Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жаһандық экономикалық жүйенің бір бөлігі ретінде жаңа өзгерістерге бейімделуіміз қажет екеніне тоқталып, қаржы нарығындағы жағдайды шолып өтті. Биылғы басты тақырып инфляция екенін айтқан баяндамашы оның өте жоғары деңгейде екенін жасырмады.
– Бұл шынымен де басты мәселе. Бір жағынан, инфляцияны тудыратын көптеген сыртқы факторлар біздің бақылауымыздан тыс. Екінші жағынан, кейбір факторлар өзіміздің қабылдаған шешімдерге байланысты. Осы шешімдерді дәл қазір қабылдау қажет болды, – дейді Т.Сүлейменов.
Бас банк төрағасының айтуынша, жоғары инфляцияға сыртқы және ішкі факторлар ықпал етіп отыр. Кейінгі жылдары Ұлттық қордан көп ақша алынғаны да оның назарынан тыс қалған жоқ. Т.Сүлейменов осы ретте салық-бюджет саясаты инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді деп үміттенетінін жеткізді.
– Еліміздің бюджет тапшылығы 2,5-2,7%-дан 0,9%-ға дейін қысқарып, ал Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 5,5 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге азаюға тиіс. Бұл – фискалдық тұрақтылықты арттыруға бағытталған негізгі өзгерістер, – деп атап өтті ол.
Содан кейінгі біз жауабын күткен екінші мәселе – несие пайызы еді. Апта басында ғана Мәжілісте тұтыну кредиттері бойынша шекті жылдық тиімді мөлшерлемені 46%-дан 40%-ға дейін төмендету қажеттігін қарастыратынын мәлімдеген Ұлттық банк басшысы қаржыгерлердің конгресінде тұтыну кредиттері бойынша мөлшерлемелерді төмендету туралы соңғы шешім әлі қабылданбағанын айтты.
Т.Сүлейменовтің айтуынша, орта және ұзақмерзімді кезеңде ақша-кредит саясаты бейтарап сипатқа ие болуға тиіс. Яғни ол экономикалық өсімге де, оны тежеуге де тікелей бағытталмайды, басты мақсат – макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау. Бұл тұрғыда инфляцияны төмендету негізгі басымдық болып қала бермек.
ХIII конгресте сарапшылар қаржы дипломатиясының заңдылығын барынша сақтауға тырысса да бір-бірімен қайшыласқан пікірлер сырт көзге анық байқалып тұрды. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов мұнай-химия, газ-химия, полиэтилен сияқты жүйелі салаларда мемлекеттік кредит беру қажет екенін, онда отандық өнімнің көршілес мемлекеттермен табысты бәсекелестігі үшін миллиардтаған доллар қажет екенін атап өтті. Бұл ретте Ұлттық банк басшысы мемлекеттің араласуын шектеу және жеке инвесторлар бюджеттік қолдаусыз жұмыс істей алатын нарықты алмастырмау қажеттігін атап өтті. Ол жобаларды іріктеудің ашық критерийлерін, сондай-ақ жеке капиталдың қатысуымен синдикатталған несиелеуді жақтады.
«Халық банкінің» басшысы Үміт Шаяхметова іс-шарада мемлекеттік несиелендірудің өсу қарқыны жеке секторды банктік несиелендірудің өсуінен екі есе асып түсетінін атап өтті. Оның айтуынша, квазимемлекеттік компаниялар коммерциялық несиелендіруге шығып, мемлекеттік қаражаттың арқасында төмен мөлшерлемелер ұсыну мүмкіндігі есебінен бәсекелес емес жағдайлар жасайды. Ү.Шаяхметованың есептеуінше, нәтижесінде квазимемлекеттік компаниялардың сыртқы және ішкі қарызы 25 млрд долларға жеткен.
Ресей Орталық банкінің төрағасы Эльвира Набиуллина форумның пленарлы сессиясында орталық банктердің инфляциямен күрестегі қателіктері туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы өз елі де біраз кемшілік жіберіп алған.
– Егер сұраныс пен ұсыныс тепе-теңсіздікте тұрған сәтке жол берсе, инфляция жылдамдатылуы мүмкін. Сондықтан Орталық банк осындай жағдайда әрекет етуге міндетті, – деді ол.
Сонымен қатар Э.Набиуллина кейінгі жылдардағы инвестициялық құрылымның өзгеруі, атап айтқанда, автоматтандыру, өнімділіктің өсуі әлеуетті өсу қарқынын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.«Біз бұрын ұзақмерзімді өсімді 1,5-2% деп бағалаған едік, бірақ қазір оны арттыруы мүмкін инвестициялардың қуатты көлемін көріп отырмыз. Біздің міндетіміз – үкіметпен бірге өсімнің теңгерімді қарқынын, макроорнықтылықты және төмен инфляцияны қамтамасыз ету», дейді ол.
Алматы