Көрме нағыз шығармашылық мерекеге айналып, «Астана Опера» театрлық қолөнер студиясының тәрбиеленушілерін, сондай-ақ еліміздің және әлемнің түкпір-түкпірінен дарынды балаларды театр күмбезінің астына жинады. Айта кетейік, «we are the world» жобасы – 2018 жылдан бері 60 елдің жас суретшілерін біріктіріп келе жатқан жаһандық бастама. Аталған жоба жас таланттарға Париждегі Лувр мен Лондондағы «White Cube» галереясынан бастап Мәскеудегі Ғарыш музейіне дейінгі беделді алаңдарда өз жұмыстарын ұсынуға мүмкіндік береді.
Биыл көрме үйлестірушісі Ирина Кусенова қатысушыларға ерекше әрі ғажайып театр тақырыбын ұсынды. Бұл ой балаларды одан сайын шабыттандырып, П.И.Чайковскийдің «Щелкунчик» көрсетілімдері қарсаңында дәл осы батыл ертегі кейіпкері көптеген жұмыстың негізгі бейнесіне айналды. Жас суретшілердің қаламындағы ағаш сарбаздар, перілер, тышқан патшалары мен жарқыраған шыршалар залды ғажайып күйге толтырды. Сондай-ақ К.Байсейітова атындағы Камералық залда «Астана Опера» балалар театр студиясы дайындаған мазмұнды концерт өтті.
«Осындай сахнада өз жұмыстарын ұсынып, диплом алу – жас қатысушылар үшін зор жетістік. Біз Астанадағы ғана емес, бүкіл Қазақстандағы арт-мектептермен және студиялармен ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Біздің балаларымыз бүкіл әлем бойынша, атап айтқанда, Лондон, Париж, Лос-Анджелес, Бейжің қалаларында өтетін көрмелерге қатысып жүр. Әр елдің өз көркемдік мектебі бар, бұл ерекшелік жұмыстардан айқын көрінеді. Қазақ балаларының суреттерінен ашықтық, жасампаздық және туған еліне деген сүйіспеншілік ерекше байқалады», дейді «We Are the World» халықаралық мәдени дипломатия қауымдастығының президенті Стефани Гаспар.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, «we are the world» – мәдениетаралық байланыстарды дамытуға, балаларға өздерін көрсетуге көмектесуге және өз күштеріне деген сенімділікті қалыптастыруға бағытталған ауқымды жоба. 2018 жылдан бері әлемнің 60-тан астам елінен балалардың қатысуымен 30-дан астам іс-шара өткізілді.
Ал келесі көрмелер Таиланд, Сингапур мен Италияда өтеді деп жоспарланса, 2026 жылы желтоқсанда жас суретшілер Парижде (Франция) қайта кездеседі.