Тағзым • Бүгін, 08:05

Ескерткіш тақта орнатылды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл жазушы, халық мұрасын жинаушы Оразанбай Егеубаев­тың туғанына – 90 жыл. Осыған орай Алматыда жазушы тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылып, «Шетелдегі қазақ руханияты: жиналуы, жариялануы, зерттелуі» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Ескерткіш тақта орнатылды

Мемориалды тақта Алматы қалалық әкім­дігінің қол­дауы­мен жасалып, қаламгердің қазақ әдебиеті мен ғылымына қосқан өлшеусіз еңбегіне құрмет ретінде ашылды. Тақтаны ашу рәсіміне қатысқан зиялы қауым өкілдері Оразанбай Егеубаевтың парасаты мен ұлт руханиятындағы тұлғалық орнын айрықша атап өтті.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйым­дастыруымен және Жазушылар одағының қол­дауы­мен өткен конференцияға айтулы ғалымдар, жазушылар, Оразанбай Жұмағұлұлының туыстары қатысты. Іс-шараны М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Кенжехан Матыжанов жүргізіп, Оразанбай Егеубаевтың қазақ әдебиеті мен фольклорын зерттеу ісіне қосқан өлшеусіз үлесін, шетелдегі қазақ мұрасын жүйелеудегі қайраткерлік қыз­метіне кеңінен тоқталды.

Жиын барысында шетел қазақтарының рухани мұрасын зерттеудің өзекті мәселелері жаңа қырынан қарастырылып, жазушының ғылыми мұрасының маңызы талданды. Соның негізінде қазақ әдебиетінің тарихы, шетел қазақтарының мұралары, таң­жарықтану және Оразанбай Егеубаевтың ғылыми мұрасы жөнінде мазмұнды баяндамалар мен естеліктер тыңдалды.

об

Атап айтқанда, ақын Свет­қали Нұржан «Ұлт тағдырын тұғырлаған тұлға», Жазушылар одағы төр­ағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы – «Қа­зақ әдебиетіндегі ұлттық қа­һар­­мандар», филология ғы­лым­дарының докторы Гүлжаһан Орда – «Көкбөрі немесе тағдыр тәлкегі» роман-эссесіндегі ұлт қасіреті», филология ғы­лым­да­рының кандидаты Ақеділ Той­шан­ұлы – «Таңжарықтанудың негізін қалаушы», филология ғылымдарының кандидаты Жұмашай Рақыш – «Халық мұрасының жанашыры», жа­зушының ұлы Айдын Егеубаев – «Әке туралы сөз» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ тарихшы Әлімғазы Дәулетхан, ақын Ербол Алшынбай, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мамашев жазушы мұра­сының бүгінгі әдебиеттану мен руханияттағы орны туралы пікір білдірді.

Конференция аясында жазушы Сәли Садуақасұлының Оразанбай Жұмағұлұлына ар­налған «Қайран, Орекем-ай» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

«Бұл кітап – мерейтой иесінің тұлғалық болмысын, адами қа­сиетін, шығармашылық және ғылыми жолын жан-жақты ашатын естелік-эссе жанрындағы құнды туынды. Автор онда Оразанбай Егеубаевтың Қытай­дағы қазақ әдебиетін зерттеу сапарларындағы ізденістерін, архивтер мен қолжаз­балар ара­сындағы тынымсыз еңбегін, сондай-ақ таңжарықтану бағытын қалыптастырудағы рөлін кеңінен баяндайды. Мерейтойға арналған ғылыми-теориялық кон­ференция мен мерейтой аясында жүзеге асқан іс-шаралар жазушының ұлт­тық руханияттағы орнын жан-жақты айқындап, оның шетелдегі қазақтардың әдеби және фольклорлық мұрасын жинаудағы, жариялаудағы және ғылыми айналымға енгізудегі өлшеусіз ең­бе­гін кең көлемде танытты», дейді Әдебиет және өнер институтының баспасөз хатшысы Нұр Мағазбеков.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар