Сурет: gfss.kz
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне, сондай-ақ кейінгі екі жылдағы табысына байланысты 6 айға дейін жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен аударылады. Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскер eGov.kz порталында авторизациядан өтуге тиіс. «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдайды. Онлайн-қызметке тапсырыс беріп, қажетті мәліметтерін жүктеп, ЭЦҚ арқылы қол қойып, өтінімді жіберуі қажет. Жұмысынан айырылған азамат өтініш жолдағаннан кейін бір күн ішінде тұрғылықты жеріндегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесін алады. Бұл қызметті онлайн режімде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта қарайды. МӘСҚ-тан төлемді тағайындауға жұмысынан айырылған азаматтың келісімін алу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады.