1924 жылы француз Эжен Рубен-Алкай бас болып, алғаш рет есту қабілетіне зақым келген спортшылардың дүниежүзілік додасы өткізілді. Эженнің ерен ерлігі бұл ғана емес, саңыраулардың халықаралық спорт комитетін құрып, өзі төрағалық етті. Жүз жылдан аса мерзімде жазғы Сурдлимпиада ойындары жиырма төрт рет түңлігін түрді.
Екі аптаға жуық мерзім Токионың төрін дүбірі кернейтін доданың салтанатты ашылу рәсімі бүгін Токиодағы Метрополиттік гимназияда өтеді. Елімізден аттанған 78 спортшы жеңіл атлетика, еркін күрес, грек-рим күресі, бадминтон, үстел теннисі, жүзу, дзюдо, таэквондодан сайысқа түседі. Төртжылдық додасының ашылу салтанатында дзюдодан спорт шебері, Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері Айдос Түгелбаев пен Анна Краморова еліміздің туын ұстап, делегациясын бастап шығады. Туды тапсыру рәсімінде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов байрақты аламанға аттанған саңлақтарға сәттілік тілеп, зор сенім артатынын жеткізді.
– Бұл аламан – елдің спорттық әлеуетін көрсететін маңызды дода. Сіздердің ерік-жігерлеріңіз бен қайсар мінездеріңіз адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдейді. Миллиондаған адам табандылықтарыңыздан шабыт алып, өмір сынақтарын еңсеруді үйренеді. Халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып, көк байрағымызды биікте желбірететініңізге сенімдімін, – деді министр.
Сала басшысы спортшылардың тыңғылықты әзірлік өткізуіне мүмкіндік тудыру мақсатында инфрақұрылымға айрықша мән берілгенін де атап өтті.
– Спортшылардың алаңсыз шыңдалуына барлық мүмкіндік жасалған. 2029 жылға дейін 113 жаңа спорт нысанын салу, 26 нысанды жаңғырту жоспарланып отыр. Алматы облысындағы Олимпиадалық дайындықтың заманауи базасында 2 300 спортшы бір мезетте жаттыға алады. Сонымен қатар өңірлерде «100 жылдам салынатын спорт нысаны» жобасы табысты іске асырылып, былтырдың өзінде 25 жаңа кешен пайдалануға берілді. Елордада салынып жатқан Ұлттық спорт университеті болашақта спорт саласындағы кадрларды үздіксіз даярлау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Е.Мырзабосынов.
Жапонияға аттанған спортшылардың ішінде Хайратхаан Шонку төртінші мәрте додаға қатысады. Екі бірдей күрес түрінен бақ сынайтын балуан төрт жыл бұрынғы шыққан биігінен көрінуді межелеп отыр. Бразилияда өткен XXІV Сурдлимпиада додасында Шонкудың барлық қарсыластарынан шоқтығы биік болып, грек-рим мен еркін күрестен де чемпион атанды. Өзінің биігінде қалуды мақсат тұтқан балуан ел сенімін ақтауға барын салатынын айтты.
– Төртінші рет Сурдлимпиада ойындарына қатысамын. Токио төріне төселген бозкілемде еркін күрестен 125 кг, грек-рим күресінен 130 кг салмақта белдесемін. Төрт жылда бір айналып соғатын сайыстың бәсі барынша жоғары. Дода алдында ішкі толқу, қобалжу бар. Бірақ намысты қолдан бермес үшін барымызды салып, аянбай тер төктік. Күнделікті екі мезгіл жаттығу өткізіп бабымызға ендік. Таңертең жалпы дене дайындығы болса, кешкі жаттығуда күрестегі әдіс-тәсілдер мен тактикаларды жетілдірдік. Жарыста бапкерлерімнің кеңестері мен өз тәжірибеме сүйеніп, бар күшімді саламын. Басты мақсат – Токиодан алтын медальмен оралу, – деді даңқты балуан.
Сурдлимпиада ойындарына елімізден ең көп спортшы жеңіл атлетикадан қатысады. Сурдо жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың бас жаттықтырушы Богдан Весельский спортшылар бабында екенін алға тартты.
– Жеңіл атлетикадан 19 атлет сынға түседі. Оқу-жаттығу жиындары аясында спортшылар Қырғызстанның Ыстықкөлінде, одан кейін Өскеменде әзірлік өткізді. Алматыда қорытынды оқу-жаттығу жиыны болды. Бразилияда ұйымдастырылған Сурдлимпиада ойындарында жеңіл атлетикадан спортшыларымыз 5 медаль жеңіп алды. Бұл жолы нәтижемізді жақсартып, олжалы оралуға күш саламыз, – дейді Б.Весельский.
Доданың көрігін қыздыратын спортшыларымыздың арасында жүлделі оралады деп сенім артқан саңлақтар шоғыры қалың. Олардың арасында еркін күрестен 2013 жылы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы атанған Ғабит Есжанов, 2022 жылы күміс медаль еншілеген Ғасыр Тұрғынбай, Бексұлтан Малайдар, Рсалы Сабыржан, әлем чемпионы Шадияр Пернеш бар. Үстел теннисінен төртжылдық сайысының қола жүлдегерлері Абылай Бүркітбай, Данияр Ескендіров, Қанат Қоңқыбаев та бабында. Таэквондо спортынан 2022 жылы Бразилияда өткен аламанда қола медаль олжалаған Виктор Фрундин, Олжас Рысжанов, Аян Әбдіраш, Айжамал Әбдіқатова, әлем чемпинатының күміс жүлдегері Руслан Ахметов сынға түседі. Сурдо дзюдодан әлем чемпионы Шадияр Қуандық, Сурдлимпиада чемпионы Еркебұлан Қанафин, 2022 жылы Бразилияда өткен додада қола медаль еншілеген Айдос Түгелбаев, Сабыржан Хапизов, күміс жүлдегер Анна Краморова да Токиоға текке аттанбағанын дәлелдейтін болады.
