Қоғам • 30 Желтоқсан, 2025

Интернеттің базалық стансаларынан қауіп жоқ

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа технологиялардың адам денсаулығына кері әсері туралы ақпараттарды әлеуметтік желіден жиі кезіктіреміз. Соның бірі – 5G интернет желісіне қатысты деректер. Жылдам интернетке қосатын базалық стансалардан тарайтын радиотолқындар расымен адам денсаулығына кері әсер ете ме, әлде жұрттың айтып жүргені жай дақпырт па? Бұл сауалды саланы зерттеп жүрген маман, ғалымдар елордадағы халықаралық көрме орталығында «Радиотолқындардың адам ағзасына әсері туралы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында талқылады.

Интернеттің базалық стансаларынан қауіп жоқ

Басқосуға мемлекеттік орган, ғылыми қауым­дастық, халықаралық ұйымдардың өкілдері, медицина мамандары мен ға­лымдар қатысты. Әр спикер өзінің бағытына қарай радио­толқындар мен заманауи телекоммуникациялық технологиялардың адам денсау­лығына ықпалы туралы ғылыми деректерге, сараптамаларға, қолда­ныстағы санитарлық нормаларға сүйене отырып, ашық әрі түсінікті ақпарат беруге тырысты.

Бүгінде ұялы байланыс, интернет, 4G, 5G желілерінің дамуы өнеркәсіп, білім, қашықтан медициналық қызмет көрсету, «ақылды қала» жобалары сияқты көптеген салаға жаңа мүмкіндік ашып отыр. Бүгініміз бен ертеңімізді интернетсіз елестете алмайтын күнге жеттік. Жиын барысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникациялар комите­тінің өкілдері цифрлық транс­формацияның, азаматтар мен бизнеске қашықтан көрсе­ті­летін қызметтердің артуы теле­­коммуникациялық инфра­құры­лымға қосымша жүктеме түсі­ретінін атап өтті. Яғни уақыт өткен сайын қала, мейлі ауылдарда интернет тарататын базалық стансалар көбейеді. Комитет төрағасы Дамир Сейсембековтің айтуынша, базалық стансаларды көп салған сайын, керісінше, смартфонның сәулелену деңгейі азаяды.

«Базалық станса мен або­ненттік құрылғы (смартфон) арасындағы қашықтық сәулелену деңгейіне тікелей әсер ететін фактор. Смартфон базалық стансадан алыстаған сайын өз қуатын арттыруға мәжбүр болады. Ал базалық стансалардың жиі орналасуы, керісінше, абонент­тік құрылғылардың сәулелену дең­гейін төмендетуге мүмкіндік береді. Базалық стансаларды көбіне елді мекендерде, қаладағы ғимараттардың, тұрғын үйлер­дің үстіне орнатамыз. Осын­дай жұмыстарға қарап, радио­толқындар, электрмагнитті өріс адам денсаулығына кері әсер етеді деп күдіктенетіндер бар. Дамыған елдердің базалық стансаларға қатысты бекітілген нормаларына қарағанда біздегі нормалар 10 есе кем. Егер жылдам әрі сапалы мобильді ин­тер­­нетті пайдаланғымыз келсе, цифрлық жағынан дамыған ел болуды ұйғарсақ, онда базалық стансаларға бекітілген нормаларды шетелдегідей талапқа жеткізуіміз қажет», деді Д.Сей­сембеков.

Astana IT University аға оқы­тушысы, ғылыми қызметкер Гүлсая Нұржаубаева да елдегі базалық стансалардың адам денсаулығына кері әсері болмайтынын алға тартады.

«Бізде стансалар халықаралық ұйымдардың белгілеген ере­желеріне сай жұмыс істейді. Мем­лекеттік органдар тарапынан қадағаланады. Дөңгелек үс­телде өзге де әріптестер мұ­ның денсаулыққа тікелей кері әсері жоқ екенін айтып отыр. Менің де ұстанымым осындай. Тақырыпты зерттеу барысында ұққаным, 4G-мен салыстырғанда 5G технологиясы өте тиімді. Әрі электрмагнитті өрістің қуаты 4G-мен салыстырғанда едәуір аз. Халықаралық ұйымдардың кейінгі зерттеулеріне сүйене отырып, қабыл­даған өз ере­желері бар. Соған сүйенсек, электрмагнитті толқынның шекті рұқсат етілген деңгейі 200 мкВт/см² дейін қауіпсіз болып есептеледі. Бұл нормаларды АҚШ-тан бастап, бүкіл Еуропа, Қытай, Корея, Жапония сынды озық елдер ұстанады. Алайда ТМД елдері, оның ішінде біздің елде бұрынғы кеңес өкіметі тұсында қабылданған нормалар сақтаулы. Дамыған елдерде норма 200-ден 1000 мкВт/см² дейін рұқсат етілсе, бізде 10 мкВт/см² дейін қа­лыпты саналады. Халықаралық ұйымдардың зерттеуіне зер салсақ, қазір адам денсаулығына тікелей әсер етіп жатқан антенналар жоқ»,  деді Г.Нұржаубаева.

Дөңгелек үстелде радиофобия мәселесі де қаузалды. Сарап­шылардың пайымынша, мұндай құбылыс мобильді байланысты дамытуға белгілі бір деңгейде кедергі келтіріп отыр. GSM стан­дартындағы базалық стансалар тұрғын аймақтарда ұзақ жылдан орналасқанына, сол аралықта денсаулыққа байланысты жаппай теріс әсерлер тіркелмегеніне қарамастан, кейбір өңірде радиофобия салдарынан базалық стансаларды алып тас­тау жағ­дайлары әлі де кездеседі. Мұн­дай ше­шімдер аймақта байланыс са­пасының төмендеуіне әкеледі. Санитарлық-эпидемио­логиялық бақылау коми­тетінің өкілдері елімізде электрмагнитті сәуле­ленуге қатысты қатаң сани­тарлық нормалар қолданы­латы­нын еске салды. Атап айт­қанда, радиосигналдың рұқсат етілген шекті деңгейі
10 мкВт/см² болып белгіленген. Соны­мен қатар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, ғылыми-медициналық зерттеулерге кешенді метаталдауды жүргізуді көздейтін жол картасын іске асырып келеді.

Дөңгелек үстел қорытын­дысында спикерлер елімізде база­лық стансаларға қатысты қол­данылатын нормалардың халық­аралық стандарттарға сай келе­тінін атап өтті. Сондай-ақ қоғаммен ашық диа­логті жал­ғастырып, түсін­діру жұ­мысын күшейтуді алға тартты.

Соңғы жаңалықтар