Суретті түсірген Есенжол Исабек.
Біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырдың аяғы – VII ғасырдың басында Ұлы даланың тарихында жаңа кезең – ерте темір ғасыры басталғаны белгілі. Бұл дәуірді ғылымда «Тасмола мәдениеті» деп атайды. Атауы да Тасмола шатқалындағы ерекше жерлеу орындарымен байланысты. Дәл осы мәдениет Ертіс-Баян өңіріндегі ежелгі тайпалардың тұрмысын, дүниетанымын, соғыс және шаруашылық дәстүрлерін сипаттайды.
Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі қорындағы қанжар сол кезеңнің технологиялық мүмкіндігін айқын көрсетеді. Толықтай темірден соғылған қарудың ұзын, жіңішкере түскен жүзі мен қос жаққа созылған қандырасы оны тікелей соғыс не аңшылық мақсатында пайдаланғанын дәлелдейді. Сабындағы қос спираль түріндегі сәндік орам – Тасмола шеберлеріне тән көркемдік шешімдердің бірі. Уақыт тоздырғанымен, жәдігер өз дәуірінің эстетикалық талғамын айқын сездіреді.
«Тасмола мәдениеті – біздің өңіріміздің ең маңызды археологиялық кезеңдерінің бірі. Әсіресе темір бұйымдар, соның ішінде осындай қанжарлар, ежелгі тайпалардың әскери қуаты мен шеберлік деңгейін көрсетеді. Бұл жәдігер келушілерді қызықтырып, оларды сол заманның атмосферасына жетелейді», – дейді музей қызметкерлері.
Павлодар облысы