Қазақ даласында өсімдіктің сан алуан түрі өседі. Бір қызығы, таулы өлкеде өсетін өсімдіктерді жазық даладан кездестіре алмайсыз. Әр өсімдіктің құпиясы, өз сыры бар. Бұны да бабаларымыз жақсы білген. Айталық, бүгінгідей дамыған медицина жоқ заманда олар өсімдіктердің кейбір түрімен халықты емдеген. Осының бәрі ауыл баласына таныс дүниелер.
Кейіпкеріміз бала күнінде өсімдіктерді зерттейтін ғалым боламын деп еш ойламап-ты. Ұшқыш болсам деген. Әрине, бұл сол кезеңдегі көптеген баланың арманы еді. Кейін бұл мақсаты өзгеріп, дәрігер болсам дейді. Осы ойдың жетегімен орта мектепті бітіріп, Алматыдағы медицина институтына келеді. Десе де тағдырдан алыс кету мүмкін бе? Жас талапкердің бұл ойын қалада емделіп жатқан Сауранбек ағасы өзгертеді. «Сен одан да ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін таңда. Бітіргесін бір кеңшарға агроном боласың, партияға өтесің. Одан да жоғарылауың мүмкін», дейді. Сөйтіп, Қазақ ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне құжатын өткізеді. Барлық емтиханнан сүрінбей өтіп, оқуға түседі.
Өмір деген қызық. Кейде бірауыз сөз адам тағдырына әсер етіп жатады. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Әбиұлы туған жеріне оралып, алғашқы еңбек жолын кеңшарда агрономдықтан бастады. Алайда бар ойы – ғылымға құлаш ұру. Студент кезінен зерттеу жұмыстарымен айналысты. Оған институттағы ұстазы, қазақтың алғашқы ғалым микологі Бердіқұл Қалымбетовтің ықпалы көп тиді. Көрнекті ғалым біраз жыл Ботаника институтындағы өзі құрған «Споралы өсімдіктер биологиясы» зертханасын басқарды. Шәкіртінің бойынан ізденімпаздығын байқап, оны ғылымға баулыды. Бағыт-бағдар берді. Диплом жұмысына жетекшілік жасады. Тақырып беріп, кандидаттық диссертациясына жетекші болды. 1973 жылы жас зерттеуші кандидаттық еңбегін табысты қорғады. Сол жылы Қазақ ғылым академиясының Ботаника институтындағы «Споралы өсімдіктер биологиясы» зертханасына аға лаборант қызметіне қабылданды. Кейін «Эксперименттік микология» зертхана меңгерушілігіне тағайындалды. Зерделі маман мұны да бірден ұршықтай иіріп әкетті. Жемісті жұмыс істеді. Микология саласын індете зерттеп, оған талантты жастарды тартты. Жаңа мектеп қалыптастырды. Ботаника және микология саласы бойынша докторлық диссертациясын қорғады.
Белгілі ғалым 1995 жылы Ботаника және фитоинтродукция институтына басшылыққа келді. Бұл қызметті Әбиұлы табан аудармай он жыл атқарды. Осы жылдар аралығында ботаника, микология, фитоинтродукция саласында көптеген ірі жобалар қолға алынды. Бірнеше ғылыми зерттеу бағдарламасы жүзеге асты. Соның нәтижесінде, еліміздегі өсімдіктердің қазіргі жағдайы бүкіләлемдік биоалуантүрлілікті сақтау тұрғысында жан-жақты зерттелді. Табиғи өсімдіктердің аймақтық мәлімет қоры мен экологиялық картасы жасалды.
Биология ғылымы көп салалы. Соның ең ауқымдысы – ботаника, яғни өсімдіктер әлемі. Өсімдіктер болмаса жер бетінде тіршілік жоқ. Кейіпкеріміз өсімдіктер әлемінің ішіндегі микология саласын зерттеген. Шындығында, Сардарбек Әбиұлы – еліміздегі эксперименттік микология мектебінің іргетасын қалағандардың бірі. Негізі микология саңырауқұлақтарды зерттейтін сала. Сондықтан ғалым еңбектері еліміздегі табиғи және мәдени өсімдіктерді зақымдайтын тат саңырауқұлақтарын зерттеуге арналған.
«Жұртшылық саңырауқұлақтарды жақсы біледі. Оның жалпы түрі 100 мыңнан асады. Олардың дені көзге көрінбейді. Ауруқоздырғыштар болып келеді. Мысалы, астық тұқымдас дақылдарды көп ауруға ұшырататын – осы ауруқоздырғыш саңырауқұлақтар. Қазір біраз ел тамаққа тұтынатын саңырауқұлақтарды қолдан өсіріп жатыр. Мәселен, Қытай мемлекеті жылына 8–9 миллион тонна саңырауқұлақ өсіреді. Оны сонда барғанда көрдім. Әріптесім екеуміз он күн араладық. Бұл мемлекетте саңырауқұлақ өндірісі жоғары дамыған. Мысалы, бидай құрамындағы белок 18–20 пайыз болса, саңырауқұлақта ол 30 пайызға жақын. Тат саңрауқұлақтарды көп зерттедім. Еліміз – дәнді-дақылға бай. Алайда астық тұқымдас дақылдардың өте зиянды ауруларының қатарына осы тат саңырауқұлақтары да жатады. Бұлар бидай өнімін 20–30 пайызға дейін жойып жібереді. Тат саңырауқұлақтарының даму цикілі толық аяқталу үшін бір-біріне ұқсамайтын екі өсімдік – бидай мен бөріқарақат керек», дейді ғалым.
