Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығына биылғы 31 наурызда «Тұран» арнайы экономикалық аймағы мәртебесі берілді. Құрылыстың бірінші кезеңінде 100 гектар аумақта сегіз өндірістік ғимарат бой көтеріп, жол мен инженерлік инфрақұрылым жүргізіліп жатыр. Жұмыс жыл соңына дейін толығымен аяқталады.
«Ал екінші кезеңде поли-винил-хлорид (ПВХ) өнімдері, тамшылатып суару жүйелері, ауыл шаруашылығы дақылдарын қайта өңдеу бағытындағы 7 жоба жүзеге асады. Бұған қоса индустриялық парк салу көзделген. Жалпы 185,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 1150 жұмыс орны ашылады. Орталық келесі жылы іске қосылады», деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев
Орал әуежайы маңында орналасқан «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығын» «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарады. Батыс Қазақстан облысында құны шамамен 140 млрд теңге болатын құрылыс материалдары, жиһаз, шыны, мұнай-газ жабдықтары мен пластмасса өндірісіне қатысты 16 жоба іске қосылмақшы.
Атақты Қорғас кешені екі арнайы экономикалық аймақтан тұрады. «Қорғас» «Қорғас» Халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы арнайы экономикалық аймағы аумағында жалпы құны 234,4 млрд теңгені құрайтын 41 жоба жоспарланған. Оның 8-і іске қосылды, қалғаны 2027 жылға дейін аяқталады.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» аймағында 64 қатысушы тіркелген. Мұнда 58,6 млрд теңгенің 32 жобасы жүзеге асырылып, 2300 жұмыс орны құрылды. Тағы 848,6 млрд теңгелік 32 жоба дайындық үстінде. Олардың қатарында жел энергетикасы қондырғыларын, энергия сақтау жүйелерін, металл бұйымдарын, кофе мен шай өнімдерін шығаратын зауыттар бар.
Инфрақұрылымды күшейту жобалары аталған орталықтардың өткізу қабілетін арттырып, өңіраралық сауда мен өндірістік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.