«Көкпар – жай ғана ұлттық спорт емес. Бұл – біздің тарихымыздың қайнары, ерлік, ептілік пен бірліктің рәмізі. Бүгін Қарасай ауданына ең мықты ойыншылар өз шеберлігін, жеңіске деген жігерін, халқымыздың спорттық дәстүрлеріне деген құрметін көрсетуге жиналды. Мұндай сайыстар бұқаралық спортты дамытуға, ұлттық спорт түрлерін насихаттауға, жастарды патриотизм мен саламатты өмір салтына тәрбиелеуге ықпал етеді. Спортшыларға сәттілік, әдемі әрі әділ ойын, төзім мен жігер тілеймін», деді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Таңатаров.
Биылғы сәуір айындағы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, ұлттық спорт түрлері олимпиадалық спортпен қатар, ресми түрде басым бағыт ретінде танылды.
«Бүгінде елімізде ата-баба спортын дамыту жолында келелі істер қолға алынды. Қаржыландыру, инфрақұрылым, маман даярлау – мұның барлығы ұлттық спорт түрлерін жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», деді Алматы облысы ұлттық спорт түрлерін дамыту дирекциясының директоры Елдос Тілебалдиев.

Командалық көкпар лигасы біздің өңірде алғаш рет өткізіліп отыр. «Батыс өңірлік кезеңге» 5 команда қатысты. Жалпы 60-тан астам спортшы өздерінің ат үстіндегі шеберлігін, тактикалық дайындығын көрсетті. Сонымен қатар командалық көкпардың көрігін қыздырған тұлпарлардың төзімділігі мен ұлттық ойынға ерекше бейімділігі көрермен назарын аудартты.
Жарыстың бас төрешісі Сәбит Қасенов командалық көкпар – нақты тактикалық жоспарға құрылған, заманауи спорттық сайыс екенін, мұндай формат ірі турнирлерді жүйелі өткізуге, спортшыларды кәсіби деңгейде дайындауға, жастар арасында ат спорты мәдениетін дамытуға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.
Байрақты бәсекеде Қарасай ауданының командасы жеңіске жетті. Финалдық сайыста олар Жамбыл ауданының көкпаршыларынан басым түсті. Ал турнирдің қола жүлдесі «Кемертоған» командасына бұйырды.
Еске сала кетейік, қатысушылар финалдық кезеңге жолдама үшін бақ сынады. Онда батыс және шығыс өңірлерінің ең үздік командалары кездеседі. «Алматы облысы әкімінің кубогіне арналған командалық көкпар лигасының шығыс өңірлік кезеңі» 26–29 қараша аралығында өтеді. Ал финалдық кезең осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен, кубоктармен, сондай-ақ ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Көкпар ойыны Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, облыстық спортты дамыту орталығының, ұлттық спорт түрлерін дамыту дирекциясының және «Алатау» облыстық көкпар федерациясының қолдауымен өткізілді.
Алматы облысы