Аталған бағдарлама спортшылар мен әуесқой пайдаланушылардың қозғалыс техникасын автоматты түрде талдап, жеке физикалық көрсеткіштеріне сәйкес жаттығу ұсынымдарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект алгоритмдері арқылы қозғалыстағы қателіктер анықталып, жаттығу процесінің тиімділігі артады.
Жобаның ғылыми жетекшісі – информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасының доценті, PhD Әділжан Кереев. Оның айтуынша, бұл жоба ғылым мен практиканың тоғысқан нақты нәтижесі.
«Жасанды интеллект негізіндегі бұл бағдарлама спорттағы жеке дайындықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ең маңыздысы – студенттер нақты өндірістік тапсырмаларды шешу арқылы заманауи технологияларды тәжірибеде меңгеріп жатыр. Жоба «Iron-BARS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тапсырысымен әзірленіп отыр», дейді жоба жетекшісі.
Жобаны іске асыруға «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасының студенттері Ерлан Аймұқанов пен Кирилл Пилипенко қатысып жатыр. Кирилл Пилипенконың айтуынша бағдарламаның қолдану аясы кең.
«Жүйе кәсіби спортшыларға да, спортпен әуесқой түрде айналысатын адамдарға да бейімделе алады. Бағдарлама пайдаланушының деңгейіне қарай жеке ұсыным береді», дейді студент.
Ал орындаушы Ерлан Аймұқанов: «Бағдарлама компьютерлік көру технологиясы арқылы адамның қозғалысын нақты уақыт режимінде тануға негізделген. Бұл жоба бізге машиналық оқыту мен деректерді талдау әдістерін практикада қолдануға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект жаттығу сапасын арттыруға нақты үлес қоса алады», дейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні ғылым мен инновацияны дамытудың негізгі тетігі болу қажет екенін атап өткен еді. Президенттің айтуынша, жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулер мен кадр даярлау – ел дамуының стратегиялық бағыты.
Осы тұрғыдан алғанда, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жүзеге асырылып жатқан бұл жоба еліміздегі қолданбалы жасанды интеллект зерттеулерін дамытуға, жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.