Жапония астанасында жалауы желбіреген аламанға Жамбыл облысынан 7 спорт түрі бойынша 12 саңлақ қатысып, 1 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлдемен оралған болатын. Жекелей және командалық жарыстарда әулиеаталық спортшылар ерекше көзге түсті. Еркін күрестен Ғабит Есжанов 57 келі салмақта күміс медаль жеңіп алса, 74 келі салмақта белдескен Ғасыр Тұрғынбай қола жүлдені қанжығасына байлады.
Дзюдо спортынан да өңір спортшылары жоғары нәтиже көрсетті. Анна Краморова жекелей сында қола медаль иеленсе, әйелдер арасындағы командалық есепте күміс жүлдегер атанды. Бұл құрамда өнер көрсеткен Фериде Кара Оглы да командалық сынның күміс медалін жеңіп алды. Ал ерлер арасындағы командалық жарыста Айдос Түгелбаев бастаған құрама қарсыластарынан оқ бойы озып, алтын медальға қол жеткізді.
Кездесу барысында сөз алған өңір басшысы Е. Қарашөкеев ел намысын абыроймен қорғаған сайыпқырандардың жеңісті жорығы кейінгі толқын үшін үлгі-өнеге екенін атап өтті.
Салтанатты басқосуда XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаз-жүлдегерлеріне Тараз қаласынан берілетін 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің сертификаты, барлық жарысқа қатысушылар мен олардың жаттықтырушыларына Түркия мемлекетінде өтетін сауықтыру оқу-жаттығу жиынына жолдама табысталды.
Тараз