Фото: olympic.kz
Халықаралық бокс федерациясының президенті лауазымына кімнің сайланатыны 23 қарашада Италияның Рим қаласында World Boxing конгресінде белгілі болмақ. Мәртебелі лауазымнан үмітті екінші адам – грек Мариолис Харилаос. Грекия бокс федерациясының президенті де белін бекем буып, әлемдік ұйымның басшысы атануға бекініп отыр.
Конгрестің баталасу отырысында халықаралық бокс федерациясының Атқарушы комитетіне кімдердің мүше атанатыны да анықталмақ. 2023 жылдың сәуір айында іргесін бекітіп, уығын қадап өз алдына дербес отау тіккен World Boxing ұйымына бүгінде 125 елдің әуесқой бокс федерациялары қарайды. Осы елдердің өкілдері дауыс беру арқылы президент сайланады. Геннадий Головкин былтыр қыркүйек айынан бері World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссия төрағасы болып тағайындалып, еңбек етіп келеді. Жүктелген міндет те зілмауыр – бокстың Олимпиада бағдарламасына сызылып кетпеуіне күш салу. Етек-жеңін енді қымтаған жаңа ұйымның Халықаралық Олимпиадалық комитеті тарапынан ресми мойындалуына үлес қосу. Биылғы жылдың ақпан айында Халықаралық Олимпиадалық комитет World Boxing ұйымын уақытша мойындады. Бұл шешім ұйымға әлемдік деңгейде боксты басқаруға құзыреттілік берді. Ал наурыз айында ХОК боксты 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына ресми түрде енгізуге шешім шығарды.
Геннадий Головкин бокстың екі арнасында да шыңдаудан өткен тұлға. Ғұмырының 30 жылға жуық уақытын бекзада спортқа арнаған боксшы әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанды. Жазғы Олимпия ойындарының финалында жұдырықтасты. Кәсіпқой боксқа ауысқан соң бір емес үш бірдей тұжырымның чемпиондық белбеуін иеленді. Кәсіпқой бокста 45 жекпе-жек өткізіп, 42-сінде (37 қарсыласын нокаутпен ұтты) жеңіске жетті. Тек мексикалық Сауль Альварес Канеломен ғана үш рет жұдырықтасып, екі мәрте жеңілді, бір рет тең түсті. Жуырда Францияның «Francs Jeux» порталына сұхбат беріп, боксты дамытуға қатысты келелі ойларын ортаға салған Геннадий Головкин атақ үшін атқа қонбайтынын мәлімдеді.
– Бокс Олимпиада бағдарламасынан сызылып қала жаздады.Әлі де тағдыры қыл үстінде тұр. Спорттағы бағымды ашып, намысымды қайраған бокстың келешегін қауіп бұлты торлағанда тыныш отыра алмадым. Бұдан былай бокстың өркендеп дамуы үшін нендей қарекет жасаймыз, қайтпек керек деген сауал мазалады. Буыным бекіп, бұғанам қатпаған жеткіншек шағымнан бокспен шұғылдандым, шағын ғана залда жаттығып, орасан жеңістерге жол ашылды. Боксшылардың қалай от пен судан өтетінін жүрегіммен сезіне аламын, өйткені өзім сол жолда келемін. Ендігі мақсат – бокстың қарқынды дамуына жол ашу. Айналасындағы дау-шардың өртін сөндіріп, әділ, анық, айқын жолмен қадам басу. Заман талабына сай инновациялық жаңашылдықты енгізуге күш саламыз, – деді Г.Головкин француз баспасөзіне берген сұхбатында.
