Әлем • 16 Қаңтар, 2026

Аустралияда балалар 16-ға толғанша әлеуметтік желіні қолдана алмайды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аустралияда 16 жасқа толмаған жеткіншектер әлеуметтік желіліні пайдалана алмайды. Себебі заң рұқсат бермейді. Бұл ереже күшіне енгеннен кейін кемінде 4,7 млн бала мен жасөспірімнің аккаунты бұғатталды, деп жазады Egemen.kz.

Аустралияда балалар 16-ға толғанша әлеуметтік желіні қолдана алмайды

Комиссия төрағасы Джули Инман-Гранттың айтуынша, жетекші платформалар 16 жасқа толмағандардың аккаунт ашуына жол бермеу үшін нақты қадамдар жасап жатыр. Ол алғашқы нәтижелерді оң бағалап, бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын жеткізді. Сонымен бірге балалардың жасын анықтау тетіктерін жетілдіру және заңды айналып өту әрекеттерін болдырмау үшін технологиялық компаниялармен бірлескен шаралар күшейтілмек.

Бұған қоса комиссия кейбір балалардың тыйымды айналып өтудің жолын табуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дегенмен негізгі мақсат – жастарға келетін зиянды азайту және қоғамдағы қалыпты тәртіпті қалпына келтіру.

Аустралия премьер-министрі Энтони Альбанезе де бұл қадамдарға түсіністікпен қарайтынын айтты.

Алайда құқық қорғау ұйымдары бұл мәселеге сақтықпен қарап отыр. Digital Rights Watch ұйымының төрағасы Лиззи О’Ши аккаунттардың көптеп өшірілуін табыстың басты өлшемі деуге болмайтынын айтты.

«Кейбір жасөспірімдер өздерін қолдайтын ортасынан айырылды. Ал кейбіріне бұл шектеу керісінше зиян тигізді», деді ол.

Еске салсақ, Аустралияда 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын заң 2025 жылғы 10 желтоқсанда күшіне енді.

Шектеу Facebook, Instagram, Kick, Reddit, Snapchat, Threads, TikTok, Twitch, X және YouTube платформаларына қатысты. Заң талаптарын орындау толықтай технологиялық компаниялардың мойнына жүктелген. Егер олар барлық қажетті шараны қабылдамаса, 49,5 млн аустралиялық долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар