Ақындар мен батырлар елі – Жамбыл ауданы Қастек ауылында дүниеге келген Қоңыр Бекдайырдың атакәсіпке келуіне табиғи дарынымен қатар, өмірлік серігі Анаргүл Нұрботановамен бірге тіршілік етуі – шабытын шарықтатып қана қоймай, балаларының қолөнерге қызығушылығын арттырып, ұлттық өнердің өрістеуіне зор септігін тигізген.
«Отбасымызда 11 бала өстік. Әкеміз мұғалім болып, бала оқытты. Барлығымызды еңбекке баулыды. Оқушы кезден өнерге бейім болып, Алматы суретшілер училищесіне оқуға түстім. Оны аяқтаған соң Алматыдағы кәдесыйлар жасайтын фабрикаға жолдамамен келіп, суретші боп еңбек еттім. Өнерімді бағалаған басшылық Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға жіберді. Диплом алып, фабрикаға бас суретші ретінде қайта оралдым. Сол аралықта жұбайым Анаргүлмен танысып, отау құрдық. Содан бері тұп-тура 40 жыл толыпты. Кеңес өкіметі ыдырап, жұмыссыздық жайлап, абдырап қалғанда, қолымыздан келетін зергерлік, ісмерлік өнерді дамытуға ден қойдық. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізге төрткүл дүниенің есігі ашылып, шетелдіктер келе бастады. Соларға арнап ұлттық нақыштағы кәдесыйлар, атап айтсақ, қазақ үйлер, қобдиша, жануарлар мүсіні мен күмістен соғылған әшекейлер, басқа да бұйымдар жасап сату арқылы, табыстың жолын тапқан болдық. Бұл бекзада өнерге бала-шағамыз да әуес болып өсіп, бүгінде ұлттық өнерді дамытуға өз үлестерін қосып келеді», дейді әулеттің бас иесі, Суретшілер одағының мүшесі, зергер Қоңыр Егенұлы.
Халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаса керек, он саусағынан өнер тамған ата-ананың ерекше қасиеті төрт баласына түгел дарып, олар да әке жолын қуып, Алматыдағы суретшілер колледжін тәмамдаған. Ұлдарының үлкені Айдос пен Бақытжан білімдерін шыңдап, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын аяқтаса, Ғалымжан Астанадағы өнер академиясының түлегі. Ал қыздары Еркежан да Сымбат өнер академиясын тәмамдап, бисерден көзтартарлық бұйымдар тізіп, гобелен тоқудың да шебері атанып жүргенін мақтанышпен айтуға болады.

«Отбасы мүшелерінің барлығы халықтық өнерге өте жақын. Төлбасы Айдосымыздың қолынан шыққан жан-жануарлар мүсіні қала көшелеріне көрік беріп тұр. Шағын цехта жұмысын жандандырып отыр. Бақытжан болса ер-тұрман, ат әбзелдерін жасаудың хас шеберіне айналды. Үшінші ұлымыз Ғалымжанның жеке өнер мектебі бар, онда өнерге бейім балаларды зергерлікке, сурет салуға баулиды. Келінім Биназира да саздан құмыралар мен сазсырнай шығарумен айналысады. Немерелер де осы өнерді жиектеп, атасы мен әкелеріне қолғабыс жасайды. Отбасымызбен түрлі деңгейдегі көрмелерге қатысып келеміз. Мәселен, 2017 жылы халықаралық «EXPO-2017» көрмесіне қатыстық. Одан бөлек, Алматы облысының атынан алыс-жақын шетелдің көрмелеріне қатысып, жасаған бұйымдарымыз жоғары бағаланады», дейді қолөнер шебері Анаргүл Нұрботанова.