Есту қабілеті зақымданған спортшылардың жазғы ойындарында еліміздің саңлақтары бұған дейін 6 рет қатысып, 42 медаль олжалады. Мемлекет қазынасынан Сурдлимпиада ойындарының чемпионы атанған саңлаққа – 250 мың, күміс медаль иегеріне – 150 мың, қола жүлде алғандарға – 75 мың, төртінші орынға – 30 мың, бесінші орынға – 10 мың, алтыншы сатыға орныққан спортшыға 5 мың доллар мөлшерінде сыйақы тағайындалған. Мұның сыртында әр өңір өзінің спортшыларына сый-сияпат көрсетеді. Өкініштісі, сурдо спортынан ел абыройын асқақтатып жүрген таланттардың насихаты кемшін соғып жатады.
Сурдо спортшыларымыз жазғы Сурдлимпиада ойындарына 1997 жылдан бері қатысып келеді. Сол жылы Дания астанасы Копенгагенде өткен додаға спортшыларымыз жеңіл атлетика, үстел теннисі және күрестен қатысты. Үш аттап секіруден Максим Рожков алтын медаль олжалап, әнұранымызды шырқатты. 2001 жылы Италия астанасы Римде өткен төртжылдық додасынан спортшыларымыз құралақан қайтты. Максим Рожков 2005 жылы Аустралияның Мельбурн қаласында түңлігі түрілген жазғы Сурдлимпиада ойындарында қола медальді қанжығасына бөктерді. 2009 жылы Тайбэйде (Тайвань) Хайратхаан Шонку 96 кг салмақ дәрежесінде қола медаль еншіледі. Төрт жылдан кейін дүбірлі доданы Болгария мемлекеті София қаласында сән-салтанатын келістіре ұйымдастырды. Ел үмітін арқалап барған спортшылардың арасынан тек Ғабит Есжановтың ғана мерейі үстем түсті. Еркін күрестен 60 кг салмақта белдескен балуан барлық қарсыласын айқын еңсеріп, Сурдлимпиада чемпионы атанды. 2017 жылы Түркияның Самсун қаласында жалауы желбіреген Сурдлимпиада додасында Аян Әбдіраш таэквондо спортынан 58 кг салмақта топ жарса, әйелдер арасында Валентина Антоненкоға (67 кг) қола медаль бұйырды. Дзюдо күресінен Шаяхмет Қанапиянов 66 кг салмақта күміс алды. Хайратхаан Шонку грек-рим күресінен аса ауыр салмақта белдесіп, қола медаль еншілесе, Асылжан Тәжиев еркін күрестен 97 кг салмақ дәрежесінде қола медальмен оралды. Елена Салмина (каратэ, 61 кг) да қоланы қанағат тұтты.
2022 жылғы мамырда Бразилияның Кашиас-де-сул қаласында өткен Сурдлимпиада додасына 66 спортшымыз аттанды. 73 мемлекеттен 2000-нан аса спортшы қатысқан сайыста 3 алтын, 7 күміс, 18 қола медаль бұйырып, жалпы нәтижеде 13-сатыға орнықтық. Хайратхаан Шонку грек-рим күресінен 130 кг салмақта, еркін күрестен 125 кг-да Сурдлимпиада чемпионы атанып, қанжығасына қос алтын медальді байлады. Грек-рим күресінен Алдияр Балташев (60 кг) пен Нұржан Асан (77 кг), еркін күрестен Бексұлтан Малайдар (92 кг) қола жүлдеге қол жеткізді. Фархад Қыстаубаев онсайыстан чемпион атанса, кедергілер арқылы жүгіруде (110 метр) қола медаль олжалады. Ольга Хижнякова ядро лақтырудан күміс, балға лақтырудан қола алды. Асылжан Тәжиев грек-рим күресінен 97 кг салмақта финалда сүрініп, күміс жүлдені місе тұтты. Еркін күрестен Ғабит Есжанов (57 кг), Сабыржан Рсалы (70 кг), Ғасыр Тұрғынбай (74 кг), дзюдодан Нұрмұхаммед Әлдибек (60 кг), Анна Краморова (78 кг) күміс медаль иеленді. Дзюдо күресінен Шаяхмет Қанапиянов (73 кг), Сабыржан Хафизов (100) кг, Фериде Қараоғлы (48 кг), Дина Ержанова (52 кг) қола медаль иеленді. Осы спорт түрінен ерлер мен әйелдер құрамасы командалық сайыста да қола жүлде еншіледі. Таэквондо сайысынан Олжас Рысжанов (пумсе), Аян Әбдіраш (58 кг), Нұрдәулет Жақып (68 кг), Виктор Фрундин (+80 кг) қола медаль иеленсе, Жұптық пумсе тартысынан Олжас Рысжанов пен Айтжамал Әбдіқатова қола медальмен оралды. Үстел теннисінен Абылай Бүркітбай, Данияр Ескендіров, Қанат Қоңқыбаев, Владимир Несторов бастаған саңлақтар командалық сайыста қола медаль еншіледі. Сырықпен секіруден Рауан Бейсебайға да қола медаль бұйырды.