Сурет: azh.kz
Мұқағали бүкіл қазақ халқының дүниетанымын, шешендігін, адаммен қарым-қатынасын, табиғатпен байланысын, ешкімге ұқсамайтын ерекшелігін, бабалар мұрасын тұла бойына сіңіріп, жаңа әлемдік деңгейге көтеріп, соны арнаға салып берді. Басқалар сияқты космополит болғысы келмеді, ұлттық ақын болғысы келді.
Он жасында әкесі Сүлеймен соғысқа кетті. Сезімтал баланың жүрегіне тағдырдың алғаш тырнақ батырған тұсы осы еді. Әке махаббатын енді сезініп, түрлі қауіптің, қорқыныштың «әке» деген қорғаннан аттай алмай, балаң жүрегіне жігер ұялатып, от құйып жатқан кезінде, қорғаны қопарылып түсті де ойын баласынан, ой қаузайтын балаға айналып шыға келді. Әжесінің әлсін-әлсін күрсінісі, анасының еріксіз төгіліп кететін көз жасы оны ерте есейтті. Әкенің табалдырықты аттап кеткенінен бастап ол өзінің жетім екенін өмірінің соңына дейін ұмыта алмады.
Ақын жасы отыз бестен асқанда да өзінің жетімдігі алдынан қылтиып шыға беретін. Өз өмірінің қайғысын тағдырдың жазуы деп еңсергенімен, ұлтының жетімдігі, көрген қасіреті оның жан-дүниесін мылжалап жіберуге дейін барды.
Басқыншы елдің онсыз да аз ұлтты аштықпен қырып, көш бастар оғландарынан айырып, қалғанын ту-талақай бостырып жібергені кеудесіне шемен болып жабысып кетпей қойды. Ана тілінің аздаған топтың кеудесінде бозторғайдай шырылдап бара жатқанын байқады. Осы себепті, оны ойлар мүжіп, қазақ халқының алдында жан азабын тартты. Елін аяды. Жұбатып басынан сипағысы келді. Өмірінің соңына қарай өзінің ең биік суреткерлігін көрсеткен, шығармашылығындағы ең озық туындысы «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жазып шықты.
Қызғыштары қиқулап, қорғағанда,
Сорлағанға ұқсайды, сорлағанға,
Шүрегейлер айдынын қорлағанда,
Көкқұтандар қанатын қомдағанда...
Беу, дүние-ай, аққулар оралғанда,
Айдын көлдің иесі жол алғанда.
Жетісіп бір «Жетім көл» қалушы еді-ау,
Тынушы еді-ау, теңселген қара орман да.
Ел мен жері үшін алысып, басын оққа байлаған арыстардың тағдыры жүрегіңді солқ еткізбей қоймайды. Бұл жолдардан шүрегейлердің момын елді аяусыз қорлап, халық ретінде жойып жібере жаздағанын жазбай танисың. Осы елдің қорғанына айналар алыптар атылмай, сол момын елдің иелері «жол алғанда» қалай болар еді... Ақын осыны қиялдайды. Бұл жердегі «қара орман» қазақ ұғымында «халық» деген мағынада қолданылады. «Теңселген» деген сөздің астарында да орман тамырымен қопарылып қала ма деген қауіптің бар екенін де аңғаруымыз керек.
Бұл поэма Мұқағалиды әлемнің ең мықты ақындарымен қатар тұратын дәрежеге көтерді. Поэма – өзінің балалық шағынан көрген қиындықтары, соғыс жылдарындағы ұрпақ үшін қайрат көрсеткен аналардың ерлігі, қасиет пен тыйым, өсиетке құрылған ұлттың дүниетанымы, өз өмірі мен тағдыр алдындағы адамның шарасыздығы, қазақтың дүние күйіп кетсе де қастерлі ұғымдарға қарсы шықпайтыны, ұлт үшін киелі болып саналатын ұғымдар үшін әрекетсіздігі, күреспеуі, қазақ халқының жетімдік күйі, құрдымға батып бара жатқан дәстүр-салты, елінің ертедегі мамыражай бақытты ғұмыры, ашаршылық кезеңі, елдің негізгі егелерінің аяусыз өлтірілуі – осының бәрін толықтай қамтыған шығарма болды. Бір сөзбен айтқанда, бұл поэманы XX ғасырдағы қазақ халқының портреті десек қателеспейміз.
Айбек ЕРЕЖЕП,
ақын