Форум • Бүгін, 17:40

Өңірлердегі кадр тапшылығы мәселесі қалай шешіледі?

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Астана қаласындағы «Конгресс орталығы» ғимаратында Мемлекет басшысының қатысуымен «Ауыл әкімдерінің диалог алаңы» тақырыбында республикалық форум өтті. Форум аясында  «Клиентке бағдарланған сервистік мемлекеттік қызмет: диалог, кәсібилік, ашықтық» тақырыбындағы арнайы панельдік сессия ұйымдастырылып, жергілікті деңгейдегі мемлекеттік басқарудың сапасын арттырудың түйткілді мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өңірлердегі кадр тапшылығы мәселесі қалай шешіледі?

Сессияны жүргізген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай ауыл әкімдерін тікелей сайлау, азаматтардың ел дамуына ықпал ететін маңызды шешімдер қабылдауға ат салысу мүмкіндігін арттырғанын атап өтті.

Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілердің қолданыстағы  саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер санатына енді үшінші – сайланбалы мемлекеттік қызметшілер санаты қосылады.

жазықбай

Осы орайда оларға қойылатын талаптар да өзгереді. Қызметке қабылдау, оны өткеру және тоқтату тәртібі жаңа мазмұнмен толықтырылады. Сайланған әкімдер енді өз өкілеттігі кезеңінде сайлауалды бағдарламаларында көрсетілген мақсаттар мен міндеттердің орындалуы бойынша тікелей халық алдында жауапты болады.

«Жергілікті әкімдердің кәсіби даярлығы мен біліктілігі, лауазымдық міндетін атқарудағы жауапкершілігі мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін анықтайтын факторлардың бірі. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау кезінде саяси партиялар өздері ұсынатын кандидаттардың тұлғалық жауапкершілігі мен кәсіби даярлығына баса назар аударып, олардың болашақта әкім болуға лайықтылығы үшін жауаптылықты өздеріне ала білуі керек. Агенттік өз тарапынан әкімдердің кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстарын тұрақты үйлестіруге қашан да дайын» деді Агенттік төрағасы.

Мемлекет басшысының ауыл әкімдерінің кәсіби даярлығын күшейту туралы тапсырмасын орындау мақсатында Агенттік Мемлекеттік басқару академиясы және «Amanat» партиясымен бірлесіп кешенді қайта даярлау бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарлама тек оқытуға ғана емес, ауылды басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі таңда 1800-ден астам ауыл әкімі оқытудан өткен.

жазықбай1

Өңірлерде кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 2023 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуды жоғары көрсеткішпен (GPA 3,33) аяқтаған түлектерді мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдау жүйесі енгізілді. Нәтижесінде, бұл тетік ауылдық және аудандық деңгейдегі кадр тапшылығын азайтуға нақты ықпал етіп, бүгінгі таңда 732 жас маман конкурссыз жергілікті деңгейдегі лауазымдарға орналасты.

Агенттік төрағасы басшылық лауазымдағы қызметкерлер үшін стратегиялық ойлай алу мен цифрлық шешімдерді меңгерудің, қоғаммен тиімді диалог жүргізе білудің ерекше маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара аясында жергілікті басқарудың тиімділігі, жаңа кадрлық  саясат, мемлекеттік аппараттың сервистік және клиентке бағдарланған жаңа үлгісіне қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды. Шараға қатысушылар өздерін қызықтырған түйткілді сұрақтарын ортаға салып, пікір алмасты.

Сессия соңында ұзақ жылдар мемлекеттік қызметтегі адал еңбегі және ауылдық өңірлердің дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар ауыл әкімдері «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.