Қоғам • Бүгін, 08:05

Ауру – астан...

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ауру – астан» демекші, бүгінде тағам қауіпсіздігі – қоғамды үнемі алаңдатып тұрған мәселе. Сапасыз өнім­дерден туындайтын тағамдық уланулар мен ішек инфекциялары жылдан-жылға көбейіп, халықтың денсаулығына қауіп төндіріп отыр.

Ауру – астан...

Осы ретте Абай облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің (СЭБД) техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің басшысы Серікболсын Назарбеков Өңірлік коммуникациялар қызметі ала­ңында болған брифингте өңірде сатылатын азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылау туралы жан-жақты әңгімеледі.

«Санитариялық-эпидемио­логиялық бақылау органдары ЕАЭО техникалық регламенттері мен гигиеналық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін өнімге тұрақты мониторинг жүргізеді. Негізгі мақсат – талаптардың орындалуын тексеру. Осы жыл­дың 10 айында сала мамандары 784 тауарды тексерді, оның 441-і – азық-түлік: сүт, нан-тоқаш, құс еті, жұмыртқа, кондитер өнімдері. 42 тауар техникалық рег­ламентке сәйкес келмеді»,  деді С.Назарбеков.

Облыстық СЭБД-ның тамақ объектілерін бақылау бөлімінің басшысы Айгерім Мұсатаеваның айтуынша, тағам өнімдерін да­йын­дау барысында аса мұқият болатын біраз жайт бар.

«Бүгінде жиі кездесетін улану түрі – зиянды микроағзалар. Мұндай ауру тудыратын бактериялар өнімге бастапқыда жұғуы немесе дұрыс сақталмауы мен дайындалуы салдарынан пай­да болады. Организмге түскен жағдайда улануға әкеледі. Ин­фекция тасымалдаушылар тарақан, тышқан, егеу­құйрық, шыбын болуы мүмкін. Тағамнан уланудың алдын алу қарапайым гигиена сақтау, дайындау ере­желерін орындауға байланысты. Егер тағамнан жағымсыз иіс шықса немесе қышқыл дәм сезілсе, ондай өнімді тұтынбаған жөн. Қаптаманың ісінуіне де назар аударыңыз, бұл да өнімді жеу­ге болмайтынын білдіреді»,  деді А.Мұсатаева.

Маманның айтуынша, ішек инфекцияларының көптеген түрін толық жоюға кемінде 10 минут термиялық өңдеу қажет. Температура 70 градустан төмен болмауға тиіс. Дәл осы температурада қауіпті бактериялар жойылады.

«Тағамды бөлме температурасында екі сағаттан артық сақтауға болмайды, әйтпесе ішек инфекциясына шалдығу қаупі артады. Өнім толық өңделуге тиіс, сондықтан қайнатылған ет қуырылған етке қарағанда қауіпсіз. Сондай-ақ өнімдер кір қол арқылы да ластануы мүмкін екенін естен шығармау керек. Барлық шикі тағам алдын ала өңдеуден өтуге тиіс, көкөністер мен жемістерді ағын сумен жақсылап жуу қажет. Тауық жұмыртқасы сальмонеллез тасымалдаушысы болуы мүмкін», дейді А.Мұсатаева.

Сонымен қатар тауар тасымалдау ережесін қатаң сақтау керек. Шикі, дайын өнімдерді бір-бірінен бөлек сақтау, сонымен қатар дайын тамақты тоңазыт­қышқа қою алдында мін­детті түрде суыту қажет. «Ішек инфекцияларын көбейту қаупі, әсіресе, көше саудасында жоғары. Өнімді рұқсат етілген жерден ғана сатып алу керек, себебі ветеринарлық жағдайы белгісіз тағам өнімдері инфекцияға себеп болуы мүм­кін», дейді маман.

Облыстық СЭБД басшысы­ның орынбасары Раушан Фат­хуллина қазан айында Семей­де баланың кәмпиттен улану оқиғасы тіркелгенін айтты. Оқу­шы дүкеннен кәмпит сатып алып, оны жегеннен кейін өзін нашар сезінген.

«Микробиологиялық зерттеу нәтижесінде кәмпитте ішек таяқшасы тобының бактериялары анықталды. Сонымен қатар өнімде қазақ тіліндегі таңбалау болмаған, құ­рамы мен жарамдылық мер­зімі көрсе­тілмеген. Дүкенде тауарға ілеспе құжаттар, сапаға сәйкестік декларациясы, басқа да құжаттар болмаған. Кәсіпкер кәмпиттерді қолма-қол ақшаға көтерме базардан алғанын айтқан. Аталған фактіге қатысты жеке кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылды, қалған өнім тәркіленіп, жойылды», деді Р.Фатхуллина.

Қоректік заттардың жетіспеу­шілігі, құрамында бактериялар мен химиялық қоспалардың мол болуы адам денсаулығына зиян дейді мамандар. Сондықтан әрбір өнімнің шығу тегін, сақтау шарттарын, өндіріс сапасын қатаң қадағалау маңызды.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы арзандады

Қаржы • Бүгін, 18:00