Экономика • Бүгін, 09:15

Игілікті еселеген инвестиция

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғалы бері еліміз экономикалық жағдайын да түзеп келеді. Алғашқы жылдардағы ахуал алаңдатқанымен, кейінгі тар­тылған капитал өндіріс­ке серпін беріп, сапалы жаң­ғырудың берік тірегіне айналды. Егемен елдің берік ұстындарының бірі – тұрақты экономика, тұр­лау­лы өсім. 90-жылдары бұған қол жеткізу оңай бол­мады. Алайда экономикамыз жыл­дан-жылға еңсесін тік­теп, әлемдік бәсекеге икемделіп келеді.

Игілікті еселеген инвестиция

Мемлекетіміз шекарасын шегендеп, байрағын көтерген сәттен бастап өз тағдырын өзі айқындауға бел шеше кірісті. Оның ішінде игілігі мол инвестиция саласына басым бағыт берді. Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің дерегінше, 34 жылдың ішінде еліміз шикізатқа сүйенген, мүмкіндігі шектеулі экономикадан Орталық Азиядағы жетекші мемлекетке айналған. Мысалы, Орталық Азияға келетін инвестицияның 60 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы сауда­ның 75 пайызы біз арқылы өтеді. Осы шо­ғыр­лану жаңа өндірістер мен цифр­лық жобалардың дамуына жол ашып отыр.

Өткенге үңілер болсақ, әуелден ашық экономика қағидатын таңдап, осы бағыттан айныған жоқпыз. Кейінгі 30 жыл ішінде ел экономикасына 400 млрд доллардан астам тікелей инвес­тиция тартылды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-сессиясында айтқан еді.

«Біз инвестициялық ағындардың барған сайын бөлшектеніп, саясиланып жатқанын көріп отырмыз. Соның салдарынан әлемде тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,5 трлн долларға дейін азайды. Қазақстан инвестиция саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңей­туді берік қолдайды. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде еліміздің экономикасына 400 млрд доллардан астам инвестиция тар­тылды. Ашық нарық қағидаттарына адал­­дығымыз мызғымас және ол мемле­кет­­тік саясатымыздың негізгі тірегі болып қала береді», деді Мемлекет басшысы.

Экономист Бауыржан Ысқақ осы жолдың қалай басталғанын, қандай кем-кетік­тер кеткенін, бүгінгі мақсаттардың қан­шалықты шынайы екенін байыппен таразылап берді.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын­дағы инвестициялық ахуал қажеттен туған шындық еді. Қазақстан инвес­тиция тартуды таңдау ретінде емес, экономиканы сақтап қалудың жалғыз жолы ретінде қабылдады. Өндірістік байланыстар үзілді, бюджет кірісі азайды, технология ескірді, ал ішкі капитал мүлде болған жоқ. Сондықтан шетелдік тікелей инвестиция негізгі құралға айналды. Мемлекет сол кезде инвестициялық саясатта барынша либералды бағыт ұстанды. Шетелдік инвес­торларға кең құқық берілді, салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылды, стратегиялық салаларға кіруге шектеу аз болды. Алғашқы ірі инвесторлар АҚШ пен Батыс Еуропадан келді. Мұнай-газ және тау-кен саласына ірі халықаралық компаниялар кірді. Кейін бұл қатарға Ресей мен Қытай капиталы қосылды», дейді экономист.

Расында, инвестицияның негізгі бө­лігі шикізат секторына бағытталған-тұғын. Бұл экономиканы тез көтеруге мүм­кіндік берді. Алайда уақыт өте келе анық­талғандай, экономика құры­лым­дық тұрғыдан бір салаға тәуелді болып қалды.

