Осы кампания аясында Астанада NazymPR коммуникациялық бутик-агенттігінің негізін қалаушы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Назым Жаңғазинованың, сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің қолдауымен «Қорғау» дағдарыс орталығында қайырымдылық іс-шарасы өтті. Бұл орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балаларға көмек көрсетіледі.

Дағдарыс орталығына электрлі плита, мұздатқыш, қамыр илегіштер, блендерлер, сондай-ақ балалар ойыншықтары, нәресте тағамы және өзге де қажетті тауарлар сатып алынды.
Әйелдер үшін нан-тоқаш өнімдерін әзірлеу бойынша шеберлік сағаты ұйымдастырылды, олар кәсіби косметологтан кеңес пен күтім алды.

«Бұл жерге түрлі әйелдер келеді, олардың қатарында көпбалалы, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар бар. Кез келген әйел үшін мұндай дағдарыс жағдайына тап болу өте қиын, олар абдырап, не істеу керектігін білмей қалады. Біз оларға: „Сіздер жалғыз емессіздер, қастарыңыздамыз“, дегенді жеткізгіміз келді», деді Назым Жаңғазинова.
Іс-шараға Мәжіліс депутаттары Максим Рожин, Болат Керімбек, Екатерина Смолякова, Самат Нұртаза, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен журналистер қатысты.
Мәжілісмендер «Қорғау» орталығындағы әйелдермен сөйлесіп, олардың өзекті мәселелерін талқылады. Көтерілген тақырыптар қатарында ажырасу кезінде мүлікті бөлу, жұбайының азаматтығының болмауы, аналардың балаларымен бөлек тұруы, серіктестің эмоциялық қысымы сынды проблемалар бар. Сонымен қатар ер адамдарға арналған психологиялық көмек орталықтарын ашу қажеттілігі туралы ұсыныс айтылды.
Депутаттар орталықтың қызмет алушылары мен өкілдерін тыңдап, әлеуметтік және құқықтық мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екендерін білдірді. Олардың қатысуы бұл тақырыптың маңыздылығын және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бәріміз жауапты екенімізді еске салды. Ұсыныстардың бірі - өңірлік әйелдер қауымдастықтарын дағдарыс орталықтарына жетекшілік етуге тарту.
«Мұндай орталықтар өте маңызды, бірақ оларға жүгінуге себеп болатын жағдайлар азайса екен дейміз. Жеке сектор мұндай бастамаларды белсендірек қолдаса, бұл көмек жүйесінің тұтастай күшеюіне ықпал етеді», деп атап өтті Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова.
«Қорғау» орталығында әйелдер психологтың, заңгердің, әлеуметтік қызметкердің көмегін ала алады және қажет болған жағдайда 6 айға дейін қауіпсіз жерде уақытша тұруға мүмкіндік бар.
Қорғау» орталығының жедел желі нөмірі: +7 (702-89) 2-97-77