Фото: Pinterest.com
Бұл проблема жылдар бойы назардан тыс қалып келеді. Үкіметтің есебінше «қоқыс үйінділері ғарыштық мониторингпен бақыланады». Алайда партия мүшелері қалдықтарды басқару жүйесі тек тиімсіз емес, мүлдем алға жылжымай тұрғанын айтады.
Партия мәліметіне сүйенсек жыл сайын полигондарға 177,6 млрд теңгені құрайтын қайта өңдеуге жарамды шикізат көміледі. Ал мұның салдарынан әлеуметтік жобаның бюджеті желге ұшып отыр. Еліміз қалдықтарды қайта өңдеу бойынша әлемде 179 елдің ішінде 175-орында. Көрсеткіш – небәрі 3,8 пайыз. Ал көршілес Өзбекстан болса қайта өңдеуді 31,6 пайызға жеткізіп, зауыттар салып, халықаралық компанияларды шикізатпен қамтып отыр, Қырғызстан да полиэтиленге тыйым салды.
«Ата-бабаларымыз бұл жерді болашағымыз үшін қорғады, ал біз оны қоқыс полигонына айналдырып жатырмыз. Бүгін көміп жатқан пластик жүздеген жыл бойы топырақ пен жерасты суын улайды. Біз табиғатқа орны толмас зиян келтіріп, балаларымызға уланған аумақ қалдырып жатырмыз. Ертең олар қайда өмір сүреді, қайда үй салады, балаларын қайда өсіреді? Көп адам экология – ертеңгі күннің мәселесі деп ойлайды. Жоқ, экология – бүгінгі күннің басты тақырыбы. Біз оны дәл қазір, өз әрекетімізбен не әрекетсіздігімізбен қалыптастырып жатырмыз», деді Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров.
Парламенттік бақылау негізгі тетігінің істен шыққанын да, қауіпті үрдістерді де анықтаған. Бұл бағытты қадағалайтын депутат Нұргүл Тау саладағы жағдайды мәлімдеді.
«Елде қалдықтардың нақты көлемі туралы деректер жоқ, бірақ орасан қуатты қоқыс жағу зауыттарын салу бойынша инвестициялық келісімдер жасалған. Сонда олардың қуаты неге негізделген? Егер нақты дерек болмаса, олар нені жағады?», деді Н.Тау.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев: «Елде 3 мыңға жуық полигон бар, оның 80 пайызы экологиялық талаптарға сай емес. Көпшілігі 70-90 жылдары қорғаныс жүйелерінсіз салынған. Қоқыс бөлек жиналмайды. Заманауи полигондар салуға бюджет қаражаты жеткіліксіз», дейді.
«Kaz Waste» қауымдастығының өкілі Шынболат Байқұлов болса Алматы, Астана, Шымкент бойынша МСЗ жөніндегі келісімдерде министрлік басымдықтарды дұрыс қоймағанын алға тартты. «Алдымен сұрыптау, қайта өңдеу, компосттау мен биогазды дамыту керек. Экологиялық кодекстегі талаптар да орындалмай отыр», деді.
Сондай-ақ «Coca Cola Алматы Боттлерс» компаниясының өкілі Әлішер Аққазенов: «Қайта өңдеу компанияларының жабылуы – жүйесіздіктің салдары. Ұлттық оператор қаражат жинағанымен, функцияларын орындамайды. Біз РОП-тың ұжымдық моделін енгізуді және барлық тарап үшін нақты KPI бекітуді ұсынамыз», деді.