«Инвестициялардың 80 пайыздан астамы шикізат секторына, әсіресе мұнай-газ бен тау-кен өндірісіне бағыт­тал­ды. Бұл қысқа мерзімде экономиканы көтер­ді. Бірақ құрылымдық тәуелділікті қалып­тастырды. Уақыт өте алғашқы кезеңдегі жүйелі қателіктер айқын сезіле бастады. Біріншіден, көптеген келісімшартта инвестор мүддесі мемлекет мүддесінен жоғары қойылды. Екіншіден, жергілікті өндіріс пен кадр саясаты ескерусіз қалды. Үшіншіден, инсти­туционалдық әлсіздік байқалды. Кей­бір келісімшарттарда табыстың негіз­гі бөлігі сыртқа кетті. Жергілікті өндіріс пен кадр мәселесі ескерілмеді. Тех­нология келмеді. Құқықтық жүйе тұрақ­сыз болды, ережелер жиі өзгерді. Бұл да өз әсерін тигізді. 2000-жылдардың орта­сынан бастап инвестициялық саясатта бетбұрыс басталды. Саннан сапаға көшу кезеңі келді. Келісімшарттарда ұлт­тық мүдде күшейтілді. Жергілікті қам­туға қатысты талаптар енгізілді. Мем­лекеттің стратегиялық жобалардағы үлесі артты. Инвестицияларды қорғау және дауларды шешу тетіктері жетіл­ді­ріл­ді», деп елең-алаң кезеңді еске алды Б.Ысқақ.

Тарихты тарқатар болсақ, осы өзге­ріс­тер нәтижесін берді. Еліміз пост­кеңес­тік кеңістікте инвестиция ең көп тартқан елдердің біріне айналды. Мұ­най-газ кірістері есебінен Ұлттық қор құрыл­ды. Инфрақұрылым жаңарды. Көлік пен энергетика жүйесі күшейді. Макро­экономикалық тұрақтылық қалыптасты. Сонымен бірге шикізатқа тәуелділіктің әлсіз тұстары да айқын көрінді.

«Содан кейін барып еліміз инвестиция тартуда аймақта алдыңғы қатарға шықты. Артықшылықтары да арта түсті. Географиялық орналасуы, табиғи ресурс­тар, салыстырмалы макроэкономикалық тұрақтылық және мемлекет тарапынан қолдау экономиканы жандандыра түсті. Бірақ шектеу­лер де жеткілікті. Құқықтық жүйеге деген сенім әлі әлсіз. Бюрократия мен әкімшілік кедергілер сақталған. Кадр са­пасы мен технологиялық артта қалу мәселесі бар. Экономиканы әртарап­тан­дыру баяу жүріп жатыр. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвести­ция­лық бағыты осы мәселелерді шешуге бағытталған. Негізгі мақсат – шикізаттан тыс секторға инвестор тарту, өңдеу өнеркәсі­бін дамыту, инвестор үшін әділ және тұрақ­ты ережелер қалыптастыру. Осы мақсат­тарға жетуге мүмкіндік көп. Бірақ бірне­ше түбегейлі шарт орындалуға тиіс. Ереже­лер тұрақты болуы керек. Заң мен талаптар жиі өзгермеуге тиіс», деді экономист.

Ал экономист-сарапшы Қажыгелді Шам­былдың айтуынша, инвесторлар негізі­нен Америка мен Батыс Еуропадан келді. Теңіз бен Қашаған жобаларына шамамен 60 млрд доллар инвестиция салынды. Бұл жобалардың құны халықаралық ғарыш стансасының жарты бағасына пара-пар.

«Табиғи байлыққа бай Қазақстан жас мемлекет бола тұра шетелдік ірі инвес­торлардың сеніміне ие болды. Тәуелсіздік алғанына 21 жыл толғанда елге тартылған инвестиция көлемі Батыс елдерінің өзін таңғалдырды. 2012 жылы шетелдік инвестиция көлемі 28,9 млрд долларға жетті. Бұл – қысқа мерзім ішінде қол жеткізілген елеулі жетістік еді», дейді сарапшы. 

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 16:00

ЕАЭО отырысы Шымкентте өтеді

Саясат • Бүгін, 12:58