Тағзым • Бүгін, 08:10

Ғұмыры ғибратқа толы ел ағасы

80 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Адам өмірінің шынайы құны оның артында қалдырған ізінен, ел жадында сақталған өнегесінен танылса керек. Ел игілігіне жарау – пенденің маңдайына жазылған ең ұлы сынақ әрі ең ұлы мүмкіндік. Расында, өмірдің мәні де – оның ұзақтығында емес, мазмұнында. Кей адам жалғанның жарығына келіп, ғасыр жасаса да, ізі білінбей өте шығады, ал енді бірі өмірін ізгілік пен еңбектің нұрына шомылып, артында өшпес өнеге қалдырады. Ғибратты ғұмыр иесі деп біз әдетте сондай жандарды атаймыз.

Ғұмыры ғибратқа толы ел ағасы

Халқының сүйіспеншілігі мен құр­метіне бөленген жарқын тұлға, абыз ақсақал Жарылқасын Әзіретбергенұлы да ғұмыры ғибратқа толы жанның бірі еді. Шынайы өмірдің өлшемі байлық пен атақ емес, адамдық пен адалдықта жатқанын, мұн­таз­дай таза ар мен мінсіз ниетке негізделген тіршілік қана мәң­гілік сипатқа ие екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдей білген асыл ағамыз жуырда 87 жасқа қара­ған шағында дүниеден озды. Осы орайда Жарылқасын Әзірет­бергенұлы деген азаматты бүкіл ел біле түссін, тағылымды істерін жұрт танысын, өнегесін өрімдей жастар жадында тоқысын деген ниетпен аз-кем ақпарат беруді жөн деп қолға қалам алдық.

Жарылқасын ағамен таныс-біліс болғанымызға 35 жылдан асыпты. Менен 20 жастай үлкендігі бар. Еліміздің түрлі аймағында қызметте жүріп, арасында ел жаққа, Түркістанға бара қалсам, ең бірінші іздейтін адамымның бірі Жарылқасын аға еді. Қазақта «Жақсымен бірге өткізген жарты сағат жаманның өтіп кеткен өміріндей» деген аталы сөз бар. Жақаңмен бірге отырып елдің-жердің жағдайын біліп, тағылымды әңгімесіне құлақ түрудің өзі бір ғанибет еді. Халқымызда бір бойынан ақыл да, білім де, адамгершілік пен парасаттылық та табылатын елге сыйлы, қадірлі адамды абыз дейді. Ал бүгінгінің абызы кім десе, Жарылқасын ағаны ойланбай-ақ айтар едім.

Бұл кісі жоғары лауазымды қызмет­терді атқарған әкім-қара, шенді-шек­пенді емес-тін. Мыңғырған мал айдаған бай-шонжар да емес. Оның ең басты ерекшелігі – халық арасында жүріп, елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, мұңын мұңдай білген еді. Атағы, бай­лығы, дәрежесі болмаса да, ол өзінің азаматтығымен әрі парасаттылығымен ел ағасы атанды. Халыққа жақын болды. Қара басының емес, ең бірінші елдің қамын ойлап, түрлі қоғамдық мәселенің шешілуіне бір кісідей атсалысты.

Жарылқасын көкеміздің өмі­рге келу тарихының өзі – ерекше бір оқиға. Оның ата-бабалары Сырдарияның арғы-бергі бетін, Қаратаудың баурайын мекендеген ел екен. Жетінші атасы Оразгелді датқа – есімі елге мәлім тұлға болған, өмірден озған соң, мәңгілік тынысын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен тапқан жанның бірі.

Жарылқасын аға өзінің 1940 жылдың қаңтарында Сыр бойында дүниеге келгенін айтатын. Алайда оның туу туралы куәлігінде 1939 жылдың 29 маусымы деп жазылыпты. Өйткені «Мен тумай тұрып куәлік алған адаммын», дейтін. Сөйт­се, оның себебі былай болыпты. Шешесі Бексұлу 18 құрсақ көтерген, бірақ со­лардың ішінен бар болғаны 3 қыз бен 1 ұл ғана аман қалған. Қалғандары бірі­нен кейін бірі шетінеген. 1935–1940 жылдар аралығында әкесі Әзіретберген алпыс­тың асқарына таяған шағында үш бір­дей баласы бір күнде науқастан көз жұмып­ты. Сол ауыр қайғыдан ес жия алмай, мең-зең күй кешкен ол Сырдың бойын жағалап, кешкісін атпен желіп жүріп іш­тегі зарын ән арқылы шығара­тын. Өзі өнерлі, сөзге ұста әрі шабандоз ретінде елге танылған адам еді. Шығарған өлеңдерінің біразын ауылдастары жатқа айтатын. Соның бірінде:

«Көкпар шапқан ұстайды ердің басын,

Құдайым көрер ме екен көздің жасын.

Ақ жарылқап күн туып бір ұл берсе,

Қояр ем оның атын Жарылқасын»,

дейтін шерлі жолдар бар.

