Ұлттық нейрохирургия орталығының қызметі мен даму мақсаттары да аталған стратегиялық бағыттармен толық үндес. Бүгінде Астана мен еліміздің бірқатар ірі қалалары медициналық туризмнің тартымды орталығына айналып отыр. Елімізге диагностика мен сапалы ем алуға көршілес елдермен қатар, АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінен де пациенттердің келуі отандық денсаулық сақтау жүйесіне деген халықаралық сенімнің артқанын, сондай-ақ медицинаның бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.
Осы бағытта Ұлттық нейрохирургия орталығы нақты нәтижелерге қол жеткізді. Орталығымызда шетелден келген 500-ден астам науқас ем қабылдады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Шетелдік пациенттердің географиясы да кеңейе түсті. Олардың қатарында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Әзербайжан, Украина, Грузия, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Нигерия, Канада, Беларусь елдерінің азаматтары бар. Сонымен қатар орталықта жоғары технологиялық «Гамма-пышақ» радиохирургиялық жүйесі табысты қолданылады. Бұл әдіс бас миындағы ісіктер мен тамырлық патологияларды ашық операциясыз, жоғары дәлдікпен емдеуге мүмкіндік береді.
Бүгінде «Гамма-пышақ» технологиясы арқылы 2200-ден астам науқас ем алды. Олардың ішінде шетел азаматтары, негізінен Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен келген пациенттер бар. Бұл деректер Ұлттық нейрохирургия орталығының өңірлік медициналық туризм орталығы ретіндегі маңызын айқын көрсетеді. Осы бағытта Ұлттық нейрохирургия орталығы нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Жақында Украинадан пациент мидағы ісік диагнозымен орталығымызға жүгініп, жоғары технологиялық операция жасатуға арнайы Астана қаласына келді. Операцияға дейін ол Орталық мамандарымен қашықтан кеңес алып, диагнозы мен емдеу тактикасын жан-жақты талқылады. Нәтижесінде науқасқа заманауи трансназалды әдіс арқылы операция сәтті жасалды. Бұл әдіс ісіктің нақты орналасуын, жоғары дәлдікті, заманауи жабдықты, мол клиникалық тәжірибені талап етеді, халықаралық практикада арнайы жабдықталған, кәсіби орталықтарда ғана жүзеге асырылады.
Медициналық туризмнің дамуы еліміздің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, денсаулық сақтау саласының экономикалық әлеуетін кеңейтуге, жаңа технологияларды енгізуге, медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Мемлекет басшысы атап өткен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін нығайтуға тікелей ықпал етеді.
Сонымен қатар кейінгі жылдары медицина қызметкерлеріне көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдаудың күшеюі – сала дамуының маңызды факторы. Еңбекақының артуы дәрігерлер мен медициналық персоналдың әлеуметтік мәртебесін көтеріп, мамандықтың беделін нығайтты.
Ұлттық нейрохирургия орталығы алдағы уақытта да инновациялық технологияларды енгізу, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, медициналық туризмді дамыту арқылы Мемлекет басшысы белгілеген жаңғыру бағытын іске асырып, халық денсаулығын нығайту ісіне үлес қоса бермек.
Серік АҚШОЛАҚОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, ҰҒА академигі