Қолдағы деректерге үңілсек, америкалық саяхатшы 1865–1868 жылдары Орыс – Америка телеграф қоғамының тапсырмасымен патшалық Ресей территориясын Беринг бұғазынан бастап, қазақ даласын көктей өтіп, көрген-білгенін қағазға түсіріп, әредікте фотода алып отырған.
Саяхатшы еліне оралған соң 1870 жылы Сібір өңірі мен қазақ даласында куә болған оқиғаларын хаттап-шоттап «Сібірдегі көшпелі өмір» атты кітап шығарған. Бұл туынды бұқараның қызығушылығын тудырғаны соншалық, 20 дүркін қайта басылып, әлем тілдеріне аударылған. Одан кейін 1891 жылы біз сөз етіп отырған «Сібір және айдау» кітабы жарық көрген.

Осы туындыда Ресей құрамындағы әкімшілік бірлік ретінде 1854 жылы құрылған Семей облысы, оның орталығы Семей қаласы және облысқа қарасты Өскемен уезі хақында біршама мәлімет жазып қалдырған. Осындағы назар аударатын дерек, автор Семейге жер аударылып келген А.Леонтьев деген саяси тұлғаның айтуынан, қалалық кітапханаға Абай деген қазақ келіп, орыс тіліндегі әлем классикасын оқитыны туралы естігенін баяндапты.
Сондай-ақ Өскемен уезіне қарасты Алтай стансасы (қазіргі Қатонқарағай ауылы) және бұл жерден Бұқтырма аңғары хақында: «Ауыл (станса) тау аңғарынан 3 500 фут биікте орналасқан, солтүстігі гүлді төбелер, оңтүстігінде алты фут қашықта Бұқтырма ағып жатыр. Айнала әртүрлі лашықтардан (киіз үйлерді айтады) құралған қазақтар қонысы. Бұл өлке Ертіс бойындағы құнарсыз жерлерге қарағанда көз қуантады...», деп жазып, осындағы қазақтар өмірінен фотолар түсірген екен.