Бизнес • 14 Қаңтар, 2026

Отандық тауар өндірушілер сертификат алу кезінде кедергіге тап болып отыр

22 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұған дейін елдегі өндірушілер 30 қаңтарға дейін Қазақстандық тауар өндірушілер реестрінде тіркелуі керек екенін жариялаған. Десе де отандық тауар өндірушілер сертификат алуы кезінде техникалық кедергілерге тап болып отыр. Бұл туралы бүгін Мәжіліс отырысында депутат Еділ Жаңбыршин мәселе көтерді, деп жазады Egemen.kz.

Отандық тауар өндірушілер сертификат алу кезінде кедергіге тап болып отыр

Фото: gov.kz

Еділ Жаңбыршин өңірдегі кәсіпкерлермен кездесу барысында арнайы реестрден сертификат алу мәселесі қозғалғанын айтты. Депутаттың айтуынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі кәсіпкерлерге аталған сертификатты алуға 1 ай уақыт берген. Осы талапты орындау үшін сайтқа жаппай кіру барысында сайт жүктемені көтере алмай бірнеше рет істен шыққан. 

Сондай-ақ ол елімізде газ өндіретін шетелдік компанияның аталған базаға кіре алмай отырғанына да назар аударып, мәселені шешу жолын Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбекұлынан сұрады. 

Өз кезегінде вице-министр реестрдің техникалық мәселелерін шешу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. 

«Ал газ өндіретін компанияның мәселесі Энергетика министрлігінің құзіретіне кіреді. Министрлік техникалық операцияларды белгілейді. Сол арқылы шығарылған өнім отандық деп саналады. Аталған сауалдың шешімін табу үшін Энергетика министрлігімен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», деді Олжас Сапарбекұлы.

Айта кетейік, бүгінгі Мәжіліс отырысында депутат Темір Қырықбаев сәбіз экспортына тыйым салуға қатысты шаруаларды алаңдатып отырған мәселерді көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдады.

Ал «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мүтәлі Әбүтәліп ел аумағында жасырын бақылауға арналған техникалық құрылғылардың бақылаусыз айналымы мен жаңа буындағы автомобильдер арқылы жеке деректердің шетелге кету қаупіне назар аударды.

Соңғы жаңалықтар