Іле ауданындағы №53 орта мектеп базасында өткен «EdTech & AI: Инновация және интеграция» тақырыбындағы іс-шара Парламент Мәжілісі мен «Amanat» партиясы төрағасының хаттамалық тапсырмаларына сәйкес «Daryn.ai» платформасында мұғалімдерге арналған жасанды интеллект курсын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Бұл бастамаға Алматы облысының білім басқармасы ұйытқы болды.
Іс-шараның ашылуында облыстық білім басқармасының басшысы Арайлым Төлеубекова жасанды интеллектінің білім жүйесіндегі стратегиялық маңызына тоқталып, оның сапалы білім берудегі рөлін атап өтті.
«Жасанды интеллектіні тиімді қолдану – уақыт талабы ғана емес, сапалы білімнің басты кепілі. Бұл бағытта мұғалімдердің кәсіби дайындығы мен заманауи көзқарасы шешуші мәнге ие», деді ол.
Тәжірибелік тренингке облыстық білім басқармасының өкілдері, әдістемелік орталық мамандары, аудан және қала білім бөлімдерінің басшылары, білім ұйымдарының директорлары, сондай-ақ «eData.kz», «Bilim Media Group (Bilimland)», «Daryn.AI» және «Алматыкітап» компанияларының өкілдері қатысты. Сонымен қатар «Daryn.ai» платформасы арқылы курстан өтіп, өз жобаларын әзірлеген педагогтер де тәжірибеcімен бөлісті.
Тренингтің негізгі мақсаты – педагогтерге жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, оқу үдерісін жекелендіру, даралап оқыту, кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау. Таныстырылым алаңында технологиялық компания өкілдері TEDx форматында өздерінің инновациялық шешімдері мен ұсыныстарын айтып, білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ой-пікірін ортаға салды.
Цифрлық технологияларды білім жүйесіне енгізу – оқыту сапасын арттырудың маңызды тетігінің бірі. Осы бағытта елімізде жасанды интеллектіге негізделген заманауи платформаларды білім ұйымдарына бейімдеп, тиімді қолданысқа енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді. Аталған бастаманың маңызы мен жүзеге асырылу барысы туралы «eData.kz» компаниясының директоры Санжар Кенжехан тілге тиек етті.
«Біз – «eData.kz» компаниясы еліміздегі «Google», «Canva», «Quizizz ai» деген компаниялардың ресми өкіліміз. Бұл құрылғылар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Ол білім саласының мамандары, мұғалімдер мен оқушыларға кеңейтілген мүмкіндік береді. Бұл – құжат айналымын автоматтандырудан бастап, ішкі оқу үдерістерін оңтайландыру және оқушыларға жекешелендірілген білім арқылы білім сапасын көтеруге бағытталған бірыңғай экожүйе. Сол үшін Алматы облысында қала мектептері мен ауыл мектептеріндегі білім сапасын теңестіру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Республика бойынша бұл платформаларға 13 облыс қосылған. Соның ішінде енді Алматы облысы да бұл тізімге еніп отыр», дейді С.Кенжехан.
Ал облыс ұстаздары өздерінің авторлық жобаларын таныстырып, жасанды интеллектіні сабақ барысында тиімді қолдану жолдарын нақты мысалдар арқылы көрсетті. Қатысушылар цифрлық білім ресурстарының мүмкіндіктері мен тәуекелдері, «EdTech» саласындағы заманауи трендтер және ЖИ құралдарын оқу үдерісіне интеграциялау мәселелері бойынша пікір алмасты.
Алматы облысы