Қоғам • Бүгін, 08:10

«Үркердің» жарығы мен көлеңкесі

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының еліміздің дамуындағы орны ерекше екенін атап айтып, оны дамыту мәселесіне ұдайы көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы мегаполистің орталығы мен шет аймақтары арасындағы теңсіздікті жойып, елорданың барлық ауданының тұрғындары үшін қолайлы болуын қамтамасыз ету міндетін қойды. «Аспанмен таласқан биік үйлер, ауқатты кварталдар мен кедей аудандар, жартылай қираған ғимараттар – бұл біздің жол емес. Жағдайды «теңестіру» керек. Әділетті қоғам құру осындай ұстанымнан басталады», деген еді ол.

«Үркердің» жарығы мен көлеңкесі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бүгінде Астананың шет жақ­тарында орналасқан 16 тұр­ғынжай алабы бар. Соның ең ірісінің бірі – «Үркер». Елорда орталы­ғынан он шақырымдай қашықтық­та бой көтерген шағын аудан кейінгі жылдары көркейе түсті.

Ең бастысы – үркерліктердің көкейкесті әлеуметтік мәселелері біртіндеп оң шешімін тауып жатыр. Зәулім ғимаратқа орналасқан № 12 қалалық емхана ұжымы жергілікті тұрғындарға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Үркерліктердің ден­саулығын нығайту мақсатында бұдан екі жыл бұрын «Нұра» дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілген. Тұрғынжай алабында футбол, баскетбол ойнап, әртүрлі жаттығумен айналысатын құрылғылар орнатылған бірнеше спорт алаңы бар. Көшелерге жаяужолдар салынып, жол қауіпсіздігіне мән беріліп жатыр.

Былтыр «Жайлы мектеп» бағдар­ламасы аясында жаңа білім ордасы – 2 мың оқушыға арналған № 33 орта мектеп салынды. Бұл «Үркердегі» жалғыз орта мектепте үш ауысым бойынша оқыту проблемасын толықтай шешуге мүмкіндік туғызды. Қазір Назым Хикмет көшесінің бойында тағы бір мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал Қожаберген жырау көшесінде тағы бір балабақша салына бастады.

Елорда орталығының әр тұсына қатынайтын автобустар саны жылдан-жылға көбейтіліп, бесеуге жеткізілді. Қала әкімдігі алдағы жылы «Үркерге» баратын жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

«Үркерде», негізінен, жеке үйлерде тұрып жатқан бір мыңнан астам отбасы былтыр қыста көмір жағу маша­қатынан біржола құтылды. Олардың тұрғынжайлары жалпы ұзындығы 88 километрдей магистралды газ құбырына қосылды. Биыл тағы 87,7 километр газ құбыры тартылып бітуге жақын. Осы игі іс келесі жылы толық аяқталуға тиіс. Нәтижесінде, шағын ауданның эколо­гиялық жағдайы жақсарып, күзгі-қысқы жылыту маусымында кешкілікте көшелерді тұмшалап тұратын қалың түтін біршама азайды.

Алайда, «Үркердегі» әскери қала­шық­тағы бірқатар үй магистралды газ құбырына қосылмай, әлі де көмір жағып отыр. Себебі олар – Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, құқық қорғау органдарының сардарлары уақытша тұрып жатқан қызметтік тұрғын үйлер. Сондықтан аталған мемлекеттік мекемелер өздеріне тиесілі тұрғынжайды газдандыру мәселесін қарастырғаны жөн. Бұған қоса, шағын ауданда тартылған магистралды газ құбырының елеулі бөлігі сары түсті сырмен боялмай, көшелердің сәнін кетіріп тұр. Мұның өзі құбырдың мерзімінен бұрын тозуына әкелетінін де ескерген жөн.

Биыл үркерліктердің үйлерін орта­лықтандырылған кәріз желісіне қосу жұмысы жалғасты. Мұнда кейінгі жылдары 14,4 километр кәріз құ­быры тартылып, жаңа кәріз-сорғы стансалары салынды. Бұл шаруа да шағын ауданның экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындар үйле­рінің жанындағы әжетқұдықтарды тазалауға жұмсайтын қыруар қаржысын үнемдеуіне септігін тигізді.

«Үркер» шағын ауданы тұрғын­дарының шешімін күткен мәселелері де аз емес. Мысалы, қазір тұрғындарының саны 36 мыңға та­қаған тұрғынжай алабында әлі күнге Халыққа қызмет көрсету орталығы жоқ. Екінші деңгейлі банк­тер де мұнда өз бөлімшелерін ашуға асығар емес. Салдарынан үркерліктер әртүрлі шаруамен елорда орталығына шапқылап, уақыты мен қаржысын шығындап жүр.

«Үркерде» ашық аспан астындағы жазғы сахнадан басқа, Мәдениет үйі де жоқ. Сол себепті шағын ауданда мәдени-көпшілік іс-шара өткізетін орын табу қиын. Тұрғындар өздерінің мәдени сұраныстарын қанағаттандыру үшін қала орталығына сапарлауға мәжбүр.

Тағы бір назар аударарлық жайт – «Қазпошта» акционерлік қоғамының пошта бөлімшесі болмағандықтан, үркерліктердің көбі газет-журналға жазылмайды. Өйткені, жазылған мерзімді басылымдары қолдарына уақтылы тимейді. Бүгінгі «Үркердің» жарығы мен көлеңкесі, міне, осындай.