- Финляндияның Рука тау-шаңғы курортында фристайлдың акробатика, могул түрлерінен әлем кубогінің бірінші кезеңі өтті. Бұл – рейтингтік турнир. Келесі жылдың ақпан айында Италияда ұйымдастырылатын қысқы Олимпия ойындарына жолдама алу жолында спортшылар рейтингтік ұпай жинауға ұмтылды. Фристайл-могул жаттығуынан іріктеу кезеңінде сүрінбеген Анастасия Городко (67,11 ұпай, 9-орын), Аяулым Әміренова (62,41 ұпай, 16-орын) үздік 16 спортшының қатарына өткен еді. Өкінішке қарай, медаль бұйырмады. Городко – 7, Әміренова 15-орынды місе тұтты. Әлем кубогінің бірінші кезеңіндегі іріктеу сайысында Юлия Галышева – 17, Юлия Феклистова – 29, Антон Бондарев – 37 , Максим Емельянов – 34, Павел Колмаков 14-орынды місе тұтты. Фристайл-акробатикадан Ұланбәкір Өмірзақов – 26, Дінмұхаммед Райымқұлов – 23, Асан Асылхан – 14, Шерзод Хаширбаев – 17, Ардана Маханова 28-сатыға орнығып, жүлденің ауылына маңайлай алмады.
- Конькимен жүгіруден жасөпірімдер арасында әлем кубогінің кезеңі мәресіне жетті. Италияның Коллальбо қаласында өткен сайыста жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Әсіресе Кристина Шумекова 1000, 1500, 3000 метр қашықтықта қарсыластарын шаң қаптырып, 3 алтын медаль олжалады. Алина Дауранова
500 метрге жүйткуде топ жарса, Инесса Шумекова күміс жүлдегер атанды. 1000 метрге жүгіруде қыздар арасында Дарья Важенина, ерлер сынында Дмитрий Осипенко күміс медаль иеленді. Бұл қашықтықта А.Дауранова мен Андрей Семёновқа қола медаль бұйырды. Д.Осипенко 1 500 метрге жүгіруден де қола жүлде алды. Масс-старт додасында Абылайхан Қайырғазы мәреге екінші болып жетіп, күміспен күптелді.