Тұлымшағы желбіреген бала жастан нағашы апасы Сәндінің жүн түтіп, ұршық иіретін өнерін қызықтап, үйренсем деген ұмтылысы Анаргүл Нарботанованы ісмерлікке жетелеген. Құрақ құрап, кесте тігу сынды ұлттық өнерден анасы да құралақан еместіктен қағілез жас қолөнердің қыр-сырына қанығады. Әрі оны мектептен соң іліп әкетіп, шеберлік теориясын оқиды, көңілге тоқиды. Майдангердің отбасында дүниеге келген зерек қыз тоғыз баланың ортасынан оза туғанын аңғартады. Апасының «айналайынымның қолынан келмейтіні жоқ» деп мейірлене сіңіретін сеніміне селкеу түсірмей, киіз басып, кесте тігуге бейімделеді. Сөйтіп, анасы тігін машинасын сатып алып берген екен. Алғаш рет апасына арнап аппақ матадан кимешек тігіп, оның жақтауын зермен өрнектей көмкергендегі шеберлігі тәнті етіп, болашағынан зор үміт күттірген.
«Апам мен анам өте еңбекқор жандар еді. Екеуі бірлесіп, талай іс тындыратын. Жүн түтіп, киіз басуға көмектесетінбіз. Соның арқасында киелі өнерді игердім. Отағасы Қоңырмен бас қосқалы бері бір мақсатта жұдырықтай жұмыла еңбек етіп келеміз. Ол – ұлттық өнерді әспеттеп, қадір-қасиетін насихаттау», дейді Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Анаргүл Нұрботанова.
Киіз басудың шебері атанып жүрген ісмердің қолынан шыққан ер мен әйелдерге, балаларға арнап тігілген етек-жеңі ұзын, келісті етіп ою-өрнекпен безендірілген шапандары көрген жанның таңдайын қақтырып тамсандырады. Биылғы республикалық байқауға арнап отбасы мүшелеріне киізден басқан шапандарын даярлауға екі ай мерзім уақытын шығындайды. Ерекше мазмұнға ие киіз шапандардың құны да арзан емес, соған сай жұмысы да шыдамдылық пен табандылықты қажет етеді.
«Киізден жасалған өнімнің адам денсаулығына пайдасы зор. Ол – экологиялық таза әрі өте жылы. Шапаннан бөлек әйелдерге арнап орамалдар, жамылғылар, сәнді бас киімдер жасаймын. Сондай-ақ бүгінде дәстүр мен дизайнның үйлесімді бірлігі интерьерге ұлттық реңк беріп, көркемдік мән беретін декоративті панноларға да сұраныс артқан. Табиғат пен өмірді, махаббат пен сүйіспеншілікті бейнелейтін сан алуан тақырыпта құрылған туындыларым аз емес. Оған негізінен қойдың жүні мен түрлі бояулар пайдаланылады. Бір өкініштісі, жүн өңдейтін өнеркәсіп тапшы. Соған қарамастан қажетті шикізатты тауып, өз ісімізді ілгерілетіп келеміз», – дейді ісмер.
Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп отырған Бекдайыр отбасы белгілі қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлының 75 жылдығына орай жасалған көрмелер байқауында 1-орын иеленсе, «Born Nomad Power Awards-2022» жобасына қатысып, 1-орын жеңімпазы атанған. Сонымен қатар Алматы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының бас жүлдегері атануы шабыттарын шарықтата түскен.
Содан бері де ізденістерін ірікпеген өнерлі отбасы биыл да облыстық байқаудан топ жарып, Астана төрінде өткен «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының салтанатты марапаттауына қатысып қайтты.
«Бұл байқау ерекше әсер қалдырды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отбасының мемлекет дамуына қосар үлесін айрықша атап, оның әлеуметтік жағдайының жақсаруына, әл-ауқатының артуына аса мән беруде. Оған қоса ұлттық қолөнерімізді дамытуға да қолдау білдіруі – бізді қанаттандырып келеді. Алдағы уақытта өнерімізді өрістетіп, бұдан да үлкен жетістіктерге жетсек деген жоспарымыз бар», дейді Қоңыр Егенұлы.
Қолөнердің қыр-сырын ата-бабасынан мирас етіп жалғастырып келе жатқан Бекдайыр әулетінің бұл жетістіктері – ұлттық өнерді дәріптейтін өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болары анық.
Алматы облысы