ӨКҚ брифингі барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Жанат Жүнісбековтің айтуынша, ауданда «Alacem» цемент зауытын қоса алғанда 9 өнеркәсіп орны жұмыс істейді. «Alacem» аудан өнеркәсібінің 87,6%-ын қамтамасыз етіп, 10 айда 1,2 млн тонна цемент өндірген. «Жоламан қиыршық тас зауыты» 807 млн теңгенің өнімін шығарып, өндіріс көлемін 44,1%-ға арттырды. Ал мамырда іске қосылған «Техаренда» ЖШС 77,3 млн теңгенің бетонын өндірді.
Ж.Жүнісбековтің айтуынша, өнеркәсіп өсімі – бизнеске қолайлы жағдай мен жаңа жобаларды іске асырудың нәтижесі.
2026–2028 жылдарға арналған инвестициялық пулға жалпы құны 1,4 трлн теңге болатын 9 жоба енгізілген. Олар іске асқанда 2500-ден аса адам жұмыспен қамтылады. Ең ірі жоба – «Шоғырландырылған құрылыс тау-кен компаниясы» ЖШС: жылына 50 млн тонна руда өңдеп, 860 мың тонна мыс концентратын және 5 мың тонна мыс катодын шығармақ. Жобаның құны – 1,3 трлн теңге, 2200 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар 2027 жылы жылдық қуаты 110 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіретін «Qazaq LNG Almaty» зауыты іске қосылады. Тікелей шетелдік инвестиция көлемі – шамамен 70 млн АҚШ доллары. Құрылыс кезінде 300, жұмыс барысында 70 адам еңбекпен қамтылады. Бұған қоса күн электр станциясы, мал бордақылау алаңы, әктас және асфальт зауыттарының жобалары қарастырылған.
Туризм де қарқын алып келеді: биылғы жартыжылдықта келушілер саны мен көрсетілген қызмет көлемі екі есе артты. «Алтынемел» ұлттық паркіне 10 айда 31,3 мың турист келген.
Аудан басшылығы инвестиция тартуды әрі қарай да басты басымдық ретінде жалғастыра беретінін жеткізді.