Сурет: ernur.kz
Жүздесуде елімізде мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен есептілігін нығайту, парасат мәдениетін дамыту және мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттыру бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Агенттік төрағасы мемлекеттік басқару реформалары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттарына сүйенетінін атап өтті.
Тараптар серіктестіктің алдағы жоспарларын, атап айтқанда, еліміздің ЭЫДҰ Кеңесінің Қоғамдық парасаттылық және тәжірибе алмасуды кеңейту жөніндегі ұсынымы айналасында бірқатар мәселе талқылады.
Сонымен қатар Дархан Жазықбай мен Француз Ұлттық мемлекеттік қызмет институты (INSP) директоры Маривон Ле Бринонен мемлекеттік қызмет, басқарушылық кадрларды даярлау және ғылыми зерттеу қызметі саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ниет декларациясына қол қойды.
Декларация Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Француз Ұлттық мемлекеттік қызмет институтының мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің құзыретін арттыру және мемлекеттік саясат саласында заманауи тәсілдерді енгізуді, әріптестік пен тәжірибе алмасуды көздейді.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарында мемлекеттік қызметшілер мен мамандардың оқу бағдарламалары және құзыреттерін дамыту, бірлескен зерттеу жобалары, сондай-ақ форумдар, симпозиумдар, конференциялар, сараптамалық кездесулер сияқты ғылыми және сараптамалық іс-шараларды өткізу қарастырылған. Оған қоса озық тәжірибе мен біліктілікті арттыру бағдарламаларымен алмасу, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге арналған тағылымдамалар кіреді.
– Қазақстан Президентінің ұстанымы – адамға бағдарланған және сервистік мемлекеттік қызметті қалыптастыру. Осы бағытта біз халықаралық ынтымақтастықты, оның ішінде француз әріптестерімізбен де диалогті кеңейтіп келеміз. Біздің мақсатымыз – нақты нәтижесін беретін әрі мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға көмектесетін шешімдер енгізу, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы.
Қол қойылған құжат мемлекеттік қызмет саласындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайта отырып, білім, әдіснама және үздік тәжірибе алмасудың жаңа мүмкіндіктерін ашады деп күтіледі.