Саясат • Кеше

Оқыған озады

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде елімізде ұстаз, дәрігер, инженер секілді білімді мамандар сауда-саттыққа кеткенін білеміз. Халықтың көбі қара жұмысқа жегілді. Оның салдарын әлі күнге дейін тартып келеміз, аталған салаларда, жалпы елде білікті кадрлар жетіспейді. Ал қазір экономика тұрақталып, цифрлық дәуірге қадам басқан кезде оқу-тоқуға мүмкіндік көп. Тіпті ел басқару ісіне де араласуға кедергі жоқ.

Оқыған озады

Жақында Жапонияның жаңадан сайланған премьер-министрі Такаичи Санаэ жаңа үкімет жасақтады. Ол 21 қазанда өткен парламенттік дауыс беруде 237 дауыс жинап, ел үкіметін басқаруға мүмкіндік алды. Жаңа министрлер кабинетінде тегі ұйғыр саясаткер Арфия Эри­дің есімі ерекше аталады. Ол Жапония Сыртқы істер ми­нистрінің орынбасары болып бекі­тілді. Арфия Эри жеке әлеу­меттік аккаунтында Такаичи Санае мен Сыртқы істер министрі Тоши­мицу Мотегимен жұмыс іс­те­ге­нін мақтан тұтатынын айтты.

«Біз Жапонияның диплома­тия­лық мүмкіндіктері мен халы­қ­аралық көшбасшылығын одан әрі нығайтуда белсене жұмыс істей береміз», деп жазды А.Эри.

Арфия Эри Жапонияның Фукуока префектурасының Китакюсю қаласында Шығыс Түркістаннан көшіп келген ұйғыр отбасында дүниеге келген. Ол 11 жасында Жапония азаматтығын алған. Эри АҚШ-тағы атақты Джорджтаун университетінің түлегі, 7 тілде еркін сөйлейді, БҰҰ мен Жапония банкінде жұмыс істеген. Қазір Либералдық-демократиялық партияның мүшесі ретінде ол – Парламенттің төменгі палатасында Чиба префектурасының 5-округінен сайланған өкіл. 36 жастағы Арфия Эри – жапон парламентінің ең жас мүшесі. 2023 жылы Time журналы оны «әлемдегі ең ықпалды 100 жас көшбасшының бірі», деп атады.

Ал ұлты жапон саясаткер Томио Окамура – қазір Чехия парламентінің спикері. Окамура Жапонияда дүниеге келген, анасы – чех, ал әкесі – жапон. Оны анасы алты жасында, ағалары Осама мен Хаятомен бірге Чехосло­вакияға алып кетеді. Окамура кейінірек Жапонияға қайта ора­лады, алайда кинотеатрда поп­корн сатушысы бо­лып жұмыс істеген кезінде жер­гілікті тұрғындардың оған деген қарым-қатынасы оғаш көрініп, ол Прагаға қайта оралады. 1990 жылдары ол туризм және мейрам­хана индустриясында жұмыс істейді. Одан соң Чехия телеарнасында реалити-шоу жүргізіп, біртіндеп саясатқа араласа бастады.

2012 жылы Окамура жергілікті сайлау­да жеңіске жетіп, Сенатқа қабылданады. Осылайша, жапон текті жігіт бұрыннан қалыптасқан социал-демократиялық дәстүрі бар елдің спикері, елдегі үшінші лауазымды шенеунік деңгейіне көтерілді. Сенаттағы әріптестерімен қиғаш келетін тұсы да жазылып жүр.

Чех елінің саясатын жүргізуге атсалысып отырған отандасымызды да ерекше атап өтуге болады. Жәмила Алмасқызы Стехликова (Ордабаева) – қазақ ұлтынан шыққан чех саясаткері. 2007 жылдың 9 қаңтарынан 2009 жылдың 23 қаңтарына дейін ол Адам және азшылық құқықтары министрі және Чехия үкіметі жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңестің төрағасы қызметтерін атқарды.

Ол И.Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина уни­верситетінде білім алған. 1988 жылы Солтүстік Чехия­ның Хомутов қаласына қоныс аудар­ғ­аннан кейін ол қоңыр көмір өндіру өнеркәсібінде қорша­ған ортаны қорғау мен елді мекен­дерді сақтау мәселелерімен айна­лы­сып, аз ұлттардың жергі­лікті өкілдерінің, ең алдымен, судет­тік немістердің, еврейлер мен сыған­дардың тағдыры туралы дерек­тер жинаған. Ал 1998 жылы ол Хомутов қалалық кеңесі­нің депутаты болып сайланып, 2010 жылға дейін қалалық кеңес­те үздіксіз қызмет етті, екі мәрте қалалық кеңестің депутаты болды. 1998 жылы Жасылдар партиясына қосылып, Устинад Лабем аймағындағы аймақтық ұйым­ның төрағасы, Жасылдар пар­тиясы төрағасының орынба­сары болып сайланды. 2007 жыл­дың қаңтарынан 2009 жылдың қаң­тарына дейін Жәмила Стех­ликова Чехияның Адам және азшы­­лық құқ­ықтары министрі қыз­метін ат­қарды. Ол Чехиядағы өзге ұлт­тан шыққан алғашқы министр болды.

Стехликова министр болған кезінде сыған этносы азаматтары­ның әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдардың тұратын аумақтарындағы әлеуметтік интеграция жөніндегі агенттік құрған. Әділет министрлігімен бірлесе отырып, ол адамдарды аңдуға қарсы заң мен «Теңдік актісі» – кемсітушілікке қарсы заң жобасын әзірледі. Алайда оның кейбір заң жобалары қоғамдық қолдауға ие болмады. Ол 2009 жылы 23 қаңтарда үкіметті қайта құру кезінде отставкаға кетті.

Одан кейін Жәмила Стех­ликова Либералды Эколо­гия пар­тиясына қосылып, 2014 жыл­дың 16 ақпанындағы құрыл­тай съезінде осы ұйымның басшы­лы­ғына сайланды. Ол – Үкімет жа­нын­дағы Адам құқықтары жө­нін­дегі ұлттық кеңестегі бір комит­еттің мүшесі. 2021 жылы 24 мау­сымда өткен Либералды Эко­ло­гия партиясының съезінде ол партия төрағасы орнында қалды.

Әлемде ұлтына, тегіне қарамай азаматтардың саясат баспалдағынан көтерілуі қашанда оқып-тоқығанның озатынын дәлелдейді. 

Соңғы жаңалықтар

СҚО-да қазақ тілді балабақша тапшы

Аймақтар • 14 Қараша, 2025

Астанада ет жәрмеңесі өтеді

Елорда • 14 Қараша, 2025