Экономика • Бүгін, 12:06

Қарағандылық ЖИ-стартап 400 мың инвестиция тартты

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Astana Hub қатысушысы 4sell.ai стартапы компанияны 4 млн долларға бағалау кезінде 400 мың доллар сомасында инвестиция алып отыр. Инвестициялық раундқа MA7 Ventures, MOST Accelerator Fund, Axiom Capital қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағандылық ЖИ-стартап 400 мың инвестиция тартты

Фото: astanahub.com

4sell.ai – әлемде баламасы жоқ AI-платформа. Ол сервистің сапасы мен клиент тәжірибесін өлшеуге мүмкіндік береді. Стартапты қарағандылық сыныптастар – Роман Белопольский және Константин Бальзин құрған.

Жүйе қызметкерлердің құрылғыларында тікелей жұмыс істейді: кассаларда, колл-орталықтарда және даяшылардың терминалдарында. Сервис бизнеске қосымша сатылымдарды арттыру арқылы табыс өсіруге, real-time кеңестердің көмегімен қателерді азайтуға, персоналды тиімді оқытуға және құпия сатып алушыларсыз – әр филиал мен қызметкер бойынша күн сайын ашық аналитика алуға мүмкіндік береді.

«Орташа чек көлемінің небәрі 8%-ға өсуі 50 кафе желісіне жылына 1 млн доллар қосымша табыс әкелуі мүмкін», дейді 4sell.ai компаниясының бас директоры Роман Белопольский.

Astana Hub мәліметінше, қызметкерлер стандарттарды орындағаны үшін лезде бонус алады – геймификация сервис сапасын бақылауды мотивация мен өсудің құралына айналдырады. Мотивация мен геймификация енгізілген соң, клиент желілеріндегі қосымша сатылымдардың үлесі орта есеппен +8%-ға, ал жекелеген қызметкерлерде 16-19%-ға жеткен. Hani желісіндегі алғашқы енгізулер орташа чек пен персонал белсенділігінің артқанын көрсетіп отыр.  Клиенттер қатарында HoReCa нарығының жетекшілері – SF, Zebra Coffee, Coffee Hub, сондай-ақ алғашқы дәріхана желісі Biopharma бар. Қазіргі клиенттердің жалпы филиал саны 200-ден асады.

Тартылған қаржы платформаны дамыту мен енгізу қарқынын күшейтуге бағытталады: даяшыларға арналған жаңа қосымша, self-service функциялары, жетілдірілген геймификация, сондай-ақ сөйлеу анализінің дәлдігін арттыру және edge-анализ форматына көшуге арналған R&D жасалады.

2026 жылы 4sell.ai 1000 нысанға дейін ауқымын кеңейтуді, өзін-өзі ақтау деңгейіне жетуді және АҚШ нарығына шығуға дайындықты жоспарлап отыр.

Роман Белопольскийдің айтуынша, MOST Accelerator Fund бағдарламасы даму мен фандрейзингке деген көзқарасты қайта қарауға көмектескен.

«Біз инвесторлармен дұрыс қарым-қатынас құруды үйрендік және командаға артық қателіксіз өсуге көмектесетін адвайзер таптық. Ауқымды кеңейтуге алғашқы серпін Қарағандыдағы Мұрат Әбдірахмановтың венчурлық ойлау туралы дәрісі болды. Сол дәрістен кейін біз өнімге жаңаша қарап, алғаш рет халықаралық нарық туралы ойлай бастадық. Бұл шараны ұйымдастырған Terricon Venture жетекшісі Мария Жирковаға алғыс айтамыз», дейді Роман Белопольский.

Айта кетелік, MOST Accelerator Fund – Орталық Азиядағы AI B2B стартаптарын қолдайтын, көлемі 10 млн долларды құрайтын венчурлық қор-акселератор. Қор портфелінде 10 команда бар, олардың барлығы қатаң іріктеуден өткен және халықаралық нарыққа шығу әлеуетін көрсетеді.

MA7 Ventures – Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпкер Мұрат Әбдірахманов негізін қалаған венчурлық экожүйе. Портфельде 60-тан астам жоба бар, инвестициялар көлемі 25 млн доллардан асады. Бұл – аймақтағы алғашқы пайда әкелетін венчурлық экожүйе.

Axiom Capital – корпоративтік B2B-бағдарламалық қамту саласындағы компанияларға маманданған венчурлық қор.