Боксшылардың әлеуетін арттырып, бапкерлердің біліктілігін күшейтіп, төрешілердің білімін шыңдауда технологияның тигізер пайдасы орасан. Бокс спортының басынан бағын тайдыра жаздаған жайттың бірі – жемқорлық. Жазғы Олимпиада додаларында, әлем чемпионаттарында «мата даңқымен бөзін өткізгендер» сауда алаңына да айналдырды. Жазғы Олимпиаданың алауы алғаш тұтанған шақтан бері бағдарламасына берік орныққан бокс спортын өз биігіне қайта көтеру жолында қыруар шаруа тұр.
Халықаралық бокс федерациясының президенті лауазымынан үміткерлердің қатарында украиналық Владимир Кличко да сайлауға түсуді көздейтінін аңғартып, артынша райынан қайтты. Геннадий Головкин World Boxing федерациясының президенті лауазымына өз кандидатурасын ұсынғанда ең алдымен бокстың Олимпия ойындарындағы болашағын күшейтуге барын салатынын айтты.
– Менің миссиям – бокстың олимпиадалық болашағын сақтау, осы спорт түріне сенімді нығайту. Спортшылардың, жаттықтырушылардың бокс федерацияларының дамуына серпін беріп, талпыныстарын қолдау – басты мұратымыз. Халықаралық Олимпиада комитетінің толыққанды мойындауына қол жеткізіп, 2028 жылы өтетін Лос-Анджелес, одан кейін 2032 жылы Брисбенде жалауы желбірейтін жазғы Олимпиада додаларындағы орнын нығайтуды мақсат етеміз, – деді Г.Головкин.
Отандасымыз World Boxing федерациясының президенті болып сайланса, Халықаралық спорттық ұйымды басқарған еліміздегі тұңғыш адам болмақ. Қазақ спортына өлшеусіз үлес қосқан Бекет Махмұдов Халықаралық бокс ассоциациясының (АИБА) вице-президенті қызметін 10 жылға жуық мерзім атқарды. 1996 жылдан 2006 жылға дейін халықаралық қауымдастық президентінің орынбасары лауазымын арқалағанда қазақ боксының қарқын алуына көп еңбек сіңіріп, жол ашты. Осы ұйымның қаржылық комиссиясының төрағасы, АИБА-ның Азия континенттік бюросының президенті қызметі жүктелгенде де абыройлы еңбек етті. Бекет Сапарбекұлы беделді ұйымда басшы болған жылдары еліміздің төрешілері халықаралық додаларда қазылық етті. 1996 жылы Атланта жазғы Олимпиадасында бокстан саңлақтарымыз 1 алтын (Василий Жиров), 1 күміс (Болат Жұмаділов), 2 қола (Болат Ниязымбетов, Ермахан Ыбрайымов) медаль олжалады. 2000 жылы Сидней төрін дүбірге бөлеген жазғы Олимпиада аламанына 10 салмақта тек 7 боксшымыз жолдама алып барды. Барды да, төртеуі финалға бір-ақ шықты. Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбрайымов ел мерейін үстем етіп, мейманамызды тасыта көк туымызды желбіретіп алтын медаль алды. Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдәбеков күміс медаль олжалады. 2004 жылы Афина жазғы Олимпия ойындарында Бақтияр Артаев – алтын, Геннадий Головкин – күміс, Серік Елеуов қола жүлдені қанжығасына байлады. Бекет Сапарбекұлы беделді ұйымның басшылық құрамында болғанда қазақ боксы жазғы Олимпиада додасында үздік үштіктен төмендеген емес. Ал бүгінде бір емес, екі олимпиадалық циклде боксшыларымызға алтын медаль бұйырмады.
World Boxing ұйымының президенттігінен үміткер Геннадийдің ұлына жүктелер жауапкершілік жоғары болмақ. Әзірге басты меже – негізгі бәсекелесінен басым дауыс жинау. Ұйымның қазіргі президенті Борис ван дер Ворст сайлауға кандидатурасын ұсынбайтынын мәлім етті. Демек отандасымыздың грек бәсекелесінен оқ бойы озық шығып, орасан дауыспен қара үзуіне мүмкіндік мол. Лайым солай болғай.