Саумалдан жасалған балмұздақ ұлттық инновацияның бастауы секілді көрінеді. Неге десеңіз, қазақы тағамдардан жаңа өнім ойлап табу үлкен жетістік қана емес, ауыл экономикасын түрлендірудің бір шешімі. 2019 жылы отбасы атақонысына оралған Райгүл Закария біраз қиындыққа тап болады. Бейтаныс ортаға бірден сіңіп кету оңай емес. Кәсіп бастауға қаржы керек. Дегенмен ол бұл сынақты мүмкіндікке айналдыра білді. Қазақтың қазынасы – сүт өнімдерін өндіруді қолға алған кәсіпкер бүгінде қымыз, саумал, құрт, жент, ірімшік сынды өнімдерді нарыққа шығарып отыр.
– Бұл тек қана тағам емес, ата-бабадан жеткен дәстүрге деген құрмет. Әрбір құрт пен женттің артында аналарымыздың қолтаңбасы бар. Біз соны ұмытпай, заманға лайықтап дамытуымыз керек. Саумал – жай ғана сусын емес, шипасы мол, дәруменге бай табиғи өнім. Әсіресе асқазан, бауыр, өкпе ауруларына пайдалы екенін халық ертеден білген. Бүгінде адамдар жасанды тәттілер мен газдалған сусындарға әуестеніп кетті. Ал саумалдың әрбір жұтымында табиғаттың күші бар. Сондықтан осы сусынды жаңа қырынан ұсынып, балмұздаққа айналдырдым, – дейді кәсіпкер.
Бұл – дәстүрді сақтап қана қоймай, жастарға пайдалы әрі дәмді өнім ұсынудың бір жолы. Саумалды күнделікті тұтыну ағзаны сергітеді, бойға күш-қуат береді. Қазір кәсіпкер ұлттық байлықты дәріптеп, әрбір үйдің дастарқанына жеткізуді көздейді. Саумалдан жасалған балмұздақтың басқа балмұздақтардан айырмашылығын айтып, өнімді дәріптеу жұмысы жүріп жатыр. Дәстүрлі сусын мен қазіргі заманғы технологияны үйлестірген өнім тұтынушылардың қызығушылығын тудыра бастады.
«Алғаш рет саумалдан жасалған балмұздақты көргенде таңғалдым. Дәмі жеңіл, табиғи, ең бастысы – денсаулыққа пайдалы. Мұндай өнімдерді балаларымызға еркін береміз», дейді ауыл тұрғыны Айгүл Сейітқызы.
Медицина саласының мамандары саумалдың адам ағзасына тигізер пайдасын жиі атап өтеді. Талдықорғандық дәрігер-терапевт Динара Қанатқызының пікірінше, жаңа өнім балалардың денсаулығын нығайтуға көмектеседі.
«Саумал – бауыр мен асқазан ауруларына, жүйке жүйесін қалпына келтіруге таптырмас ем. Оның құрамында аминқышқылдары мен дәрумендер мол. Ағзаның төзімділігін арттырып, иммунитетті күшейтеді. Қазіргі урбанизация дәуірінде табиғи өнімдердің құндылығы еселеніп отыр», дейді дәрігер.
Айта кетейік, саумалдың тыныс жолдары ауруларына қарсы әсері бар екені, тіпті өкпе туберкулезімен күресте пайдалы екендігі ғылыми еңбектерде баяндалған. Сондықтан тұтынушылар қызығушылық артып келеді. Райгүл Закария «Бір ауыл – бір өнім» жобасына екі жыл қатарынан қатысып, кәсібін кеңейтуге серпін алды.
«Ауылда тұрақты жұмыс болса, жастар да туған жерін тастамайды. Менің арманым – Сарқан өнімдерін ел ғана емес, шетел де тануы. Біздің мақсат – ауыл тұрғындарының шағын бизнесін дамытып, жергілікті бренд қалыптастыру. Райгүл апамыздың ісі – осы бағдарламаның нақты нәтижесі. Саумалдан балмұздақ жасау – тың бастама, ол ауыл кәсіпкерлігінің жаңа бағытын көрсетіп отыр», дейді аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Еділбек Өмірбек.
Кәсіпкердің алдағы мақсаты – өндірісті кеңейтіп, жаңа өнім түрлерін шығару, сонымен бірге ауыл тұрғындарына қосымша жұмыс орындарын ашу. Бұл тек қана жеке кәсіптің дамуы емес, бүкіл ауылдың әлеуметтік жағдайына оң әсерін тигізбек.
Бүгінде табиғи өнімге сұраныс артып отыр. Ал оны дәстүрлі ұлттық тағамдармен ұштастыра білу – ерекше еңбекті қажет етеді. Райгүл Закарияның табанды еңбегі, саумалдан жасалған балмұздақ сияқты жаңашыл өнімдері – ауылдағы кәсіпкерліктің жаңа тынысы, ұмыт қалған дәстүрдің қайта оралуы. Бұл үлгі – бір адамның жетістігі ғана емес, ауыл экономикасының дамуына, ұлттық тағамдардың қайта жаңғыруына жол ашатын игі бастама.
Жетісу облысы