Бизнес • 14 Қараша, 2025

Тұрмысы төмен азаматтар тегін грант алды

160 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкенттің әлеуметтік осал тобына жататын 99 азаматы 400 АЕК-ке дейінгі, яғни 1 572 800 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алды, деп жазады Egemen.kz

Тұрмысы төмен азаматтар тегін грант алды

Гранттық конкурсқа құжат өткізудің үшінші легінде 398 өтінім қабылданған. Комиссияның оң шешімін алғандар қатарында 52 жеке кәсіпкер, 47 жұмыссыз азамат бар. Жалпы, жыл басынан бері шаһарда 432 адам қайтарымсыз гранттың иегері атанды.

Жеңімпаздардың көпшілігін әлеуметтік осал топтың өкілдері құрайды. Олар – көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айрылған адамдар және атаулы әлеуметтік көмек алушылар. Грант қаржысына жүзеге асатын жобалар қала экономикасын дамытуға, қосымша жұмыс орындарын құруға сеп болмақ. Конкурсқа қатысу үшін еnbek.business.kz порталына өтініш тастау керек. Үміткерлер бизнес-жобаларын онлайн тіркеп, кейін комиссия алдында қорғайды.

Жауапты мамандардың айтуынша, грант азаматтарды кәсіпкерлікке ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, экономиканы алға жылжыту үшін қажет. Мемлекеттен берілген қаржы қайтарымсыз болғанымен, оның мақсатты жұмсалуы қатаң бақыланады. Еңбек мобильділігі орталығында арнайы мониторинг тобы жұмыс істеп, жобалардың іске асуын қадағалайды. Егер қаржы мақсатсыз жұмсалса, ол мемлекетке қайтарылады.