Фото: Ашық дереккөз
Ішкі істер министрлігі елімізде автокөліктерді ұрлаудың жаңа тәсілі пайда болғанын мәлімдеді. Қылмыстық схема логистикалық онлайн-платформаларды пайдалануға негізделген.
Тергеу деректеріне сәйкес, тапсырыс берушілер мен арнайы көлік тасымалдаушы хабарландыруларын Della және Fa-Fa.kz секілді сервистерге орналастырады. Көбіне бағыттар Алматы мен Алматы облысынан елдің өзге өңірлеріне қарай белгіленеді.
Осы хабарландыруларға қылмыскерлер жауап береді. Олар бір мезетте екі рөлге кіреді. Бірінде клиенттерге өздерін тасымалдаушы ретінде таныстырса, бірінде жүргізушілерге әлеуетті тапсырыс беруші болып көрінеді. Барлық шарт келісілген соң, жүк тиеген көлік қаладан ұзай бергенде, қылмыскерлер тасымалданған автокөлік немесе жүкті басқа жерге ауыстырып, ізін суытады.
ІІМ бұл схеманың қауіптілігі оның «заңды келісім» түрінде жасалуында екенін атап өтті. Құжаттар мен хат алмасу бар болғанымен, іс жүзінде жүк иесі де, жүргізуші де алаяқтардың құрбанына айналады.
Ведомство азаматтарға онлайн-платформалар арқылы тасымал ұйымдастырғанда сақ болуға шақырады. Атап айтқанда, тасымалдаушының құжаттарын мұқият тексеру, алдын ала төлем жасауға асықпау, маршрут пен байланыс деректерін нақтылау қажет.
Мамандардың айтуынша, бұл жағдай цифрлық қызметтер дамыған сайын қылмыстың да сол ортаға бейімделіп жатқанын көрсетеді. Сондықтан қауіпсіздік енді тек жолда емес, экранның арғы бетінде де қамтамасыз етілуі тиіс.