Маманның мәлімдеуінше, бірыңғай дистрибьютор арқылы 92 емдеу мекемесі дәрілік препаратпен қамтылды. Биылға 1018 атаумен дәрілер мен медициналық құрал-жабдықтарға тапсырыс берілген. 79 стационарлық емдеу ұйымына 18 млрд теңгеге 1005 атаулы дәрі мен медициналық бұйымдар сатып алынды. Амбулаториялық емдеу мекемелерінде 15 млрд теңгеге дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Барлық медициналық препараттар желтоқсан айында қоймаларға жеткізіп, келер жылдың басынан емхана, ауруханаларға таратылады. 2027 жылға мемлекеттік сатып алу келер жылдың мамырынан бастап жүргізіледі.
Ұ.Нұғманова өз сөзінде іркіліп қалған тегін дәрілер қатаң бақылауда болатынын, дәрі-дәрмекке сұраныс туындаса бір ұйымнан екінші ұйымға, тіпті өңірлерден тасымалданатынын атап өтті. Бұл шара аймақта дәрілік затқа тапшылық болдырмас үшін қажет. Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы №75 бұйрығына сәйкес қан қысымы, қант диабеті, талма ауруы, бронхиалды астма секілді дертпен есепте тұрғандарға, бүйрек, бауыр алмастырғандарға дәрілер тегін беріледі. Алайда министр бұйрығына өзгеріс енгізіліп, келер жылдан бастап қант диабетімен ауыратындар дәрі-дәрмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы алатын болды. Тек балалар мен жүкті әйелдер секілді әлеуметтік қорғалмаған топтағы азаматтар ғана сусамыр дертінің дәрілерін тегін алып отырады.
Сондай-ақ маман медициналық препараттарды міндетті таңбалау іс-шарасы дәрілік заттардың қара нарыққа өтіп кетуінің жолын біржолата қиғанын мәлімдеді. Өткен жылдың шілдесінен бастап енгізілген бұл талап дәрілік препараттардың нарықтағы қозғалысына бақылауды күшейте түсті. «СҚ-Фармация» өкілінің айтуынша, мемлекеттік сатып алу тек елімізде ресми тіркелген дәрілерге ғана жүргізіледі. Сондықтан оның қауіпсіздігі мен сапасына ешқандай күдік болмау керек. Мемлекеттік сатып алуда жергілікті дәрілік препарат өндіретін компаниялар мүддесі көбірек ескеріледі. Бүгінде тегін дәрілік заттар ішіндегі отандық өнімнің үлесі – 50%. Ұ.Нұғманова Президент тапсырмасына сәйкес оның үлесін келешекте 80 пайызға жеткізу жоспарда бар екенін айтты.
Шымкентте бұл жоспарды іске асыруға мүмкіндік жетеді. Өйткені қалада екі бірдей ірі кәсіпорын, «Химфарм», «ЭкоФарм Интернейшнл» компаниялары орналасқан. «Химфарм» биылғы 9 айдың ішінде 54 млрд теңгенің дәрі-дәрмегін өндірген. «ЭкоФарм Интернейшнл» 30 млн долларға 15 бизнес-жобаны жүзеге асырды. Бес өндірістік нысанды іске қосты. Соның нәтижесінде қазірде кәсіпорын бес жүзден астам адамды жұмыспен қамтып, бес мың атаумен медициналық бұйымдар шығарып отыр. Одан бөлек, шаһарда құрғақ қан мен биологиялық қоспалар, инсулин инесі мен вирусты анықтайтын тест талдамалары, сапалы медициналық таңғыштар, түрлі импланттар мен басқа да өнімдер өндіріледі. Дәрі-дәрмек өндірісін ілгерілету Мемлекет басшысының отандық фармацевтиканы дамыту туралы берілген тапсырмасын орындау аясында іске асып отыр.
Жоғарыда аталған іс-шараның №6 емханада өтуі тегін емес. Себебі ол қаладағы ең үлгілі емдеу мекемесі саналады. Осы емханада 20 жыл есепте тұрған Зілиха Омарова барлық қажетті дәрі-дәрмекті тегін алатынын жеткізді. Оның айтуынша, емханада дәрігерлердің бәрі де білікті мамандар. Сондықтан осы күнге дейін жеке клиникаларға барып қаралып көрмепті.
Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің қатысуымен №6 емханада Даму және ерте араласу орталығы ашылған. Онда 3 айлық пен 6 жасқа дейін балаларға скринингтік тексерулер жүргізіледі. Орталық меңгерушісі Қарлығаш Мамадалиеваның айтуынша, бүгінде балалар арасында тілдің кеш шығуы жиі кездесетін жағдай екен. Оған ең біріншіден телефон кінәлі болса, екіншіден ата-аналар балаларымен отырып әңгімелеспейді, жақын қарым-қатынаста болмайды дейді маман.
ШЫМКЕНТ