Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Инватакси қызметін бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, тірек-қозғалысы қиын науқастар, жеке көмекшінің сүйеуімен жүретін не болмаса мүгедектер арбасына таңылғандар қолдана алады. Сонымен бірге «аутизм спектрінің бұзылуы», «ақыл-ой кемістігі» диагнозы таңылғандар, психикалық мінез-құлқының тұрақтылығы бұзылғандар, Даун синдромына шалдыққан сырқаттар да инватаксиді тегін шақырта алады. Дегенмен тапсырыс қабылдаушылар көбінесе жұмыс істеп жүргендер мен білім алушыларға көбірек басымдық береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға инватакси қызметінің агрегаторларын пайдаланудағы қанатқақты жобаны іске қосты. Игі бастаманы жүзеге асыру шеңберінде қаңтар айынан бері Астана, Алматы қалаларында 401,9 мың тапсырыс қабылданған. Былтыр мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметі 207,2 мың рет көрсетіліпті. Қызметтің жылдамдығы мен сапасын арттыру мақсатында министрлік әкімдіктермен бірлесіп өзгеріс енгізді. Айталық, инватакси қызметіне азаматтар бір күн бұрын телефон арқылы жазылуы қажет болатын. Өз сапарларын алдын ала жоспарлауға, инватаксиге бір күн бұрын тапсырыс беріп, күтуге тура келетін. Сондай-ақ қызметті ұсынушы мекемелерде көлік құралдарының жетіспеушілігі де қолбайлау еді. Осы жағдайларды жеңілдету мақсатында қызмет көрсетуге такси агрегаторларын тарту бағытында қанатқақты жоба қолға алынды.
Мұндағы басты артықшылық – сапарлардың ақысынан пайыз еселенбейді. Бұған дейін пайыздық үстеме агрегатор платформаларының пайдасына аударылатын. Яндекс компаниясы қанатқақты жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді. Осылайша, игі іс шеңберінде азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы инватакси қызметін қолдануға мүмкіндік алды. Инватаксиге жүгінген жандар көлікті қысқа уақытта таңдайды, онлайн режімде тапсырыс мәртебесін қадағалайды әрі көлікпен қанша рет жүргенін саралап, мониторинг жасай алады. Қосымшада мүгедектігі бар адамдардың жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуіне арналған экран іске қосылды. Жүргізушілер адамды көлікке отырғызып, діттеген жерге жеткізген соң, түсірер кезде қалай көмек көрсету керектігін арнайы нұсқаулық арқылы танып біледі.
Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде инватакси қызметіне қатысты кеңес өтіп, сол жобаны әлі де жандандыра түсу жайы талқыланды. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы республикалық үйлестіру кеңесінің «Қолжетімді көлік» кіші тобының отырысында инватакси шақырту Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылатыны айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай инватакси қызметін жандандырып, сапасын жақсартып, ашықтығын арттыру қанатқақты жобаның басты мақсаты екенін атап өтті.
– Министрлікте өткен кеңесте инватакси қызметінің жаңа форматы егжей-тегжейлі түсіндіріліп, қағидалары қабылданды. Инватаксиге тапсырыс беруді Әлеуметтік қызметтер порталына көшірудің тиімділігі мол. Мүгедектігі бар жандардың өз бетінше таңдау жасауына, қажеттіліктерін ескере отырып көлік шақыртуға әрі күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етіп, инватакси санын арттырып, сапаға оң әсер етеді, – деді В.Шегай.
Сонымен қатар инватакси қызметін ұсынушыларға талап күшейетінін де ескертті. Жолаушыларды міндетті сақтандыру, арнайы жабдықталған автокөліктердің санын арттырып, оларды тізгіндеуші жүргізушілердің тәжірибесіне, біліктілігіне баса назар аудару жүктеледі.
Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы әлеуметтік жобалар мен объектілерге қолжетімділік бөлімінің басшысы Айнұр Әубәкірова елордада қызмет көрсететін 134 инватакси көлігі бар екенін, олардың ішінде 26-сы арнайы жабдықталғанын жеткізді. Инватакси шақыруға өтініштерді қабылдау жоспарланған іс-шараға дейін бір тәулік бұрын диспетчерлік қызметке телефонмен хабарласып жазылатынын ескертті.
– Инватакси қызметтерін көрсетуді жақсарту, өтінім беру тетігін жетілдіру мақсатында 2023 жылдан бастап «Инватакси қызметтерін Яндекс такси агрегаторы арқылы көрсету» жобасы іске қосылды. Жобаға биыл 1129 мүгедектігі бар адамдар мен балалар қатысып, 340 мыңнан астам сапар жүзеге асырылды. Жобаны іске асыру барысында қызмет алушылар мобильдік қосымшаны пайдалана алады. Онда тәулік бойы кез келген уақытта көлікке тапсырыс беріп, оның қозғалысын онлайн бақылауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ Яндекс мобильдік қосымшасында техникалық қолдау жүйесі қарастырылған. Жоба оң нәтиже беріп, қызмет алушылардың көңілінен шықты. Себебі бүгінде инватакси қызметіне бірден тапсырыс беру мүмкіндігі жоғары. Ыңғайлы мобильдік қосымша кідіріссіз істейді, тәулік бойы диспетчердің жауабын күтпей-ақ көлік шақыртып, жүру бағытын да қадағалай алады, – дейді маман.
Елордада инватакси қызметін ұсынушы ұйымның бірі – «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Астана» корпоративтік қоры.
– Біздің ұжым инватакси тасымалымен қатар жеке көмекші қызметін де көрсетеді. Бұрын бұл қызметке жүгінуші азаматтар күніне екі мәрте ғана тапсырыс бере алса, бүгінде бірнеше рет сапарлауына мүмкіндігі бар. Қызметті пайдаланушылардың қасында жеке көмекшісі жүреді. Ол өзінің туысы, ағайыны, тіпті баласы да болуы мүмкін. Жеке көмекшісі болмаған жағдайда біздің көлік жүргізушілер инватакси шақырған адамды өзі көлігіне отырғызып, діттеген жеріне барған соң жауапты адамдарға табыстайды. Астана қаласында қызмет көрсететін 25 автокөлігіміз бар, – дейді қордың жетекшісі Омар Баймақашев.
Инватакси қызметін көрсетудің жаңа тетігінің іске қосылуын қамтамасыз ету мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де тиісті дайындық жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысын реттейтін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге, соның ішінде кепілдендірілген соманы айқындау, қызмет көрсетушілерді тіркеу қағидаларына бірқатар өзгеріс енгізілді. Инватакси тұтынушылардың игілігіне айналуға тиіс.