Білім • Бүгін, 08:33

Жеке мектептерге жаңа жүйе енгізіледі

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі жекеменшік мектептерге арналған мемлекеттік тапсырыстың жаңа жүйесі іске қосылды. Бұл – әзірге сынықтан өтуге тиіс қанатқақты жоба. Жаңа тетік қаржыландырудың ашықтығын арттыруға, мемлекет-жекешелік әріптестікті дамытуға, барлық баланы сапалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған.

Жеке мектептерге жаңа жүйе енгізіледі

Сурет: kursiv.media

Оқу-ағарту министр­лігі­нің дерегіне сүйенсек, кейін­гі жыл­дары елімізде жеке­меншік мектептердің саны шамамен мыңға жуықтап қалды. Білім саласындағы жеке бизнестің ұлғаюы – жақсы үрдіс. Алайда қазір мемлекеттік тапсырысты алу тәртібінде шикілік бар. Осыған дейін жүргізілген талдау жұмысының нәти­жесінде жекеменшік мектеп­тердегі оқушыларды есепке алу мен қаржыландыру бо­йынша сәйкессіздік анық­талды. Ұлттық білім дерек­қорында мемлекет есебінен қаржыландырылатын оқу орнында тіркелген балалардың іс жүзінде мүлдем басқа мектепте оқитыны белгілі болды. Ал жекелеген өңірлерде кейбір мектептер оқудан шығып кеткен оқушылар үшін де ақша алып отырған. Сондай-ақ білім қызметіне қатысы жоқ мемлекеттік сатып алу жүйесінде тіркелген ұйымдар анықталды. Мұның барлығы жүйеге реформа қажет екенін байқатып отыр.

Түйткілді мәселелерді шешу мақ­са­тында Қаржы министр­лігіне қарасты «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ жаңа ақпараттық жүйені әзірледі. Атал­­ған технология E-Qazyna.kz плат­­формасына енгізілген әрі пай­да­лану­шылардың жұмысын же­ңіл­дету­мен қатар деректердің дұрыс­тығын ба­қы­лау­ды күшейтеді. Жүйе­де оқушылардың саны мен контингенті, рұқсат құжатта­ры­ның бар-жоғы автоматты түрде тек­серіліп, білім саласындағы ақпарат­тық жүйе­лермен біртұтас болады. Ал қанатқақты жобаның опера­то­ры Бірыңғай әкімшілік бас­қаруды қам­тамасыз етуге Қаржы министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ бекітілді. Орталық ұйымдастыру-әдісте­мелік қолдауды жүзеге асырып, қатысушыларға кеңес беру, мониторинг жүргізу, қабылданған актілерге сәйкес төлем жүргізу қызметтерін атқарады.

Осы жобаны іске асырудағы негізгі рөл жергілікті атқарушы органдарға, соның ішінде білім басқармаларына жүктеліп отыр, олар мемлекеттік тапсырыстарды орналастырып, қорытынды есептерді бекітеді. Сондай-ақ келісім­шарт­тар жасап, «www.e-Qazyna.kz» веб-порталы арқылы көрсетілген қызмет туралы актілерді қабылдайды.

Келесі кезеңде бұл жүйеге білім саласын­дағы басқа да мемлекеттік қар­жы­лан­дыру құралдарын – гранттарды, шә­кірт­­ақыларды, жатақханада орын­дар­мен қамтамасыз ету және басқа да қол­дау түрін біріктіру көз­делген. Жаңа жүйе 12 қарашадан іске қосылды.