Экономика • Бүгін, 12:58

Қымбатшылық қысып тұр: мегаполистерде күнкөріс қиындады

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кедейлік картасы кеңейіп барады. Бұрын ауыл-аймаққа ғана қатысты бұл мәселе енді ірі қалаларда айқын сезіле бастады, деп жазады Egemen.kz

Қымбатшылық қысып тұр: мегаполистерде күнкөріс қиындады

Фото: ашық дереккөз

2025 жылдың үшінші тоқсанында елімізде 1 миллионнан аса адам күнкөріске жетпейтін табыспен өмір сүріп отыр. Бұл ел халқының шамамен 5 пайызынан көбі. Ресми есеп бойынша, бір адамға қажет ең төменгі күнкөріс 60,9 мың теңге деп көрсетіледі. Бірақ шын мәнінде азық-түлік, коммуналдық төлем, жолақы сияқты күнделікті шығындар бұл сомадан әлдеқайда көп.

Аймақтар арасында  аз қамтылған адам ең көп Түркістан облысында тіркелген. Мұнда 194 мыңдай тұрғын, яғни әрбір оныншы адам кедейлік шегінде өмір сүреді. Бірақ бұл өңірде жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Ал Маңғыстау облысында керісінше, қиындық күшейген. Кедейлік деңгейі 8 пайыздан асып, 66 мыңнан көп адамды қамтыған. Абай мен Жетісу облыстарында да кедейлік бар, бірақ бұл өңірлерде бұл үдеріс азая бастады.

Ең алаңдатарлық жағдай ірі қалаларда болып тұр. Астанада кедейлік деңгейі пайызбен алғанда төмен сияқты көрінгенімен, нақты саны 44 мыңнан асып, бір жылда тағы көбейген. Алматыда жағдай одан да күрделі. Кедейлік шегінде өмір сүретіндер бір жылда 1,5 есе өсіп, 11 мыңнан асты. Шымкентте бұл көрсеткіш тіпті екі есе көбейіп, 11,6 мың адамға жеткен.

Мұның басты себебі – қала өмірінің қымбаттауы дейді мамандар. Жұмыс іздеп қалаға келгендердің бәрі бірдей тұрақты әрі жеткілікті жалақы таба алмайды. Ал баспана жалдау, азық-түлік, көлік пен қызмет бағасы мегаполистерде өте жоғары.

Статистика тағы бір жайтты көрсетеді. Орта деңгейдегі азамат айына шамамен 110 мың теңге жұмсайды. Ал кедейлік шегінде жүрген адамдардың табысы бұл соманың жартысына да жетпейді. Яғни табыс шығынды жабуға жетпей отыр.

3

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Аз қамтылған 1,1 миллион адамның басым бөлігі – көпбалалы отбасылар. 890 мың адам дәл осы санатқа жатады. Бұдан бөлек, 57,9 мың адамның табысы тіпті ең қарапайым азық-түлік алуға да жетпейді. Мұндай адамдар саны бір жылда 28 пайызға артқан.

Мамандар кедейліктің қалаларға қарай ауа бастауы әлеуметтік қолдау жүйесін қайта ойластыру қажет екенін айтып отыр. Себебі қаладағы кедейлік тек ақшаның аздығы емес, ол баспана мәселесі, тұрақсыз жұмыс және өмір сапасының төмендеуімен қатар жүреді.

Соңғы жаңалықтар