда барлық сақтандыру жарналарының 70%-ы, Жапонияда 80%-ы өмірді сақтандыруға тиесілі. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 0,15%. Дамушы елдерде орташа деңгей – 1,7%.

Десе де мемлекет тарапынан өмірді сақтандыру жүйесіне кепілдік берілуі халықтың сеніміне дем беріп отыр. Енді адамдар өз болашағын сеніммен жос­парлап, қаржылық тұрақтылықты ерте қалыптастырудың маңызын түсіне бас­тайды. Осылайша, өмірді сақтандыру тек шарт қана емес, мәдениетке айналады деген сенім бар.