Осылайша, ұл тілеумен жүр­ген шақта жары Бексұлудың аяғы ауыр екені туралы хабарды ести сала ауылдық кеңеске жүгі­ріп, ұлым дүниеге келді деп жар салып, туу туралы куәлігін алдын ала алған екен. Біраз уақыттан кейін өмірге торсықтай ұл келеді. Әкесі туу туралы куәлігіне жаздырған­дай атын Жарыл­қасын қояды. Ол көп жыл қайғы жұтып, артынан ізін жалғар ұл туса деп армандаған ата-анасының зарығып жеткен перзенті болатын.

Ж.Әзіретбергенұлының балалық шағы шежірелі Сыр бойында өтті. Өкінішке қарай, әкесінен 6 жасында айырылады. Үй­дегі қыздардың бәрі тұрмысқа кет­кен соң, анасы екеуі ауылдағы тоқал тамда өмір кешіп, талай қиыншылық­ты бастан өткізеді. Мектептен кейін мұға­лім­дік оқуды тәмамдап, алғашқыда ауыл мек­те­бінде сабақ береді. Осы уақытта оның қоғамдық өмірге белсене араласуы бас­талады. Алғашқы аяқ алысы ел ішіндегі түйткілді мәселелерді көтеріп, «Қазақстан мұ­ғалімі», «Лениншіл жас», «Қазақстан әйелдері» секілді ба­сы­лымдарға мақалалар жа­риялаудан көрін­ген. Елшіл болмы­сымен сындар­лы сәттерде шындықты шырылдатып айтып, қоғамның жайы мен халықтың мұңын жеткізуге жан-тәнімен атсалыс­ты. Ол ел арасындағы түрлі дау­ды шешуге, мұқтаждарға көмектесуге, би­лік пен халық арасында дәнекер болуға, қоғамдық маңызды да сауапты істерді ұйымдастыруға келгенде алдына жан сал­май­тын. Әрдайым өзі бастамашы болып жүретін.

90-жылдарға дейін ұжымшарда бас­тауыш партия ұйымының басшысы, 1990 жылдан бастап алты жыл ұжымшар бастығы болып еңбек етті. Ең үлкен лауазымды қызметі де осы. Сол кезде беделі төмендей бастаған жергілікті партия ұйымдарының қызметін жолға қою, ауыл­да тәртіп пен жүйелілікті сақтау үшін баспасөзде де, халық алдында да сөз сөй­леп жүрді. Ал 90-жылдар басында ел бас­шысының ұйытқы болуымен құрыл­ған Бастауыш партия ұйымдарының респуб­ликалық кеңесі жұмысына араласып, бастамашыл топтың жетекшісі болды.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ауыл ахуалы қиын еді. Жер-жерде шаруа­шылық­тардың жағдайы шатқаяқ­тап, өндірістер тоқтап, халық дел-сал күйге түскен болатын. Бұл ахуал Жарылқасын аға секілді жанашыр жандарды бейжай қалдырған жоқ. Оның бір мысалын Жақаңның «Егемен Қазақстан» газетінің 1994 жылғы бір санында жарық көрген «Қазақстанда ашаршы­лық болуы мүмкін бе?» деген мақаласы­нан да байқау қиын емес. Газеттің бірін­ші бетіне шыққан жарияланымда ол кісі: «Ашаршылық болуы мүмкін деген күдік туралы мен көптен бері айтып келемін. Үкімет басшылары біздің ауылдағы аянышты халімізді жете білмей ме деп қорқамын. Білсе, бүйтпес еді ғой. Сондықтан мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін ереуілге шығуға шақырамын. Қарағанды кеншілері өз айтқандарын осылай жүзеге асырды емес пе? Олардан біздің неміз кем? Сөзден іске көшу керек. Сөйтіп, батыл қадам жасамасақ, Ресейдің кейбір ақпарат құралдары жазып жатқандай, ашаршылыққа тап болуымыз мүмкін...» деген батыл сөздерді айтқанын көруге болады. Расында, ол уақытта халықтың жағ­дайы тым мүшкіл болғаны белгілі. Ауыл тұрғындары ала дорба арқалап, базар жағалап кеткені баршаға мәлім.

Жарылқасын ағаның қоғам алдында атқарған ең үлкен ісі деп Түркістан қалалық Ақсақалдар алқасын, кейін Түркіс­тан облыстық Ақсақалдар алқасын құ­руға мұрындық болуын айтар едім. Бұл – еліміздегі жалғыз Ақсақалдар ал­қасы. Ал өзге өңірлерде кеңестік жүйе­ден қалған Ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Қазақ үлкеннің сөзін тыңдаған, ақса­қалдардың ғибратын алып, ақыл-кеңе­сін өміріне бағдар еткен халық қой. 2000 жылы құрылған Ақсақалдар алқасы да елдің кем-кетігін жөндеп, ынтымақ пен бірлікті арттыратын, қоғамды жөнге салатын ізгі істерді қолға алды. Соның бірі – зиялы қауым мен имамдар бас қосып, жаназа күні ас беруді, артық даңғаза жиын-митингілер өткізуді доғару жөніндегі ше­шім. Бұл бастама кейін бүкіл өңірге үлгі болып тарағаны белгілі.