Білікті тұлға саналы ғұмырында басшылық қызметпен бірге, ғылым мен оқытушылықты қатар алып жүрді. Бірқатар жоғары оқу орындарында студенттерге дәріс оқыды. Шәкірт тәрбиеледі. Қазір ізбасарларының өзі бір қауым елге айналған. Ғалым 24 ғылым докторлары мен кандидаттарына, PhD докторларына жетекшілік етіп, қорғатты.
Біз осы мақаланы жазарда кейіпкеріміздің жақын шәкірттерімен әңгімелестік. Сонда олар ғалымның ұстаздық қасиеті мен кісілігін жоғары бағалайтынын айтты. Мәселен, ботаника ғылымдарының кандидаты Ұлдай Жетігенова ұстазының бірінші шәкірті болғанын мақтанышпен жеткізді. Сардарбек Әбиұлы бұл кісіні «алғашқы қарлығашым» деп еркелетіпті. Ал Микология және альгология зертханасының меңгерушісі Сәтбай Нұрашов саңлақ азаматтың аталған институтта отыз жылға жуық қызмет істеп, өнегелі із қалдырғанын тілге тиек етті.
«Қазір мен Сардарбек аға басқарған зертханаға он жеті жылдан бері жетекшілік етемін. Өз басым, ол кісіні ғылымдағы ұстазым санаймын. Осында қызмет істеген жылдары қаншама жобаны жүзеге асырды. Жұмысқа өте талапшыл. Ағамен бірнеше рет экспедицияға да шықтым. Сардарбек Әбиұлының бір ерекшелігі – үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысады. Жастарға жанашыр. Талай мәрте алдына барып, «осындай аймаққа экспедицияға барып, материалдар әкелейік» дегенде, бірден қолдады. Ол кісі Астанаға 2005 жылы қоныс аударды. Бірақ содан бері бізбен байланысын үзген емес. Одан кейін де ғалыммен Баянауыл, Қарқаралы, Бурабай және Солтүстік Қазақстан облыстарына экспедицияға барып, өсімдіктерге зерттеу жүргіздік. Біраз құнды материал жинадық. Осыған бастамашы болып жүрген тағы да сол кісі», деді Сәтбай Бақытбайұлы.
Сондай-ақ Ботаника және фитоинтродукция институтының аға ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Ләззат Қызметова ғылымға қызығушылығын оятқан оқытушысының экспедицияға барғандағы қызықты сәттерімен бөлісті.
«Қазақ ұлттық универсиетінің 4-курсында оқып жүргенде Сардарбек Әбиұлы бізге дәріс оқыды. Сол кезде менің биологияға бейімімді байқап, өзі басқаратын институтқа жұмысқа шақырды. Қазір осы ғылыми мекемеде 25 жылға жуық істеймін. Мен үшін Сардарбек аға – биология ғылымының шыңын бағындырған тұлға.
Ағаймен талай рет экспедицияға бардым. 2000 жылдардың бас кезінде қаржының тапшылығынан көбінесе Алматы облысының төңірегіндегі өсімдіктерді зерттедік. Таудың биіктігі әртүрлі. Соған қарай жердің ылғалы да басқаша болады. Осы ылғалдылыққа байланысты әртүрлі өсімдіктер өседі. Мәселен, тауға көтерілген сайын саңырауқұлақтың неше түрін кездестіресіз. Соларды қызықтап, тауға өрмелей береміз. Сардарбек ағаның бойы ұзын. Адымы кең. Ол кісі бір қадам басса, біз бес қадам аттаймыз. Кейде оған ілесе алмай, шаршаймыз. Алайда ағаймен жүрген өте қызықты. Кейде тамақ ішуді ұмытып, күннің қалай өткенін білмейміз. Сардарбек аға материалды көп жинасақ, көңілденіп ән салады. Халық әндерін керемет орындайды. Кейде оған біз де қосыламыз. Сосын даналыққа толы әңгімелер айтады. Әсіресе жастарға «ғылыми дәрежең қанша көтерілсе де адами қасиетіңді сақтандар», дейді. Өзім осындай парасатты ғалымның шәкірті болғаныма мақтанамын», деді Ләззат Аманқызы.
Тоқсаныншы жылдардың соңында Алатау етегіндегі әсем шаһардан еліміздің бас ордасы Арқа төріне көшті. Ұлы көшпен бірге ұлтымыздың сүт бетіне шыққан қаймақтарының біразы жас Астанаға бет бұрды. Олар елорданың рухани-мәдени, ғылыми ортасын қалыптастыруға көп үлес қосты. Осы зиялылардың қатарында Сардарбек Әбиұлы да болды. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры. Ғибратты ғалымның 250-ден аса ғылыми еңбегі жарияланған. Оның ішінде 9 монографиясы мен жоғары оқу орындарына арналған «Фитопатология» және «Заманауи микология» атты екі оқулығы бар. Бірқатар Еуропа, Азия, Африка, Америка елдерінде ұйымдастырылған ғылыми экспедициялар құрамында болып, көптеген ботаникалық, микологиялық материал жинады. Сондай-ақ 4 жыл БҒМ Жоғары аттестациялық комиссиясында біріккен «биология» және «ауыл шаруашылық» салалары бойынша эксперттік кеңесінің төрағалығын атқарды. Ғалымның тағы бір қыры – саяхатқа жиі шығады. Отызға тарта елге табаны тиген.
Қазір айтулы ғалым үлкен бір әулеттің иесі. Зайыбы Сәуле екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан ұрпақ сүйіп отырған ардақты ата мен аяулы әже. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған жылы Сыр бойында дүниеге келген сары бала бүгінде қазыналы қарияға айналды. Қазақы қасиетін жоғалтпады. Бекзат болмысын сақтады. Міне, салмақты басып сеңгірлі сексеннің төріне шықты. Бұл да тағдырдың сыйы.