Әлқисса, өткен сенбіде төрт жылда бір рет өтетін есту қабілеті зақымданған спортшылардың додасы салтанатты түрде ашылды. Еліміздің делегациясын XXIV жазғы Сурдлимпиаданың жүлдегерлері Айдос Түгелбаев пен Анна Краморова бастап, Көк туымызды желбірете көтеріп шықты. Токио Метрополитен гимназиясында өткен салтанатты іс-шарадан кейін Сурдлимпиадаға қатысушы 81 елден келген 3 мыңға жуық спортшы тартысты бастап кетті. Ел үмітін арқалап барған 78 саңлағымыз 8 спорт түрінен додаға қосылады.
Аламанның алғашқы жарыс күндерінде жеңіл атлет Фаина Мейірманова биіктікке секіруде алдына қара салған жоқ. 19 жастағы саңлағымыз 1.79 метр нәтижемен Сурдлимпиаданың чемпионы атанып қана қоймай, рекордты да жаңартты. Күміс медаль 1.76 метр нәтижені қанағат тұтқан бейтарап спортшы Анна Суравецке бұйырды. Қола медаль 1.67 метр биіктікті еңсерген словакиялық Глонарик Лейаның қанжығасына бөктерілді.
Ел қоржынына алтын медальды еселеп салған сурдо дзюдошылардың да еңбегі ерен. Хамза Ғұлама 66 кг салмақ дәрежесінде татамиге шықты. Іріктеу кезеңдерінде қарсыластарын тулақша илеген жерлесіміз ширек финалдық белдесуде өте тәжірибелі жапон балуаны Сатоны сан соқтырды. Жартылай финалдық тартыста неміс спортшысы Шеллерді шідерледі де, алтын медаль үшін күресте алжирлік Бухиделді жықты. Бұл 17 жастағы Хамзаның бұл алғашқы асуы.
73 кг салмақ дәрежесінде белдескен Шадияр Қуандық Ширек финалдық белдесуде түрік Иылдызды еңсерсе, жартылай финалда Иран спортшысы Дафтариді сүріндірді. Ал алтын медаль үшін тартыста оңтүстіккореялық Хванг Хёнді айқын жеңді.
Еркебұлан Қанафин де Сурдлимпиада чемпионы атанды. 81 кг салмақ дәрежесінде белдескен саңлақ финалдық тартыста мажарлық Патрик Отвошты айқын жығып, мықтылығын көрсетті.
Токио төрінде өтіп жатқан Сурдлимпиада аламаны 26 қарашада аяқталады.