Спорт • Бүгін, 07:57

Жарыстар күнделігі

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сауд Арабия­сы­ның Эр-Рияд қала­сын­да өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында таеквондодан Бауыржан Хасенов күміс медаль иеленді. 82 кг салмақта сынға түскен жерлесіміз финалдық сайыста өзбекстандық Марат Мавлоновтан аса алмады. Ал Нұрбек Ғазез (67 кг) қола медаль олжалады.

Жарыстар күнделігі

• Елімізде шорт-тректен тұңғыш рет әлем чемпионаты өткізілмек. 2027 жылы жасөспірімдер арасындағы жаһандық доданы ұйымдастыру елімізге бұйырды. Бұл – еліміздің ұлттық коньки спорты тарихындағы ең елеулі дода болмақ. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Астанаға жұмыс сапарымен келген Халықаралық конькишілер одағының (ISU) конькимен жүгіру спорты жөніндегі директоры Хуго Херрнхофпен кездесуде ақжолтай жаңалық айтылды. Хуго Херрнхоф «Алау» мұз сарайының инфрақұрылымын, бұған дейінгі дүбірлі додалардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, отандық спортшыларымыздың әлеуетін жоғары бағалап, ISU бағдарламалары аясында Қазақстанмен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.


• Үндістанда бокс­тан әлем кубогінің қорытынды кезеңі өтіп жатыр. Әйелдер арасындағы сында Ақбота Болат (48 кг) бірінші жекпе-жегінде үндістандық тәжірибелі боксшы Минакши Минакшиге есе жіберді. Ерлер сайысында 50 кг салмақта Нұрзат Оңғаров үндістандық Манденгбам Жадуни Сингхтен аса алған жоқ. 55 кг салмақта Нұрсұлтан Алтынбек үндістандық Паван Бартуалдан жеңілді. 70 кг салмақта додаға қосылған Нұрбек Мұрсал қырғыз боксшысы Ихтияр Нишоновтан басым түсті. Бүгін ол жартылай финалда украиналық Юрий Захариевпен жұдырықтасады. Аман Қонысбеков те (75 кг) әлем кубогінің жүлдегері атана алмады. Бірінші айқасында өзбек боксшысы Жавохир Абдурахимов Аманнан басым түсті. Санжарәлі Бегалиев (80 кг) оңтүстіккореялық Минсенг Кимді ығыстырып, жартылай финалға шықты. Енді ағылшын боксшысы Тоаред Шиттуға қарсы айқасқа түседі. 90 кг салмақ дәрежесінде Бекзат Таңатардың да жолын үнді боксшысы бөгеп, жеңіс Навиин Кумарға берілді. 85 кг салмақта Сұлтанбек Айбарұлына жеребе қарасты. Ол әлем кубогін бірден жартылай финалдан бастайды да, бүгін кәріс боксшысы Даехон Кимнің күшін бағамдайды. Аса ауыр салмақта Даниял Сапарбай жартылай финалда үндістандық Нарендар Нарендармен айқасады. Биылғы көктемде Бразилияда өткен әлем кубогінің кезеңінде екеуінің жолы түйісіп, жерлесіміз айқын жеңген еді.


• Ислам ынтымақтастығы ойындарында еліміздің гандболдан әйелдер құрамасы жартылай финалға шықты. Ширек финалда Әзербайжан құрамасын 34:31 есебімен еңсерді. Енді тегеурінді қарсылас Түркия құрамасына қарсы алаңға шығады.