Сондай-ақ Ақсақалдар алқасының ұйыт­­­қы болуымен көпбалалы, тұрмы­сы тө­мен отбасыларға арнап тегін қайырым­ды­лық дүкендері ашылды. Бұл жерге қайы­рымды жандардың, атымтай жомарт аза­маттардың көмегімен тұрақты түрде азық-түлік пен киім-кешек жиналып, мұқтаж жандарға таратылатын. Әлі күнге айына екі рет 40–50 отбасы дүкеннен көмегін алып келеді. Олардың тізімін қаланың әр ауданындағы ақсақалдар алқасы ұсынып отырады.

Айтуға тұрарлық үлгілі істің тағы бірі – Ақсақалдар алқасының бастамасымен, ұйым мүшесі Райымжан Қошқаровтың қолдауымен «Үлес» қайырымдылық қоры құрылып, тұрмысы төмен, көп­балалы отбасыларға бес бөлмелі 45 үй салынып, тегін сыйға тартылуы. Бұл  материалдық көмек қана емес, өмірге үміт сыйлаған үлкен адамгершілік іс еді. Осындай қайы­рымдылықтар арқылы да Ақсақалдар ал­қасы қоғамның рухани тірегі, ізгілік пен пара­саттың ұстаханасы болып келеді.

Осы орайда он жылдай уақыт бұрын Ақсақалдар алқасының «Той туралы» қаулы қабылдағанын да айтпай кетуге болмас. Бұл – ел ішінде артық даңғазалық пен ысыраптың алдын алып, ұлттық тәрбиенің өзегін қорғауға бағытталған маңызды құжат. Қаулыға сәйкес тойлар түнгі сағат 24.00-де аяқталуға, ал дәмхана, сауна, ойын-сауық орындары 01.00-де жабылуға тиіс. Белгіленген уақыттан асып кеткен жағдайда ескерту беріліп, тоқ­татпағандарға айыппұл салынуы қарас­тырылған. Бастаманы зиялы қауым мен жас­тар бірден қолдап, «ұрпақты жаман әдет­тен сақтаудың, жастарды тәртіпке бау­лудың тиімді жолы» деп бағалаған еді.

Той демекші, Жарылқасын аға бас­та­ған ел ақсақалдары арақ-шараптан ада­ ауылдар санын көбейтуге де үлкен үлес қосты. Түркістан өңірінде қолға алын­ған­ айрықша бастама 2023 жылы жаңа серпін алып, «Түркістанды халал қалаға ай­налдырайық» деген ұранмен облыс кө­лемінде үндеу жарияланды. Бұған халық кеңінен қолдау білдірді. Бүгінде Түркістан облысында арақ-шарап сатылмайтын елді мекен саны артып келеді. Қазіргі мәлімет бойынша 50-ден аса ауыл тұтастай саламаттылық жолына түскен. Мұндай өзгерістің нәтижесі де көп күттірген жоқ: қылмыс азайып, отбасылық ұрыс-керіс пен тәртіп бұзушылық төмендеді. Бұл заңмен емес, сана мен иманның күшімен жүзеге асқан ізгі іс еді.

Ж.Әзіретбергенұлының еңбегі мемлекет тарапынан да елеусіз қалған жоқ. «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендері мен көптеген медальға ие болды. 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына барған сапарында Жарылқасын ағаны құрметтеп, кеудесіне ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін өз қолымен таққанын айта кеткен жөн. Бұған қоса ол – Түркістан қаласы мен Сауран ауданының, Түркістан облысының құрметті азаматы.

Иә, Жарылқасын ағаның өнегелі өмірін толықтай суреттеп шығуға бір мақаланың көлемі аздық етеді. Бірақ оның еңбектері мен ізгілікті істерін халық білуге тиіс. Есімі елеусіз қалмай, ел жадында сақталғаны ләзім. Бұған дейін де ол туралы бірнеше кітап пен мақала жарық көрген. Алайда біз елдің абыз ақсақалы Ж.Әзіретбергенұлының есімін кейінгі ұрпақ танып-білуі үшін ол туралы үлкен кітап шығаруды қолға алсақ дейміз. Бұған қоса өзі туып-өскен, еңбегі сіңген елді мекендерде көшеге, мектепке оның есімі берілсе деген ұсынысымыз да бар. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», дейді қазақ. Еліне жақын, халқына қамқор бола білген Жарылқасын ағамыздың да аты мен абыройы халықпен бірге жасап, ұрпаққа үлгі бола берері сөзсіз.

 

Серік ТӘУКЕБАЕВ,

Қазақстанның құрметті құрылысшысы, қоғам қайраткері

 

Астана