Енді қолданушылар ChatGPT интерфейсінде-ақ рецепт таңдаудан бастап, азық-түлік тізімін құрастырып, тапсырысты рәсімдеуге дейінгі барлық әрекетті орындай алады.
Компаниялар бұрын да әріптестік орнатқан: екі жыл бұрын Instacart өз қосымшасына ChatGPT негізіндегі іздеу жүйесін енгізген болатын. Сол арқылы пайдаланушылар кешкі асқа не дайындау керек екенін немесе диетаға сай мәзір таңдауды сұрай алатын еді.
Интеграцияның одан әрі күшеюіне Instacart-тың бұрынғы бас директоры Фиджи Симоның OpenAI-ға ауысуы әсер етті. Ол биыл мамырда компанияның цифрлық өнімдер бағытын басқаруға кіріскен.
OpenAI үшін бұл — қарапайым эксперимент емес, стратегиялық бағыт. Компания жаңа модельге бет бұрды: жасанды интеллект енді тек кеңес беріп қана қоймайды, пайдаланушы үшін нақты әрекеттер жасайды, тауарларды іздейді, салыстырады және тапсырысты автоматты түрде рәсімдейді.
Осыған дейін OpenAI ChatGPT-ді Booking.com, Canva, Coursera сияқты сервистермен біріктірген. Кейін Target, Intuit және басқа да ірі компаниялармен серіктестік орнатылды.
Мерекелік маусым қарсаңында OpenAI және Perplexity қолданушыларға тікелей қосымша ішінде тауар таңдау мүмкіндігін кеңейтті. Мысалы, ChatGPT-ден берілген бюджет пен параметрлерге сай ең жақсы ноутбукты табуды сұрауға болады. Adobe сарапшылары ЖИ-көмекті онлайн-шопинг көлемі осы қыста 520% өседі деп болжауда.
Жаңа сауда интеграциялары компанияға әлеуетті табыс көзін ашады: ChatGPT арқылы рәсімделген әр сатып алудан OpenAI шағын комиссия алады. Алайда сарапшылардың пікірінше, компания шығындарының көлемін ескерсек, бұл комиссиялар қаржылық балансына айтарлықтай әсер етуі үшін транзакциялар саны өте көп болуы тиіс.