Мемориалды тақта Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен жасалып, қаламгердің қазақ әдебиеті мен ғылымына қосқан өлшеусіз еңбегіне құрмет ретінде ашылды. Тақтаны ашу рәсіміне қатысқан зиялы қауым өкілдері Оразанбай Егеубаевтың азаматтық парасаты мен ұлт руханиятындағы тұлғалық орнын айрықша атап өтті.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен өткен конференцияға айтулы ғалымдар, жазушылар, Оразанбай Жұмағұлұлының туыстары қатысты. Іс-шараны М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, академик Кенжехан Матыжанов жүргізіп, Оразанбай Егеубаевтың қазақ әдебиеті мен фольклорын зерттеу ісіне қосқан өлшеусіз үлесін, шетелдегі қазақ мұрасын жүйелеудегі қайраткерлік қызметіне кеңінен тоқталды.
Жиын барысында шетел қазақтарының рухани мұрасын зерттеудің өзекті мәселелері жаңа қырынан қарастырылып, жазушының ғылыми мұрасының маңызы терең талданды. Соның негізінде қазақ әдебиетінің тарихы, шетел қазақтарының мұралары, Таңжарықтану және Оразанбай Егеубаевтың ғылыми мұрасы жөнінде мазмұнды баяндамалар мен естеліктер тыңдалды.
Атап айтқанда, ақын Светқали Нұржан «Ұлт тағдырын тұғырлаған тұлға», Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы «Қазақ әдебиетіндегі ұлттық қаһармандар», филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда «Көкбөрі немесе тағдыр тәлкегі» роман-эссесіндегі ұлт қасіреті», филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы «Таңжарықтанудың негізін қалаушы», филология ғылымдарының кандидаты Жұмашай Рақыш «Халық мұрасының жанашыры», жазушының ұлы Айдын Егеубаев «Әке туралы сөз» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, тарихшы Әлімғазы Дәулетхан, ақын Ербол Алшынбай, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мамашев жазушы мұрасының бүгінгі әдебиеттану мен руханияттағы орны туралы пікір білдірді.
Конференция аясында жазушы Сәли Садуақасұлының Оразанбай Жұмағұлұлына арналған «Қайран, Орекем-ай» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.
«Бұл кітап – мерейтой иесінің тұлғалық болмысын, адами қасиетін, шығармашылық және ғылыми жолын жан-жақты ашатын естелік-эссе жанрындағы құнды туынды. Автор онда Оразанбай Егеубаевтың Қытайдағы қазақ әдебиетін зерттеу сапарларындағы ізденістерін, архивтер мен қолжазбалар арасындағы тынымсыз еңбегін, сондай-ақ Таңжарықтану бағытын қалыптастырудағы рөлін кеңінен баяндайды. Мерейтойға арналған ғылыми-теориялық конференция мен мерейтой аясында жүзеге асқан шаралар жазушының ұлттық руханияттағы орнын жан-жақты айқындап, оның шетелдегі қазақтардың әдеби және фольклорлық мұрасын жинаудағы, жариялаудағы және ғылыми айналымға енгізудегі өлшеусіз еңбегін кең көлемде танытты», дейді Әдебиет және өнер институтының баспасөз хатшысы Нұр Мағазбеков.
АЛМАТЫ