Сахна сыртында ел көрмеген, біз білмейтін қаншама қажырлы еңбек жатыр. Соны ескергендей, биылғы марапаттау рәсімі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, сол Ғабеңнің: «Театр өнері – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер», деген қанатты сөзінен бастау алды.
Театр қайраткерлер одағы мен Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен дәстүрлі түрде берілетін бұл сыйлық ірі шаһарлардағы сахна қайраткерлерін ғана емес, еліміздің әр өңіріндегі жетекші мемлекеттік театрларды да бағалап келеді.
– Бәйгеден үміткерлер айтарлықтай көп және бірінен-бірі өткен мықтылар, үздіктерді анықтау оңайға түспеді. Сарапшы ретінде басынан аяғына дейін толық қатыстым. Ал драматург ретінде «Жыл драматургі» сыйлығын Қазыбек Аманжолға табыстауым – ерекше есте қалатын қуанышты жағдай. Көптен бері Өнер академиясында жас драматургтерді баулып жүргендіктен, олардың әрбір жетістігіне шын қуанамын. Театр өнері, ең алдымен, сол ұлттың драматургиясынан бастау алады, – дейді елімізге танымал драматург Сұлтанәлі Балғабаев.
«Еңлікгүл – 2025» сыйлығын табыстау салтанаты Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрындағы «Щелкунчик» балетінің алқызыл вальсінен басталды. Ал М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Узеир Гаджибековтің «Аршын мал алан» спектаклінен үзінді ала келген.
Сонымен «Жылдың ең үздік спектакльді жарықпен көркемдеушісі» жүлдесін Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрынан Әділжан Байшашақов әкетті. Ал «Жылдың үздік музыкамен көркемдеушісі» сыйлығы Шымкент қаласындағы орыс драма театрының қызметкері Владимир Куликовқа бұйырды.
«Жылдың ең үздік театр менеджері» атағы С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық музыкалық драма театрының белді қызметкері Досқан Сәкенге берілді. «Жылдың ең үздік театр туралы мақаласы» жүлдесін «Масадан корольге дейін» кітабы үшін Бейбіт Әлкеева алды.
«Жылдың үздік драмалық спектакльдер балетмейстері» аталымын «Раечка», «Сені сүйем», «Гамлет. Соңғы күндер» спектакльдеріндегі жұмысына Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры балетмейстері Салтанат Беймишева қанжығалады.
«Балаларға арналған спектакльдегі жылдың үздік шығармашылық жұмысы» жүлдесі Алматы Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрына, «Жылдың ең үздік театр суретшісі» жүлдесі К.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театрының қылқалам шебері Елена Кимге, «Театр өнеріне ұзақ жылдар сіңірген еңбегі үшін» аталымы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі, Қазақстанның халық әртісі Нүкетай Мышбаеваға, «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Түймехан Атымтаеваға, «Ең үздік жыл режиссері» марапаты Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрындағы «Қара», «Жармақ» спектакльдері үшін Жұлдызбек Жұманбайға, «Ең үздік жыл актрисасы» атағы Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық академиялық музыкалық драма театрының әртісі Залипа Төлеповаға бұйырды.
«Ең үздік жыл актері» сыйлығы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Шағуан Үмбетқалиевке «Гамлет. Соңғы күндер» қойылымындағы – Горацио, «Ревизор» спектакліндегі –Бобчинский рөлі үшін берілді.
«Еңлікгүл – 2025» сыйлығының биылғы иегерлеріне эстрада тарландары өнерден шашу шашты.
АЛМАТЫ